ЖАС ҒАЛЫМДАР МЕН ЗЕРТТЕУШІЛЕР ҚОЛДАУҒА ИЕ

Жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекет тапынан қолдау жақсы үрдіске айналды. Мемлекеттік грандтарды еншілеп шетелдерге шығып, тарихымызды түгендеп, жаңашылдыққа талпынған жас ғалымдар қатары жылдан жылға өсе түсуде. Бұл үлкен қуаныш! Үлкен жетістік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамыр күні Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Ұлттық ғылым академиясының таяуда ғана күрделі жөндеуден өткен «Ғылым ордасы» ғимаратын аралап көріп, ғылыми қауымдастықпен кездесті.
Академик Қаныш Сәтбаев негізін қалаған қазақ ғылымының қара шаңырағына «Qazaq Stroy» құрылыс компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары барысында тарихи ғимараттың бастапқы архитектуралық келбетін сақтауға айрықша мән берілген. Мысалы, ғимараттың көптеген элементтері – қасбеті, едені, мәрмәр баспалдақтары, ішкі және сыртқы безендірулері бұрынғы үлгіге сай реставрациядан өткен. Бұдан бөлек, инженерлік желілер мен жиһаз-жабдықтар толықтай жаңартылып, ауа баптау, өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылған. Қазіргі кезде 6 павильонда жөндеу жұмыстары толықтай аяқталған. Ал қалған алтауында реконструкциялау жұмыстары қысқа дейін бітеді деп жоспарланып отыр.
Бұдан кейін, Мемлекет басшысы «Ғылым ордасының» акт залында жас ғалымдармен кездесті. Президент өз сөзінде шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайтынына назар аударып, бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет екенін айтты.
– Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс. Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда. Қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл – өте маңызды әрі көптен күткен құжат. Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де маңызды. Сондықтан Заңда ғылыми қауымдастықтың мүддесі барынша ескерілетін болады, – деді Мемлекет басшысы.Нақтырақ айтқанда, білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Осы ретте айта кеткен жөн, жас ғалымдарға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер мен қамқорлықтар көрсетілуде. Қазақстандық журналистер Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатовқа берген сауалдарының бірінде жас ғалымдардың әлеуметтік мәселелері туралы сауал тастаған болатын.
— Ғалымжан Жандосұлы, ғалымдарға грант, шәкіртақы, баспана алуға және зерттеу жүргізуге мүмкіндік бойынша қандай өзгерістер мен жаңалықтар бар?
— Ғалымдарға грант, зерттеу жүргізуге келесі өзгерістер мен жаңалықтар жоспарланып отыр: «Ғылым және технологиялық саясат» заң жобасында қарастырылған Технологияның дайындық деңгейін енгізу ғылыми нәтижелерді енгізуге және коммерцияландыруға дейін жылжытудың барлық кезеңінде қолдау көрсетеді. Бұл жүйе жобалар мен бағдарламаларды іріктеуге және қаржыландыруға неғұрлым жүйелі көзқарас қалыптастырады. Бұған қоса, зерттеулердің жай-күйі мен нарық пен өндіріске дайындық дәрежесін жүйелі түрде түсіну, перспективалық зерттеулердің мақсаттары мен міндеттерін тиімдірек анықтауды қамтамасыз етеді.
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай игі істер жас ғалымдарға ерекше серпін беруде.
Нағашыбай Қабылбек