ЖАС ҒАЛЫМДАР МЕН ЗЕРТТЕУШІЛЕР МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫНА ИЕ

Дамуға бет алған елдер жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттің қолдауына алады. Себебі  ғылымы дамымаған ел, ғалымдары жарымаған мемлекет ешқашан жаңашылдыққа ұмтылмайды.  Жас ғалымдарын қолдаған, қорғаған ұлттың алар асуы мол. «Жас келсе іске» дейді дана халқымыз. Алаштың айбарлы ақыны Мағжан «Мен жастарға сенемін» деп жырлауында үлкен мән жатыр. Жас ғалымдар – жаңа толқын. Жаңа технологияны меңгерген, әлемдік жаңалықтардан құлағдар! Сондықтан да олар, жастық жігермен, жастық жалынмен ғылымның жандануына серпін бермек. Мемлекетті ұшпаққа шығаруға күш салмақ.  Сол үшін де Қазақстан мемлекеті жас ғалымдар мен зерттеушілерге сенім артып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, отандық ғылымдағы мәселелерді шешу үшін, ғылыми және сарапшылық қауымдастықпен біріге отырып, ғылымды дамытудың 2020-2026 жылдарға арналған бағдарламалық құжаты әзірленді. Ел үкіметінің 2021 жыл 12 қазандағы қаулысымен бекітілген  «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасында «Ғылым» блогы енгізілді. Аталмыш блогта келесі төрт бағыт бар. Біріншіден – ғылымның кадрлық жағдайын жақсарту, сонымен қатар ғылыми қызметкерлердің санын 1,5 есеге көбейту. Бұл міндетке ғалымдардың жалақасын өсіру, постдокторантураға арналған «Жас ғалым» жобасы бойынша 1 мың грант бөлу, әр жыл сайын 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тәжірибе алмасуға жіберу жоспарланып отыр. Екіншіден – ғылыми эгожүйенің басқа жүйелермен бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Осы бойынша мемлекеттік ғылыми зерттеу институттары мен екі ұлттық университетті трансформациялау жоспарланған. Үшіншіден – ғылыми зерттеу жұмыстарын бағыт аясында ғылымды орталықтандыруды жетілдіру жоспарлануда.

Игі мақсатқа жету үшін Қазақстан да зерттеушілер санын көбейткісі келеді. Осы мақсатта гранттық бағдарламаларға миллиардтаған теңге бөлініп, жас ғалымдарға арналған ипотекалық бағдарлама іске қосылды. 2023-2025 жылдары ғылымның жалпы бюджеті 2020-2022 жылдармен салыстырғанда 3,3 есеге өсіп, 643 млрд теңгені құрады. Бұл ретте 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми бюджет 729,5 млрд теңгені құрайды.

Байқаулар нәтижесінде Ғылым және жоғары білім министрлігі 1981 гранттық қаржыландыру жобасын және ғылыми зерттеулерді бағдарламалық және мақсатты қаржыландыру бойынша 161 ғылыми-техникалық бағдарламаны жүзеге асырады. 2024 жылы жаңа ғылыми жобаларға конкурстар жалғасуда. Бұл жақсы нәтиже. Бұдан бұрын, жас ғалымдарды қолдау мақсатында 2022 жылы 35 жасқа дейінгі талантты жас ғалымдар үшін 50 мемлекеттік степендия берілген болатын. Екі гранттық конкурс нәтижесінде жалпы 315 жобада 1,5 мыңнан астам жас ғалым мен зерттеушілер өзінің ғылыми идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Тек қана степендиямен шектеліп қалмай, «Жас ғалым» жобасы аясында жас ғалымдарды жоғары оқу орындары мен ұйымдарға кеңінен тарту мақсатында подстдокторанттар үшін 1000 грантқа қаржы бөлінген. Осыдан-ақ жас ғалымдарды қолдау қандай деңгейде іске асырылып жатқанын көре аламыз. Осы кезекте «Жас ғалым» жобасы туралы тарқата айтсақ.

Ұлттық жобаны жүзеге асыру – ғалымдар мен зерттеушілердің санын 22 мыңнан 34 мың адамға дейін арттыруға, ғылыми зерттеу институттарының сапасын жақсартуға, ғылыми институттар жабдықтарын жаңартуға, индекстелетін халықаралық ғылыми журналдарда қазақстандық ғалымдардың жарияланымдары санын 2500-ге, сондай-ақ Ѕсімадо рейтингінде қазақстандық ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу ұйымдарын арттыруға мүмкіндік береді. Ғалымдарды гранттық қаржыландыру арқылы олардың идеяларын қолдау, зерттеу жұмыстарын ынталандыру, ғылыми әлеуетті арттыруға маңыз беріліп отыр. 2020 жылы алғаш рет гранттардың жаңа түрлері енгізілді. Бұл қатарға: коллаборацияға, қысқа мерзімді, жеке және басқаларға, бұл көптеген перспективалы ғылыми идеяларға мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.

Ғалымдарды қолдау отандық ғылымды жоғары деңгейге көтерудің бірден-бір жолы екенін мемлекетіміз ескеріп отыр. Жас ғалымдар мен зерттеушілерді қолдау аясында жоғарыда айтылғандай жобалар жоспарланып, біразы іске асырылып тың нәтиже көрсетуде. Бұл шаралар жастардың ғылыммен еркін айналысып, ғылымның еркін дамуына көмегін тигізеді. Сондықтан жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау аса маңызды жоба екенін ұғыныумыз қажет. Біз ғылымды игеру үшін соған қабілетті жастарды шығаруымыз керек. Ал сол жастарды шығарудың жолы мемлекеттік қолдау.

Нағашыбай Қабылбек