ЖАС ҒАЛЫМДАР ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ҚҰШТАР

Жоғары білімді жастар, оқып-тоқып қана қоймай, ізденістерге, ғылыми жаңалықтар ашуға көптеп талпынуда. Бұл мемлекет қолдауының арқасы. Жас ғалымдар мен зерттеушілер ел ертеңі. Олар ел дамуының көрсеткіші.
Тәуелсіздік жылдарындағы отандық ғылымның соңғы уақытта жеткен ең үлкен жетістігі аталған салаға жас мамандардың келуі болса керек. Өйткені олар шетелдік беделді жоғары оқу орындарынан алған білімімен, халықаралық өндіріс орындарынан жиған тәжірибесімен тың серпіліс ала келді. Қазақстандық ғылымның әлеуеті әлемдік аренада осындай жалынды жас ғалымдардың жаңалықтарымен және халықаралық рейтингтегі көрсеткіштерімен, өз саласындағы беделімен биіктей түсті.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаһандық ғылыми-техникалық революция жағдайында ғалымдар мен білімпаздардың рөлі бірден артады. Алайда ең бай елдердің өзі барлық сала бойынша жоғары деңгейде зерттеу жүргізе алмайды. Сондықтан табысқа жету үшін басым бағыттарды айқындап алып, ғылыми қауымдастықтың, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін жұмылдыру керек.
Жас ғалымдарға мемлекеттен берілген ең алғашқы қолдау жас ғалымдарға арналған грант десек, одан бұрын шығарылған маңызды шешімді ұмыт қалдырған болар едік. Елімізде жалпы зерттеушілер мемлекеттік грант арқылы күн көреді. Себебі жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында жалақы мардымсыз еді. Бұл мәселеде билік назарында. Сол себепті олар өздерінің ғылыми жобаларын грантқа қатысу арқылы мемлекеттен қаржыландырады.
Бұл ретте президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру, энергетика, атом энергетикасы, мұнай химиясы, геологиялық барлау, машина жасау, медицина, фармацевтика, биотехнология, ауыл шаруашылығы салаларын ілгерілетуге назар аударып, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, су ресурстарын тиімді басқару, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды болжау және оның алдын алу секілді маңызды міндеттерге кеңірек тоқталуға шақырады.
Иә, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ғалымдарды қолдау күшейді. «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдарға арналған гранттық бағдарлама әзірленіп, іске қосылды. Жалпы, 2021-2023 жылдар аралығында «Жас ғалым» жобаларын гранттық қаржыландыруға 4 конкурс, 2022-2024 жылдарға 3 конкурс және 2023-2025 жылдарға 1 конкурс өтті. Төрт байқаудың қорытындысы бойынша жас зерттеуші ғалымдар 462 жобаны іске асырып жатыр. Қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша бесінші конкурс аяқталу сатысында. «Жас ғалым» жобасын іске асыру ең алдымен инженерлік білімді дамытуға, техника мен технологияларды академиялық зерттеуге, постдокторанттарды ұстап қалуға және университеттер мен ғылыми ұйымдарға жас кадрлар ағынын арттыруға бағытталған. Бұдан басқа, 2020-2023 жылдар аралығында өткізілген жас ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурстар шеңберінде 451 жоба іске асып жатыр. Биыл гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстар шеңберінде жас ғалымдар 217 ғылыми зерттеуді жүзеге асыруда. Сонымен қатар, 2024-2026 жылдарға арналған жас ғалымдардың ғылыми зерттеулеріне гранттық қаржыландыру бойынша 103 жоба іріктеліп алынды. Жалпы, бүгінде жас ғалымдар 1500-ге жуық ғылыми жобаны іске асырып жатыр.
Жастарды ғылымға тарту мақсатында 2023 жылғы 19 қазанда Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдікті несие беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Отбасы банк 2023 жылғы 1 желтоқсанда келісім шеңберінде жас ғалымдарға несие беру бағдарламасын іске қосты. Осылайша, қазіргі уақытта аталған бағдарлама жүзеге асып жатыр.
Нағашыбай  Қабылбек