Жас ғалымдарға жаңаша серпін
Жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар аз емес. Егеменді елімізде жастар саясатының тұжырымдамасы да бекітіліп, ауқымды істер атқарылуда. Одан бөлек талантты жастардың жолын ашуда да ілкімді жобалар қолға алынып жатыр. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ қабырғасында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен оқу ордамыздың ұйымдастыруымен XIII «Инновациялық даму және заманауи Қазақстанның ғылымға деген сұранысы» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шараға Қырғызстан мен Өзбекстанның ғалымдары қатысты. Ғылыми конференция басталмас бұрын келген қонақтар фойеде ұйымдастырылған жас ғалымдардың инновациялық жобалар көрмесін тамашалады. Онда 3Д технологиялар, энергия үнемдеу, ақпараттық технологиялар, энергияның баламалы көздері, өндіріс қалдықтарынан жасалатын жаңа материалдар, агроөнеркәсіп саласындағы озық технологиялар сынды соңғы ғылыми жетістіктер ұсынылған. Ауқымды шараны университет ректоры, п.ғ.д., профессор М.Н. Сарыбеков жүргізіп отырды. Өз кіріспе сөзінде іргесі 2008 жылы қаланған жас ғалымдар кеңесінің жетістіктеріне тоқталды. Ғылым мен білімді қатар алып жүрген жас ағартушы ғалымдардың тың идеялары қоғамға серпіліс береріне сенім білдірді. ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Ғылым жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Сухраб Жапаров аталмыш Халықаралық конференцияның маңыздылығына тоқталды. Ғылымдағы жаңалықтар ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосатынын айта келе, конференцияға қатысушылардың жұмысына сәттілік тіледі. Келесі сөз кезегін алған Еуразия технологиялық университетінің ректоры Жанар Темірбекова «Инновациялық экономика: білімді тасымалдауда университеттің рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Өз баяндамасында ғылымның дамуында университеттің атқаратын рөліне тоқталды. Университет ағартушылықпен қатар ғылымның қарыштауына үлес қосатынын, одан әрмен инновациялық жаңалықтардың ашылуына түрткі болатынын атап өтті. Әрмен қарай жас ғалымдар жоғары оқу орындарының цифрлануын дамыту процесіндегі университеттің рөлі, ауыл шаруашылығындағы ГИС технологиялар, төтенше жағдайларға болжам жасау, қазақтың генетикалық қорын қалыптастыратын генетикалық тарих, 3Д технологияны қолдану арқылы ортопедиялық аяқ-киім әзірлеу тақырыптарында баяндамалар жасады. Конференция қорытындысында Тұңғыш Президент –Елбасы қорының «Үздік жас ғалымдар кеңесі», «Жастардың инновациялық потенциалы – 2019», «Үздік ғылыми мақала» байқауларының жеңімпаздары марапатталды.
Дедек Төлен