Жас кәсіпкерлер мектебі —  елдің ертеңі

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша басымдық бергені белгілі. Осыған орай,   Т.Рысқұлов ауданында  Жас кәсіпкерлер мектебі ашылып, өз  ісін бастауға ниеттілерге бағыт-бағдар көрсетілуде.  

Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі және аудандық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып ашқан тың бағыттағы мектеп ел игілігіне жастардың еңбегі мен қабілетін арнауды көздейді. Мұнда табысты кәсіпкерлер ауданның жас азаматтарына іс бастаудағы тиімді жолды көрсетіп, семинар-тренингтер, шеберлік класстарын өткізеді. Жыл басында құрылған мектеп алғашқы кездесуін ақпан айында облысымыздың мақтанышы, «Қазақстанның Еңбек Ері» төсбелгісінің иегері Сайрамбай Дөненбаевпен өткізген болатын. Сол жиында Еңбек Еріне біраз жастар көкейіндегі сауалдарын қойып, іскерліктегі табыстың кілті неде екенін сұраған.

–Еңбекпен есейген адам өмірдің ешбір қиындығынан қашпайды, қорықпайды, кезкелген кедергілерді бұзып-жарып өтеді. Мұраты биік азаматтың алмас қамалы жоқ. Сендер нағыз күш-қуаты тасыған шақтасыңдар. Бұл – қайтып оралмайтын уақыт. Осы уақытты тиімді пайдаланып, болашақтарыңа жарқын жол салыңдар. Адам істеген ісімен абырой табады. Әдемі сөйлеп, ісің керісінше шықса, ең үлкен ұят – сол. Қазір жастар «жұмыс жоқ» дегенді көп айтады. Тіршілік болған жерде жұмыс та көп, тек шын ниет болса. Мәселен, қазір көптеген шаруа қожалықтар ауыл шаруашылығы мамандарын таппай жүр. Солардың бірі өзіммін. Әрине, көбіміз таза да жылы кабинетте отырып, ақша тапқымыз келеді. Ал, оның арғы жағында үлкен қарбалас жұмыс жатқанын ескере бермейміз. Шынтуайтында, мал бабын тапқанға бітеді. Қаншалықты креслода отыратын басшы болғың келсе де тер төкпейінше құрметке бөлене алмайсың. Ал, ауыл шаруашылығы мол нәсіптің қайнар көзі. Жалқаулыққа жар бермей, «туған еліме не бере аламын?» дегенді үнемі қаперлеріңде ұстаңдар! –деп ағалық ақылын айтып, өзінің тәжірибесімен бөліскен еді.

Аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Бақтияр Асқар аудандағы мүдделі мекемелердің қатысуымен аудандағы кәсіпкерлер мен кәсіп ашуға ниеті бар жастардың басын қосып, тағы бір пайдалы жиын өткізілгенін айтады.

–Кездесуде жастар кәсіпкерлерлігін қолдау мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер жайында сөз қозғалды. Бірқатар замандастарым сол жерде өзінің жаңа ісінің жоспарын да жасап алды. Шындығында мемлекеттік бағдарламалар қаншалықты насихатталса да аймақтарда әлі де хабарсыз кісілер көп. Жиында жастарға мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтар жөнінде кең мағлұмат берілді. Енді алдағы уақытта ауданымыздың белгілі кәсіпкерлері Пазыл Сүлейменов, Шəмшіхан Искаков, Қонысбай Сағынбек сынды ағалармен кездесулер, семинарлар ұйымдастырамыз деп жоспарлаудамыз. Әрине, өз кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отырған жастарымыз да жоқ емес. Оларды да кездесулерге шақырып, табыскерліктегі тәсілдерін сұрап, тәжірибелерімен бөлісіп отыратын боламыз, -дейді.

Жастардың кәсіпкерлікке деген құлшынысын арттыруды көздеген мектеп талай пайдалы істің еркін қанат жаюына ықпал етіп, бастама боларына сенеміз.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында «Жұмыс, бұл – адам әл-ауқатының негізгі көзі. Жастар саясатының негізгі мәселесі жұмыспен қамту болып қала береді. «Фейсбукті» Марк Цукерберг 19 жасында, «Майкрософты» Билл Гейтс 20 жасында, «Apple» компаниясын Стив Джобс 21 жасында құрған. Бұл компаниялар жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, бюджетке қыруар қаржы түсіріп отыр. Олар өз бизнесін бастағанда ауқымды қаржы ресурстарына немесе үкімет қолдауына сүйенген жоқ. Халқымыздың «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөзі бекер айтылмаған. Біздің жастарымыздың бойында мұндай қасиеттер бар» деген еді. Қадамын енді басқан Жас кәсіпкерлер мектебінен Нұрсұлтан Әбішұлы атағандай әлемге танымал, табыскер кәсіпкерлердей іскерлердің бағыт алып шығарынан үміттіміз.

 

Төлен Дедек