Жас туристер Бурабайдың әсем табиғатқа елтіп, көліне шомылды.
Жас қонақтарды «Этноауыл» тұрғындарының қарсы алуы.
Ел бойынша «Рухани» жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасын жүзеге асыру республикалық өлкетану акциясы басталып алғашқы легі Ақмола облысында болды. Акцияға алғашқылар болып Қызылорда және Батыс Қазақстан облысының мектеп оқушылары Ақмола облысының киелі жерлерін үш күн аралап қайтты.
Қызылорда және Орал қаласынан пойызбен жеткен жас меймандарды Щучинскінің темір жол бекетінен облыстық білім басқармасының өкілдері, журналистер қарсы алды. Қарсы алу салтанатында Щучинск мектептерінің жас өнерпаздары концерттік бағдарламасын тамашалатып, қазақы дәстүрмен шашу шашып , көрікті Көкше өңіріне алғаш келген қадамдарына сәт сапар тіледі. Екі облыстан келген жас қонақтар топтарға бөлініп, Бурабайдағы «Звездный» балаларды сауықтыру орталығына жайғастырылды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенованың хабарлауынша, балалар алдағы үш күн бойы Бурабайдың өңірінде дем алып, көрікті, киелі жерлерді аралайды. Акция барысында түрлі мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылады.
– Бүгінгі күні елімізде жас ұрпақтың бойына отан сүйгіштік қасиет сіңіріп, білімді, саналы азамат етіп тәрбиелеу мемлекеттік денгейге көтеріліп отыр. Өйткені, Қазақстанның жарқын болашағы жастар. Сол үшінде шараның бастауы еліміздің ең әсем жері Бурабай баурайында мәні зор. Бүгін Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарының мектеп оқушылары бізге келсе, одан кейін ақмолалық балалар да сол аймақтарға саяхат жасайтынын, – Б.Дүйсенова атап өтті…
Жас қонақтардың салт атпен серуендеуі.
Акцияның алғашқы күні балалар Бурабай баурайдан алыс емес марал шаруашылығы маңында жақында ашылған көне дəуірдің көзін болған «Жайлау» этноауылында болды. Онда балалар қаз-қатар тігілген қазақтың ақшаңқан киіз үйлеріне кіріп, ұлттық тағамынан дәм татып, халық әндерін тыңдап, алтыбақан теуіп, атқа мініп, жайлаудың не екенін сезінгендей болды.
– Шынымды айтсам, Бурабайға келгеніме өте қуаныштымын. Табиғаты өте әсем, көз тартады. Бурабайдың сұлу табиғатын ғана тамашалап қоймай, қазақ халқының мәдениетімен танысып, жақсы көңіл-күйге бөлендім. Алдағы күндері Абылай хан алаңы мен музейінде болып, «Хан тағын» көзбен көретін боламыз. – деп, алғашқы дем алыс күнініні жайлы Орал қаласынан келген 8-ші сынып оқушысы Жасмин Бейсенғалиева ой бөлісті.
Бағдарлама бойынша Бурабай ауданындағы киелі жерлері «Абылай хан ордасы» тақырыбында әзірленген туристік маршрут бойынша сапарларын жалғастырды. Жас туристер Абылай хан алаңы, «Хан тағы», Абылай хан музейін тамашалады. Сонымен қатар, жақында қалпына келтірілген Бурабай кентінің музейі және «Бурабай Даму» визит орталығында болып, көрікті жердің тарихы мен бүгіні туралы біраз деректерге қанықты. Экскурсияның соңғы күндері жас қонақтар Көкшетау қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ашылған коворкинг орталығының жұмысымен танысты. Жас меймандар Ұлы Абылайханның орда тіккен киелі Көкше жерінде үш тәулік ойын сауық құрып, табиғаттың тамашасына елтіп, музей, муражайларды тамашалап, Ақмола өңірінің тарихына қанығып, шат шадыман аттанды.
Дахан Шөкшир.