Жасөспірімдер қылмысының алдын алу – барша қоғамның міндеті
Жыл өткен сайын елімізде жасөспірімдер қылмысы көбейіп бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Мәселен, өткен жылы Байзақ ауданында кәмелетке толмағандар арасында 5 қылмыс тіркелсе, Жуалы ауданында колледж білімгерлерінің қатысуымен 3 және Қордайда 2 қылмыс орын алған. Өкінішке қарай, бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың басым бөлігі ұрып-соғу және ұрлық секілді фактілерден құралған. Жалпы, жасөспірімдерді қылмысқа не итермелейді? Олардың мұндай жолға түсуінің себебі неде?
Менің төрағалығыммен өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында жасөспірімдер қылмысын азайту бағытындағы мәселелер қаралды. Басқосуда облыстық білім басқармасы мен полиция департаментінің кәмелетке толмағандар полициясы тобының, облыстық психологиялық қолдау орталығы мен аудан әкімдерінің орынбасарларының баяндамаларын тыңдадым.
Рас, жасөспірімдер арасындағы қылмыс санын болдырмау мақсатында республикалық деңгейде финдік «KiVa» жобасы, «ДосболLIKE» жобасы, облыстық деңгейде «Бестерек», «Komek Stop Bullying», «HR+» автоматтандырылған психологиялық-педагогикалық мониторинг жүйесі, «Кел, дос болайық!» жобалары іске асырылуда. Айта кетейік, мектепішілік есепке қойылған оқушылар саны 2023 жылы 395 болса, былтыр бұл көрсеткіш 490 оқушыны құрады. Ал, бүгінгі күні 587 оқушы мектепішілік есепте тұр. Өңірде 140 жасөспірім және 262 қолайсыз отбасы бар. Осы себепті, қылмыс санын азайту бағытында үшінші тарап – ата-аналар жауапкершілігін арттыру – маңызды. Өйткені, облыс көлемінде орын алған жасөспірімдер қылмысының 80 пайызы мектептен тыс уақытта болған.
Қорыта айтқанда, бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу, шалыс басқан жастарды түзу жолға салу – барша қоғамның міндеті. Ендеше, оғландарымызды қате қадам жасаудан сақтандыруға құқық қорғау органдары ғана емес, әрбір азамат жауапты болуға тиіс.