Жастар арасында қылмыс азайып келеді

Соңғы кездері елімізде жастар арасында қылмыстың көбейгені туралы жиі айтылуда. Бұл жұмыссыздықтың салдары екені ешкімге құпия емес. Дей тұрғанмен биылғы көрсеткіштерге қарап отырсақ облысымызда жағымды жаңалықтар аз емес секілді. Әсіресе жастар арасында қылмыстың азаюын басқа өңірлерге үлгі ретінде айтуға болады. Нақты айтсақ, Оңтүстік қазақстан облысында жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 307-ге азайыпты. Бұл облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Жас сақшы» және «Жас полиция көмекшілері», «Айбын» жобалары мен мекенжайлық көмек көрсету жұмыстарының нәтижесі болса керек. Бұл туралы жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, «Серпін – 2050» жобасы аясында Солтүстік аймақтардағы жоғары оқу орындарында 6500-ге жуық жас білім алуда. Ал колледждерде Оңтүстік өңірден 1000-нан астам студент оқып жатыр. Жалпы 4 жылда бағдарлама бойынша жоғары оқу орындарына оқуға қабылданған студенттердің 50 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысының жастарына тиесілі.  Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 2017 жылы 800-ден астам маманға жолдама берілген. Ал оның ішінде 300-ге жуық жас тұрғын үймен қамтамасыз етіліп отыр.

«Жастар практикасы» бағдарламасына 2017 жылдың 10 айдың қорытындысы бойынша 5294 жас тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 159 адамға өсті. Сондай-ақ, 2017-2020 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары ұдайы орындалып келеді. Мәселен, «Өлкетану» бағдарламасы аясында маусым-қыркүйек айларында облыстағы тарихи-мәдени орындарға жастардың экскурсиялары ұйымдастырылып, оған 5 мыңнан астам жас қатысты. Сонымен қатар, өңірдегі жазғы лагерьлерге жалпы саны 247,6 мыңнан астам жас барған», — деді Балмаржан Нарбекова.

 М. РАЙЫМБЕК,

ОҚО.