Жастар боксшылармен кездесті
Ақтаудағы «Достық үйінде» Рио олимпиадашылары жастармен кездесті. Шараны ұйымдастырушы — Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облыстық «Жас қанат» және «Жас Отан» жастар ұйымы.
Шара барысында маңғыстаулық жастар Берік Әбдірахманов пен Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовке өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауап алды.
— Бұл екі боксшы Ақтау қаласының мақтаныштары, көптеген жастарға үлгі болған азаматтар. Олимпиада ойындарында оларға жанкүйер болып, қолдау көрсеткен Маңғыстау жастары көп. Сондықтан біз Әділбек Ниязымбетов пен Берік Әбдірахмановқа ерек-ше құрметімізді білдіріп, елдің атын шығарғандары үшін алғыстарымызды айттық, — дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының Маңғыстау облыстық «Жас қанат» жастар ұйымының мүшесі Қамқа Күмісқалиева.
Кездесуге 150-ге жуық жас қатысты. Олардың басым бөлігі «Жас Отан», «Жас қанат» ұйымдарының белсенділері мен мектеп оқушылары. Біреуін спортшылардың карьерасы қызықтырса, біреуі жеке өміріне байланысты сұрақтарын жаудырды. Спортшылар өздеріне қойылған сауалдарға қуана жауап берді. Олимпиада ойындары кезіндегі қызықты оқиғаларын еске алып, керемет әсерлерімен де бөлісті. Жиын соңында қос боксшы өздеріне жанкүйер болған барша жұртқа алғысын айтты. Оларға «Жас қанат» пен «Жас Отан» ұйымдарының атынан жылы лебіздер айтылып, естелікке сыйлық табысталды. Ел мақтаныштары жастармен естелікке суретке түсіп, соңынан ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған флэшмобқа
қатысты.
Айман ОҢҒАРБАЙҚЫЗЫ