Жастар исламның шаблонынан шаршады

Зерттеулерге сүйенер болсақ, еліміздегі жастардың 69 пайызы өзін дінге сенетіндерге жатқызады. Соның ішінде 6,4 пайызы ғана өмірде діни нормаларды ұстанады. Қалған жастар (26,5 пайызы) діни өмірге белсенді араласпайды, діни нормаларды сирек сақтайды немесе діни өмірге (36,1 пайызы) мүлдем араласпайды. Алайда қыз-жігіттердің 25,2 пайызы діни экстремизмге ең түйткілді мәселенің бірі ретінде қарайды.

 

Өңіраралық бөлініс бойынша жастар ортасындағы діни экстремизмді жергілікті жердегі аса маңызды мәселе ретінде көрсеткендердің көшін Атырау облысы (72,5 пайыз), Ақтөбе облысы (34,7 пайыз), Батыс Қазақстан облысы (32,9 пайыз), Маңғыстау облысы (24 пайыз) және Нұр-Сұлтан қаласы (25,6 пайыз) бастап тұр. Біздің қоғамдағы алаңдатарлық мәселенің бірі – мемлекет растамаған діни некеге тұрғандар санының артуы. Мәселен, соңғы 10 жылда елімізде осындай 30 мыңнан аса неке тіркелген. 18 жасқа дейін некеге тұрған қыздардың саны 5 пайызға жетіпті. Демек, мемлекет жастардың әрбір мәселесіне терең үңіліп, толық көңіл бөлетін кез келді.

Күшті иммунитет қалыптастыру қажет

Жуырда елордадағы «Hilton» қонақүйінде Қазақстан және Ресей мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заман сын-қатерлері» атты IV халықаралық ғылыми-діни конференция өтті. Оның жұмысына Еуразия және Ұлы Жібек жолының бойындағы елдердің бас мүфтилері, дін қайраткерлері, дін саласындағы мемлекеттік органдар басшылары, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жастар жылы аясында өткен басқосуға Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. елдерден 300-ден аса делегат жиналды. Олар жастарды рухани жағынан тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды санасына сіңіру, теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда күш біріктіру секілді мәйекті мәселелерді ашық талқылап, шешу жолдарын іздестірді.
Жастарға дін институттары мен рухани көшбасшылардың ықпалы жөнінде сөз сөйлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев деструктивті көзқарастарға қарсы күшті иммунитет қалыптастыру қажеттігін айтты. «Әуелі радикализмнің шығу себептерін анықтап алғанымыз жөн. Оған жекелеген адамдардың гуманис­тік, интеллектуалдық және мәдени факторлары әсер етуі мүмкін. Сондықтан қазіргі заманғы за­йырлы мемлекеттің дін өкілдері мәдени, ғылыми және білім беру артықшылықтарын ескергені абзал» деді Дәурен Абаев. Оның па­йымдауынша, жастардың әлемді тануға деген дұрыс көзқарасын қалыптастыруға күш салғанда ғана іс оңға басады. «Бүгінгі жастар өз ой-пікірін ашық білдіреді. Олар бәсекеге қабілетті және өз білімін жетілдіруге үнемі ұмтылады. Ең бас­тысы, деструктивті көзқарастарға қарсы тұратын күшті иммунитет қалыптастырғанымыз дұрыс» деген ойын жеткізді министр.
Ресей мұсылмандары діни басқармасы және Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық, тату көршілік қарым-қатынастарды сақтаудағы жастардың атқаратын үлкен рөліне тоқталды. «Бүгінгі таңда жастар төзімсіздікке, радикализм мен надандыққа қарсы майдандағы ұрыс алаңына айналып отыр. Жас қыз-жігіттердің өз келешегіне ынтымақ пен текетірестің, достық пен жауласудың, бірігу мен жатсынудың қайсысын мұра етіп қалдыратыны санасының жетілуіне, рухани тәрбиесіне байланысты. Сол себептен, жастардың әлі уланбаған санасына қиратушы идеялардың сіңуіне жол бермеуіміз үшін ақылмен, байсалдылықпен бірлесіп әрекет етуіміз керек» деді Равиль Гайнутдин.

Жібек жолының рухани картасы

Басқосуда сөз сөйлеген бас мүфти, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Ұлы Жібек жолы елдерінің рухани картасын жасауды ұсынды. «Ұлы Жібек жолы тек сауда мен экономиканың, өркениет пен мәдениеттің орталығы ғана емес, түрлі діндердің таралу аймағы болғаны тарихтан белгілі. Ата дініміздің Жібек жолы бойындағы көптеген қалаларда терең тарала бастағанын айрықша атап өткім келеді. Тіпті тарихи деректерде ислам діні будда, христиан, зороастризмді ығыстырып, қанатын кеңге жайғаны айтылады. 853 жылы Тараз бен Мерке шаһарында христианның шіркеуі мешітке айналғаны жайлы сенімді мәліметтер бар. Біз, дін қыз­меткерлері, тарихшы-ғалымдар, зиялы қауым өкілдері тарихымыз­дың осынау сәулелі сәттерін жас ұрпаққа жан-жақты насихаттай бергеніміз абзал. Өткенсіз болашақ жоқ. Біз өткеннен өнеге алған халықпыз» деді бас мүфти. Оның пікірінше, рухани карта өскелең ұрпақтың тарих пен руханиятқа қатысты сұрақтарына жауап беретін бейне бір бағдаршам, шамшырақ болуы тиіс. Тарихынан тағылым алған ұрпақ діні мен дәстүрін үйлестіріп, өнегелі өмірін қалыптас­тырады.
Серікбай қажы Ораз бүгінде деструктивті діни ағымдардың мүддесі үшін, жастардың көзқарасын радикалдандыру мақсатында дінді саясиландыру қаупі барын ашық айтты. «Бұған қарсы тұрудың бірден-бір жолы – біздің діни танымымызды жаңарту. Қазіргі кезде мұсылман қауымының алдында діни доктрина және заң, догматизм, радикализм және экстремизмді жеңу сияқты күрделі мәселелерге деген ұстанымды өзгерту міндеті тұр. Дін қайраткерлері мен ғалымдары ислам өркениетінің ұлы мұрасын жетілдіру үдерісінде қозғаушы күшке айналуы тиіс. Мұсылман қауымы жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұруға күшін біріктіретін уақыт жетті» деп мәлімдеді бас мүфти.
Халықаралық ғылыми-діни конференцияға қатысушылар жиын соңынан арнайы резолюция қабылдады. Ол құжатта Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан елдердегі мұсылман қауымының қазіргі заманғы сын-қатерлермен күресудегі ұстанымы мен түпкі мақсатының бір екендігі айтылған. Сондай-ақ жастар арасында экстремистік идеялардың зияндылығын түсіндіруде діни көшбасшылардың, имамдардың, мұсылман оқу орындары оқытушыларының бірлескен күш-жігерінің ерекше маңыздылығы көрсетілген. «Жастарды әлеуметтендіруде мешіттердің рөлі айрықша. Жас мұсылмандарға моральдық жағынан беделді адамға айналуы үшін бүгінгі заманғы имамдарға қандай талап қойылуы тиіс деген мәселе кеңінен талқыланды» делінген резолюция мәтінінде.

Имамдар мешіттен шыққысы келмейді

Теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай жастарды жат ағымдардың ықпалынан сақтандырудың тура жолы ұлттық құндылықтарымыз­ды санасына сіңіру екенін айтады. Ол жазылмаған қағидаларды білмейтін жастардың адасатын жолға түсіп жатқанына қынжылады. «Қазір терроризм, экстремизм бабымен сотталып, түрмеге түскендердің дені – ­19-29 жас аралығындағы жастар. Бұдан нені аңғаруға болады? Біз жастарға исламның шаблонын, қағидалардың жиынтығын түсіндіріп келеміз. Шындығында, жастар бұл шаблоннан шаршады. Өмірде бәрі жазылған қағидалардан тұрмайды. Демек, жастардың санасына әуелі дәстүріміздегі жазылмаған қағидаларды сіңіруден бастаған жөн. Бүгінгі жастардың ең күрделі проблемасы – салтын, дәстүрін білмейді. Соның әсерінен исламға наразылық туындауда. Ислам – мәдени болмысымыздың мазмұны. Оны жастарға өзінің тілін, тарихын, мәдениетін, руханиятын түсіндіру арқылы бере аламыз. Қазақтың даласында сонау VIII ғасырдан Абайға дейінгі аралықта бізге бабаларымыздан қандай мұра қалды? Міне, алдымен сол мұрамызды насихаттайық» дейді сарапшы.
Теолог-ғалым өз халқының салт-дәстүрінен бейхабар кейбір жастардың басына шәлде орап, қысқа балақ шалбар кигенін кеш түсінгенімізге өкінетінін айтады. «Бір өкініштісі, ұлттық дәстүрден хабарсыз кейбір жастарымыздың басына шәлде орап, қысқа балақ шалбар кигені платформаның жоқтығынан болып отыр. Кез келген діннің өмір сүруі үшін базис керек, ол – ұлттық дәстүріміз. Осыны кеш түсініп жатырмыз» дейді Досай Кенжетай. Сарапшы-ғалым зайырлылық деген ұғымды дұрыс түсінбеген мешіттер діни саясатты жүргізе алмайтын халге жеткенін батыл мәлімдеді. «Себебі олар дін деген құбылысқа құндылық ретінде қарай алмайтын жағдайға жетті. Діни институттарға маман етіп бұрынғы құқық қорғау органдарының (ҰҚК, прокуратура, сот) қызметкерлері орналасуда. Бұл – исламофобияны көрсетеді, яғни мемлекеттің өзі исламнан үркіп отыр деген сөз. Қоғамдық институттар (мешіттер) зайырлылықты қабылдай алмағандықтан, дінді мешітке тығып қойды. Имамдар мешіттен шыққысы келмейді. Шықса, ол зайырлылық ұстанымына кедергі келтіретін сияқты. Меніңше, имамдар, дін қызметкерлері ислам құндылықтарын отбасында, дастарқанда, тойда, мектепте, театрда – барлық жерлерде насихаттауы тиіс. Дінді қоғамға жаю керек. Осыны қаншама жыл айтып келеміз. Билік басындағылардың көзқарасы өзгеретін шығар деген үмітіміз бар» деп сөзін түйіндеді сарапшы.