Жастар мен нәзік жандар белсенділік танытқан
Батыс Қазақстан облысында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXVI конференциясы өтті. Конференция отырысына партияның облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Ғали Есқалиев төрағалық етті.
Бұл туралы облыстық «Nur Otan» партиясы филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді. Партия филиалының кезектен тыс конференциясының күн тәртібінде көшбасшы партияның Батыс Қазақстан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын бекіту, дебат қорытындысы бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің кандидаттарына дауыс беру мәселелері қаралды. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясынан облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімді бекіту, аталған партияның кезектен тыс ХХ съезіне делегаттарды сайлау және өзге де мәселелер конференцияның күн тәртібіне енді.
– Еліміздің Тұңғыш Президенті — Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз еліміздің тарихында биыл алғаш рет жалпы ұлттық деңгейде өткен праймеризге белсенді түрде қатысып, атсалыстыңыздар. Праймеризге қатысуға көзі ашық, көкірегі ояу, санасы биік, өзіндік идеясы бар, жаңа көзқарастағы азаматтар шешім қабылдады деп ойлаймын. Партияішілік іріктеу – барша қатысушыларға тең мүмкіндік берді. Праймеризге кәсіпкерлер, ұстаздар, дәрігерлер, құрылысшылар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары секілді түрлі саланың мамандары мен өкілдері қатысты, – деген облыс басшысы, партияның облыстық филиалының төрағасы Ғали Нәжімеденұлы аталған науқандағы жастар мен әйел-азаматшалардың белсенділігін атап өтті.
Өңір басшысы айтып өткендей, Батыс Қазақстан облысы бойынша праймеризге 460 кандидат тіркеліп, 421-і қатысқан. Оның ішінде 155-і (36,8 %) нәзік жандар болса, 144-і (34,2 %) 35 жасқа дейінгі жастарды құрайды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы