Жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі — «Жасыл ел»
Жастар – ел дамуының, мемлекет болашағының стратегиялық ресурсы, бүгіні мен ертеңнің қозғаушы күші. Сол үшін жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, болашақтың ісінен ақсамас едік. Елімізде бірнеше жылдан бері жастарды қолдау, оларға кәсіби білім беру, жұмыспен қамту сияқты мәселелерді шешуге бағытталған әртүрлі бағдарламалар қабылдануда.
Алматыда «Жасыл ел» жасақтарының еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті. Биылғы маусымның қорытындысы бойынша 2100 жас уақытша жұмыспен қамтылып, қала аумағында әртүрлі экологиялық шараларға қатысты. Жоба Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асты. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму — еліміз үшін бірінші кезектегі мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды». Бүгінгі таңда «Жасыл ел» республикалық штабы жалпы мемлекеттік жастар қозғалысына айналды. «Жасыл ел» жастар ұйымының мақсаты: жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы студент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау және достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың табиғатқа қамқорлықпен қарап, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру. «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы өтуде. Осы акция аясында «Жасыл ел 2024» еңбек жасақтары өз жұмысын абыроймен атқарды деп айта аламыз. Жоба аясында Алматы қаласының ЖОО мен колледждерінің 2100 студентін уақытша жұмыспен қамтыдық. Келесі жылы бұдан да көп жастарды жұмыспен қамтимыз деген ойдамыз. Айта кетейін, Алматы жастары жыл бойы қаламызды көркейтуге бағытталған түрлі эко шараларға қатысады және жыл сайын олардың саны өсіп келеді», — деді өз сөзінде Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
«Жасыл ел» жасақтары 3 ай бойы Алматының барлық аудандарында тазалық жұмыстарын жүргізді. Олар көшелер мен саябақтарды тазалап, ағаштар отырғызып, табиғатты қорғау шараларына белсене араласты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек қала табиғатын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жас буынның экологиялық жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Шара барысында маусымда үздік деп танылған 20 студентке Smart теледидарлар мен электр самокаттар сыйға тартылды.
Салтанатты жиын эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламамен жалғасты. «Жасыл ел» еңбек жасақтары – ел аумағында жастарды кең ауқымда қамтыған жобаның бірі. Осы жастар қаланың көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып, алаңдарда, саябақтарда абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді. 2005 жылы құрылған көшбасшы ұйым белсенді жастарды біріктіріп, оларды еңбекке баулу, патротизмді қалыптастыруға үлесін қосуда.
«Жасыл ел» жастар ұйымының міндеті жасыл аймақтар мен қалалар, елді-мекендердегі дендросаябақтарды құруға қатысу. Елді-мекендерге жақын маңдағы орман, бақтардың демалыс аумақтарын тазалау, суғару, әктеу, көріктендіру.
Бүгінде «Жасыл ел» республикалық штабы жалпы мемлекеттік жастар қозғалысына айналды. Қазақстанның жастар саясатының басым бағыттарының бірі жастардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау және жұмысқа орналасуға көмек көрсету болып табылады.
«Жасыл ел» бағдарламасының арқасында 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар ресми түрде жұмысқа орналасып, жазғы уақытта жалақы ала алады. Айтатын жайт ,» Жасыл ел » биылғы жылы 14 жасқа толған балаларға арналған жеке шоттар ашуды енгізді. Соның арқасында олар жұмыс істеуге ынталы, себебі жалақылары олардың жеке шотттарына түсіп, олар ақшаларын өздері басқара алады. Мұндай өзгерістер ата-аналарды қуантты, өйткені бұл олардың балаларына тәуелсіз болуға көмектеседі. Негізінен, мектеп оқушылары мен студенттер Бағдарламаға үлкен қызығушылық танытуда. Олар жазғы демалыс кезінде өздерінің, мүмкін алғашқы ақшаларын табу үшін және сонымен бірге қоғам үшін пайдалы нәрсе жасау үшін жұмыс істейді.
Г.Тұрлыбекова