Жастар тәрбиесі қаралды

Успен ауданы

Павлодар облысы Успен ауданы әкімдігінде білім беру мекемелері мен құқық қорғау оргындарының қызметкерлері бас қосты. Жиын барысында «Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен кәмелетке толмаған балаларға қатысты жасалған қылмыстар» мәселесі талқыланды.

Кездесуге аудандағы білім беру мекемелерінің басшылары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және психолог мамандары қатысты. Успен ауданының полиция бөлімінің бастығы Болат Мансұр Болатұлының төрағалығымен өткен жиында жастар арасында келеңсіздіктің алдын алу барысында атқарылатын жұмыстар пысықталды. Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Әсет Садықов баяндама жасап, жергілікті полицейлер қандай әрекет жасап жатқаны туралы есеп берді.

Сонымен қатар, Успен аграрлық-техникалық колледжінің басшылығы ата-аналық міндеттерін тиісті деңгейде орындамайтын азаматтарға қатысты мәселе көтерді. Бұған дейін аудандық комиссияға жолданған өтініші де қаралды. Жиын қорытындысы бойынша нұсқаулар беріліп, одан әрі бірлескен іс-шаралар жоспары белгіленді.

Тілеуберді Сахаба