Жастар тәуелсіздікті жырлады
Тәуелсіздікке жететін құндылық жоқ. Азаттықтың арайлы шуағын ақындардың дуалы аузымен жырға қосудың жөні бір бөлек. Біз оны облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған «Жастар жырлайды» атты республикалық жас ақындар айтысының өтуі барысында тағы да аңғардық.
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар сөз сөйлеп, жыр додасына сәттілік тіледі.
Жалпы 12 айтыскер сынға түскен жастар додасын белгілі айтыс ақыны Нұрлыбек Құрманов жүргізіп отырды. Танымал айтыс ақындары, Мәдениет саласының үздіктері Ахметжан Өзбеков, Күміскүл Сәрсенбаева, Алтынкүл Қасымбекова бастаған қазылар да әділдігіне жүгініп, қара қылды қақ жарды.
Мұндай айтыс алдымен өңіріміздің жас айтыскерлеріне тәжірибе жинау үшін қажет. Себебі, олардың барлығына сырттағы республикалық додаларға баруға мүмкіндік бола бермейді.
Аталған айтыс жамбылдық Аят Бәтей мен алматылық Шапағат Сәбитқызы арасындағы сөз додасымен басталды.
«Айналада атыс боп жатқан кезде,
Айтыс жасап отырған сендер ғана», – деген Аяттың сөзіне жауап бере келе Шапағат:
«Балтаның өткір басы болмасам да,
Сабы болсам деп келдім кетпеніңнің», – дегені сәтті айтылды.
Мұнан соң қарағандылық Сырым Нығызбай мен жамбылдық Медеу Мырзатай айтыс көрігін қыздырды. Сырымның қарсыласына:
«Біз ұйықтай алмай шықтық бір жыл бойы,
Сен күзетіп жүрген соң шекараны», – деп әдемі әзілдесе, Медеу:
«Отан үшін отқа түсу керектігін, Жамбылдың жігіттері дәлелдеп тұр» немесе
«Жамбылдық текті ғажап аналар да,
Елді жаудан қорғайтын ұл туды ғой», – деп есесін жібере қоймады. Сырым:
«Қара жерге гүл өсіп шығуы үшін,
Көк аспан алдыменен жылау керек», – деген ойларымен де ерекшеленді.
Ұйымдастырылған жыр аламанындағы ең шоқтығы биік айтыс тараздық Дидар Апбасов пен қызылордалық Бексұлтан Орынбасардың арасында өрбіді.
«Байзақтың танытайын мен ерлігін,
Аралдың сен көрсетсең тереңдігін», – деп сөз бастаған Дидарға қарсыласы Бексұлтан:
«Ғалым емессің ғылыми орталықта не істеп жүрсің?», – деп тиісті. Сонда Дидар:
«Еңбегімді елемей сен отырсаң,
Бір кем дүние дегенің осы емес пе?», – деп жыр төкті. Бексұлтанның:
«Біліңіздер 16-сы ғана емес,
Әр күннің Тәуелсіздік күні екенін», – деген ойлары сәтті шықты.
Жамбылдық Мұхтар Қонарбаев пен шымкенттік Аян Ниязбек арасындағы айтыстар да ерекше қызықты болды. Аянның:
«Аузынан суы ағып жүрген балаң, ауылыңа су әкелер жігіт болды», – деп қарсыласын түйреп өткенде Мұхтар:
«Аузынан суы аққан деп мұқатпашы,
Көрсететін сен емес маған жолды.
Оқуды әрең бітірген бұл Аян да,
Біреуге ақыл айтар адам болды», – деп жақсы әзілімен елдің айызын қандырды.
Жерлестеріміз Төлеби Тәңірберген мен Нұртай Әліпбай, байзақтық Ернұр Бейсен мен атыраулық Ернұр Исахаев арасындағы айтыстар да көпшілікті жалықтыра қойған жоқ.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде жамбылдық Мұхтар Қонарбаевқа берілсе, жүлделі бірінші орынға қарағандылық Сырым Нығызбай лайық деп танылды. Жүлделі екінші орын тараздық Дидар Апбасов пен қызылордалық Бексұлтан Орынбасарға бұйырды. Шымкенттік Аян Ниязбек пен тараздық Медеу Мырзатай жүлделі үшінші орыннан көрінді.
Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ