ЖАСТАР ЖӘНЕ САЯСАТ
Жастар саясаты аясы ауқымды, мағынасы мәнді ұғым. Егер тереңінен үңілсек, бүгінгі аға буының ертеңгі арқасүйері – жастар. Сайып келгенде жастардың бойындағы белсенділік, бастамашылдық өсуіміздің өркендеуіміздің нақты бағдарламасы іспетті. Бұл орайда, көптен бері көкейімізде пісіп-жетілген ойларымызды ортаға салсақ деп едік.
Жалпы қазіргі қазақ жастарының елішілік қоғамдық-саяси үдерістерден қалыспай, қордаланған проблемалардың түйіншегін тарқатуға өзіндік ой-пікірлерін білдіріп отыруы белгілі бір дәрежеде дәстүрге айналып отыр. Елбасымыз атап өткендей, қазіргі Қазақстан әлемдік саяси сахнаға көрермен көзімен қарайтын үйренуші елден өсіп , енді үйретуші ел деңгейіне жетті.
Бұл – бұлжымайтын байлам. Сол сияқты осы жиырма жылда жастардың да санасы өсті, ойы серпілді, қоғамға деген көзқарасы өзгерді. Бірақ «бес саусақ бірдей емес» Жастарды ортақ идеяға ұйытып, ұлт мүддесін ұлықтау жолында жұмылған жұдырық қылатын ауызбіршілік, тоқтамды талқы жетпей жатқандай көрінеді.
Мысалға, ресми дерек бойынша еліміздің әр тарабында 50-ге жуық ірілі –ұсақты жастар ұйымдары бар екен. Дегенмен солардың ішінде қаншамасы халқымыз үшін қандай қызмет істеуде? Жалпы осыншама жастар ұйымдарының арасынан атына сай іс атқарып, жұмыс жасап жүргендері бар ма екен? Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ жасырмай айтатын ащы ақиқат бар.
Қазіргі жастар ұйымдарының біразы өзара билік және оппозиция атты ұғымдарға бөлініп алғаны жасырын емес. Сөйтеді де,бір-бірлерін садағына алады. Әркім өз ақиқатын алға тартып, «шыңдығына» шаң жуытпай қорғайды, ал қарсы ой айтқан тарапты қараланғанда алдарына жан салмайды.