Жастарды қолдау – жарқын болашақты ойлау
Жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуы күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің қатарында. Олардың еңбек нарығына араласып, қоғамда өз орнын табуға үкімет те барынша жәрдемдесуде. Соған қарамастан NEET санатындағы жастардың қатары әлі де азаяр емес. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңір жастарымен кездескенде осы бағыттағы өзекті мәселелерге тоқталып, белсенді, талапты жастардың ұсыныс-пікіріне құлақ түрді.
«Жеңіс» саябағында ашық аспан астында өткен кездесуге аймақтағы жастар ресурстық орталықтарының директорлары, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен волонтерлар де келді. Басқосуда алдымен өңір басшысы Нұржан Молдиярұлы сөз сөйлеп, жастар саясатын дамытудағы мәселелер жайында кеңінен баяндады.
– Есте болса, 1995-2000 жылдары ел егемендігін алып, еңсе тіктей бастаған тұста отбасын асыраудың өзі қиын болды. Жалақы, зейнетақы жоқ. Білім беру саласына да аса мән беріле қоймады. Сол кезде «сары бала, қара қазан қамы үшін» ала қап арқалаған қазақ әйелдері базарға шыға бастады. Мұғалімдердің дені саудаға араласты. Қазір қарап отырсақ, елдің жағдайы кеңес өкіметінің құрамынан шыққан 15 мемлекетпен салыстырғанда жаман емес. Қаңтар оқиғасынан кейін өңірдегі жастарға талдау жасалып, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Содан байқағанымыз 10 пайыз NEET санатындағы жастар білім алуға және жұмыс істеуге құлықсыз. Биыл облыста жастар саясатын жүзеге асыруға 1,4 миллиард қаржы қаралды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе жоғары. Енді бізге жаңа бастамаларды іске асыру керек. Жастардың жақсы, ұтымды идеяларын іске асыруға дайынбыз. Біз NEET санатындағы жастардың үлесін азайтуға барынша көңіл бөлгеніміз абзал. Үкімет өз құзырындағы міндеттерді орындауда. Жастар соған жауапкершілікпен қараса дейсің. Мәселен, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша еңбек етуге барған жастардың ішінде үш жылдан кейін ауылдан көшіп жатқандары да бар екен. Содан соң дін мәселесінде ақпараттандыруға мән беру жағы да ақсап тұр. Бізде өңірдегі екі ресми діни сайтта небәрі 1600 оқырман бар екен. Ал жат ағымдағы бөгде сайтта 90 мыңнан астам оқырман бар. Бұл бойынша да басқарма жаңа қадамдарға бетбұрыс жасауда. Облыс бойынша «Серпін-2050» жобасы арқылы 1 067 студент оқуға түсті. Сол секілді биыл жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылып, жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді.
Енді бағдарлама аясында биыл 50 жасты үймен қамтуды ойлап отырмыз. Бастама жақсы, әрине. Бірақ осы бағдарлама туралы елдің теріс көзқарасын қалыптастырмауымыз керек. «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша жыл сайын жүзден астам әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үйлі болуда. Осы күнге дейін 250-ден астам жанұя берекелі бастаманың шарапатын көріп, қоныстойын тойлады. Биыл да сол үрдіс бойынша 117 отбасыға асарлатып үй салып беру жоспарланды. Бұл игі жобаларға да мейлінше жастарды тарту керек. Өңірдегі волонтерлардың, «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмыстарына куәміз. Бірақ олардың жұмысы көзге көрінбейді. Сондықтан еңбек жасағына тартылған жастарға қаладан 2-3 саябақ бөліп, соның тазалығын қадағалауды тапсыру керек деп ойлаймыз. Бұл туралы басқармаға ұсыныс тастағанбыз. Қарап отырсақ, өңірде жастар саясатын жүзеге асыруға көптеген қолдаулар көрсетіліп жатыр. Жастар осындай баянды бастамаларға жауапкершілікпен қараса, іс алға басады,– дейді Нұржан Молдиярұлы.
Кездесуде облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа облыс әкімінің тапсырмасымен бірқатар нақты міндеттер бойынша жоспарлар іске асырылып жатқанын айтты. Мәселен, бүгінде басқарма тарапынан 25 мыңға жуық NEET санатындағы жастың жеке деректері анықталып, электронды базасы әзірленген. Енді сол базаға қала бойынша анықталмай отырған 3 мыңға жуық жас қосылса, жоспар 100 пайыз орындалмақ. Сонымен қатар басқарма басшылығы тізімдегі 10 мыңға жуық жастың білім алып, еңбек етуге ниетті екенін анықтаған. Енді басқарма басшылығы тамызда оқуға түсуді көздеген жастардың оқуға түсуін қолдап, грант алып, жұмыс істеуге ниетті жастарды еңбекке тартуға көңіл бөліп отыр. Бұл ретте жастар басқармасы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, білім басқармаларымен бірлесіп іс тындыруды жоспарлап отыр.
– Күні кеше біз Президент әкімшілігінде 2025 жылға дейін жастар саясатын дамытудың стратегиялық жоспарын қорғап шықтық. Сол жоспарға сай бірнеше бағытта жұмыс істейміз. Соның ішінде жастарды тұрақты жұмысқа орналастыруға басымдық беріп отырмыз. Жұмыспен қамту басқармасымен бірлесіп биыл 21 500 жасты жұмыспен қамтимыз деп жоспарладық. Қазірдің өзінде 7000-ға жуық жас жұмыспен қамтылған. Енді жыл соңына дейін жоспарды орындауға күш саламыз. Тағы бір мәселе, талдау жұмыстарынан біз жастарды тұрғын үй мәселесі алаңдататынын білдік. Соған байланысты «Әулиеата жастары» бағдарламасына да Президент әкімшілігі оң көзқарас білдірді. Енді осы бағдарламаның тиімділігін тағы да арттырып, келер жылға тағы жалғастыруды көздеп отырмыз. Бүгінде бес салада еңбек ететін 600-ге жуық жастан өтініш түсті. Алдағы айда комиссия отырысын өткізіп, нақты мұқтаж отбасылардың тізімін дайындап, 50 жасты үймен қамту жоспарда бар. Осылайша қазан айынан тұрғын үй кілттерін табыстауды бастаймыз. Жастарды саяси-қоғамдық өмірге белсене тарту бойынша да жұмыстар іске асуда. Жастар ресурстық орталықтарының функционалдық міндеттерін өзгертуге көңіл бөліп отырмыз. Яғни жастарды қажетті материалдармен қамтуға көңіл бөліп отырмыз. Жастар ресурстық орталықтары жастардың сұранысына сай бейімделу керек. Жастар саясатын дамытуға бөлініп жатқан қаражат әр салада ауқымды. Жастар арасында шағын гранттар үлестіруге де назар аудардық. Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік» жобасы аясында 7 бағыт бойынша 15 жобаға грант бөлуді қарастырып жатырмыз. Енді бюджетке қарай 300 мың теңгеден 500 мың теңгенің көлемінде бюджетке өтініш береміз. Біз Тәуелсіздік күніне қарай осы гранттарды үлестірсек деп жоспарлап отырмыз. Яғни бұл гранттар жастарға қажетті инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталады,– дейді Серікбол Қайратұлы.
Кездесуде «AMANAT» партиясы облыстық филиалы «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек оқушылардың спортқа деген қызығушылығы төмендеп бара жатқанын және қалада марафон жарысын тағы бір мәрте өткізу туралы ой қосты. Сондай-ақ жастар ресурстық орталықтарына көбірек қаржы бөлу туралы, ондағы кадрлық резерв жайында бірнеше ұсыныс тастады. Осы ретте облыс әкімі Нұржан Нұржігітов әрдайым жастарды қолдауға дайын екенін, жастар ресурстық орталығына индикатор бойынша қажетті қаражат тартуға болатынын еске салды.
Бұдан соң «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағы облыстық штабының төрағасы Нұрлан Жиенбай еңбек маусымын бір жылға дейін созу және қоғамдық көліктерге жеңілдік қарастырылса деген тілегін жеткізді. «AMANAT» партиясы облыстық филиалы «Жастар рухы» Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ерғали Әбуғали жастар ресурстық орталықтарын жекешелендіру жастар саясатын іс жүзінде ширата түсетінін айтып ой тастады. Артынша «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Артур Лигостаев, облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшесі Шұғыла Қыдырәлі өңір басшысына ұсыныс-пікірлерін айтып, мардымды жауап алды.
Сәндібек ПІРЕНОВ