Жастарды қолдау көрсету бойынша кеңес
Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев Жастар кеңесіне қатысып, аудан көлемінде жастармен жүргізіліп отырған жұмыстардың жай-жапсарымен танысты.
Жиында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Самат Тоқбанов мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, психологиялық, құқықтық кеңес беру бойынша баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат берді.
Сондай-ақ, Жамбыл облысы мемлекеттік жастар саясаты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы ауданымызда іске асырылып жатқандығын, аталған бағдарлама аясында рухани-адамгершілік, спорттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық, экологиялық, этносаралық, әскери – патриоттық бағыт бойынша 312 іс-шара ұйымдастырылып, 4800 жас қамтылғандығын жеткізді.
Айта кету керек бүгінгі таңда 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 10 447, яғни аудан халқының 23,4% пайызын құрап отыр. Оның ішінде Жаңатас қаласындағы жастар саны 5418-ді құраса, ауылдық округтерде бұл көрсеткіш 5029- ға жеткен.
Сонымен қатар «AMANAT» партиясының әзірлеген әлеуметтік «Жол картасы 2021-2025» жылдарға арналған жол картасы барысында жастарға арналған тиісті пунктер жоспар бойынша орындалатындығын, бұл мәселеде тиісті жұмыстар атқарылатындығын айтты.
Ауданда «Janatas jastary», «Біз Сарысуданбыз» атты волонтерлік қозғалысының ерікті жастары белсенді түрде жұмыс жасап, «Тегін такси», «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» атты қайырымдылық акцияларын мен «Ардагерлерді ардақтайық!», «Саулық», «Қамқор» бағыттар бойынша еріктілердің күшімен жыл басынан бері 53 іс-шара ұйымдастырған.
Кеңес отырысына қатысушылар жастар саясатын жандандыру бойынша тиімді ұсыныстарын білдіріп, өз ойларын ортаға салды.
Көркем Асқар