Жастардың рухани мәдениетін дамытады Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «El-ana» жастар руханият және білім орталығы ашылды.
Ұйымның ашылу рәсімінде «El-ana» әдеби-танымдық студенттік альманағы мен «Әдебиеттану ғылымы және білім беру» жинағының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
– «El-ana» әдеби-танымдық студенттік альманағының бір өзгешелігі – оның студенттер шығармашылығына бағытталуы. Қазіргі дәуірдің мың-қат заман бағытын түзуші тұлға қалыптастырудың ауқымды міндеттеріне аз да болса септігін тигізсем деп ашылып отырған басылымда бірнеше тұрақты айдар бар. Қолайына қарай түрлі жанрда қазіргі қоғам, студент жастар өмірінің өзекті жайларын қамтып отырмақ, – деп атап өтті жоба авторы, Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Қанипаш Мәдібаева.
Оның айтуынша, альманахта негізінен студенттердің төл туындылары жарияланады. Жарық көрген шығармалар алдын ала сараланып барып ұсынылады.
Ал «Әдебиеттану ғылымы және білім беру» жинағы «Қазақ әдебиеті» пәнін оқыту: Абайтанудың өзекті мәселелері» тақырыбында өткен «Жоғары мектепте «Қазақ әдебиеттану ғылымы және білім беру» атты жоғары оқу орындары студенттерінің республикалық білім сайысы негізінде жарық көріп отыр. Жинақ әдебиеттанушы мамандарға, жас зерттеушілерге арналған. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 75 жылдығы мен Жастар жылы аясында ұйымдастырылған білім додасы Абайдың ақындық мұрасын игеруге бағытталған. Сайысқа әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Сулейман Демирел университеті және Орталық Қазақстан академиясының студенттері қатысып, білімдерін сарапқа салды. Қатысушылар Абайдың қара сөздері бойынша интеллектуалдық сайыс, «Жеке жүлде» аталымында тірек сөздерді табу және тосын тапсырмаларды табу бойынша бақтары мен баптарын сынады. Жарыс қорытындысы бойынша Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Жас Алаш» тобы үздік атанып, бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Орталық Қазақстан академиясының «Сұңқар» және Сулейман Демирел университетінің «Барыс» командалары өзара бөлісті. Үшінші орын Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Телғара», әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Темірқазық» және М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Махамбет» топтарының қанжығасына байланды. Сонымен қатар шара барысында «Мен оқыған бір кітап» тақырыбындағы эссе байқауының жеңімпазы анықталды. Қазылар алқасының шешімі бойынша байқауға келіп түскен шығармалардың ішінен Сүлейман Демирел университетінің студентінің жұмысы бас жүлдеге ие болды. Ал жобалар байқауында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Бекет Өтегеннің «Шығыс және түркі философиясындағы «тектілік» ұғымы», Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Жанкелді Кенжебайұлының «Абай мен Әлихан кездескен бе?», Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті Еңлік Қайратқызының «Абай мұражайының жәдігерлері: тарих пен дүниетаным», М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Гүлнар Бейбітқызының «Ескендір» поэмасының әдістемесі», Сүлейман Демирел университетінің студенттері Серғалы Мәліке мен Жібек Зейнелованың «Абай шығармалары арқылы мотивация беру жолдары» және Орталық Қазақстан академиясының студенттері Ораза-Ай Майрол мен Әсемгүл Серікболдың «Облыстық Абай орталығы» тақырыбындағы жобасы үздік деп танылды.
Жеңімпаздар арнайы сертификатпен марапатталып, «Қазақ әдебиеті пәні» атаулы шәкіртақысына ие болды. Айта кетейік, «El-ana» жастар руханият және білім орталығы Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының мұрындық болуымен құрылып отыр. Оқу орнының 75 жылдығы мен Жастар жылы қарсаңында қолға алынған жоба аясында еліміздің жоғары оқу орындары студенттерінің арасында білім сайыстары тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ. Сонымен қатар ұйым бастамасымен екі айда бір рет «El-ana» әдеби-танымдық студенттер альманағы жарық көреді. Бұдан өзге «Әдебиеттану ғылымы және білім беру» сериялық жинақтары мен қазақ сөз өнерінің айтулы өкілдеріне арналған «Тұлғатану» көптомдығын шығару, жазғы мектеп, ғылыми-танымдық экспедициялар мен білімді көтеру бағытындағы семинар-тренингтер және «Рухани әңгіме», «Тұлғадан тағылым» форматындағы шығармашылық шаралар өткізу де жоспарланған.
– Мақсатымыз – ХХІ ғасырдағы гуманитарлық білім аясында жастарды ғылыми-шығармашылық ізденіске баули отырып, қазақ әдебиеттану ғылымының қазіргі кезеңдегі міндеттері тұрғысындағы зерттеу бағыттарын айқындауына ықпал ету. Сондай-ақ жас адамның тұлғалық деңгейін қалыптастыру жолындағы рухани ізденістерді шыңдауды да көздеп отырмыз, – дейді оқу орнының ғалымдары.
Жандар АСАН,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы