Жастарды жат әрекеттен қорғау маңызды
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жастар арасында синтетикалық есірткі заттарына сұраныс пен тәуелділік азаймай отыр. Мұндағы ең өкініштісі – заңмен шектеу қойылған синтетикалық есірткі түрлерінің жастарға қолжетімді болуы. Енді әлеуметтік желілер арқылы саудасы қызған заңсыз айналымға жаңа тосқауыл қойылатын болды.
Облыс прокуратурасы жастар арасында жүргізген сауалнамада студенттер мен орта мектеп оқушыларының 50 пайыздан астамы әлеуметтік желі арқылы синтетикалық есірткі сатып алудың қолжетімділігі туралы хабарлаған.
Арнайы құрылған жұмыс тобы бір ай ішінде синтетикалық есірткіні насихаттайтын 400-ден астам сілтемелер мен сайттарды анықтапты. Оның 300-ге жуығы жойылып, қалғандары бұғатталу сатысында екен.
Кеше есірткі айналымына қарсы іс- қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында облыс прокуратурасында жиын өтті. Аталған жиынға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, Парламент депутаттарымен қатар құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары қатысты. Сондай-ақ, «NARKO SHEKTEU TARAZ» телеграм-ботымен таныстырды.
Жастардың келешегіне кесірін тигізетін айналымды тоқтатуға бағытталған арнайы жүйенің тиімділігіне облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жан-жақты тоқталып, бұл қажеттіліктен қолға алынып отырған бастама екенін айрықша атап өтті.
Айта кетсек, платформаның негізгі мақсаты – нашақорлар санын азайту, халық арасында есірткі айналымы мен тұтынуға теріс көзқарас пен нөлдік төзімділікті қалыптастыру болып отыр.
Жаңа жүйенің негізгі функциясы жарнамасы бар сайттарды, сілтемелерді және есірткі сатып алу бойынша ұсыныстарды табуға, есірткі жасырынған жерлерді анықтауға, есірткіні дайындау орындары және қоймасы туралы ақпараттарды зерделеуге бағытталған.
Бағдарламаның мүмкіндіктері есірткіні одан әрі бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне насихаттайтын немесе жарнамалайтын заңсыз сілтемелер туралы алынған деректерді енгізу тәртібін көздейді.
Қылмыстық сипаттағы ақпараттар құқық қорғау органдарымен жедел тексерілетін болады деп жоспарлануда.
Таныстыру барысында халық қалаулылары
тек жасырынған есірткі түрлерін анықтаумен ғана емес, оның дайындалу ошағын, алдын алу мәселесі қалай шешіліп жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Прокуратура қызметкерлері синтетикалық есірткі заттары сыртта ғана емес, өз өңірімізде де дайындалатынын жеткізді.
Бағдарлама әзірленген жауап үлгілері арқылы олардың авторларының хабарламалары бойынша «кері байланысты» қамтамасыз етеді.
Кездесу барысында қатысушылар Пилоттық жобаны енгізу, іске қосу және өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру туралы бірлескен жоспарды қабылдады.
Басқосу соңында облыс прокуратурасы азаматтарды нашақорлыққа қарсы күресте өзінің азаматтық ұстанымын және нөлдік төзімділігін белсенді түрде көрсетуге шақырды.
Aqjol Aqparat