Жастардың елден кетуіне басты себеп – бағаланбауы!

Astana Hub Халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің негізгі мақсаты — 2025 жылға қарай жергілікті ІТ-компаниялардың капиталын 1 млрд АҚШ долларына жеткізу. Бұл туралы аталған технопарктің «Garage» стартап-жобалары тегін бағдарламалар инкубациясының іске қосылуына арналған шарада ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

Министрдің атап өтуінше, Astana Hub технопаркінің ресми ашылуы осы жылдың ішінде жоспарланған. Ал бүгінгі шара сол үлкен бағыттағы шағын қадам десек жарасар. «Бүгін акселерациялық бағдарламаны ашпақпыз және мұның елордамыздың 20 жылдығы аясында өтуінің нышандық мәні бар. Барлығымыз да Кремний алқабы  жайында, өзге мемлекеттердегі керемет тәжірибелер жайында айтып жатамыз. Оны мойындаймыз да. Бізде қарап жатқан жоқпыз, 20 жылдың ішінде елордамызды салдық. Еліміздің тарихында қалатын ЭКСПО-2017 көрмесін өткіздік» деді министр жиынның ашылу салтанатында.

Бізде астана хаб шарасының өту барысын тамашалап,   «Астана» халықаралық қаржы орталығының атқарушы директоры Саясат Нұрбекпен  аз-кем сұхбаттасқан едік.

Саясат мырза, Сіз басқарып  отырған Астана халықаралық қаржы орталығы бұл — инвесторларға арналған мүлде жаңа алаң. Әрине жаһандық деңгейдегі қаржылық хабқа айналу діттеген мақсаттарыңыз болар.  Сол мұратқа жетудің басты қағидасы бүгінгі астана хаб арқылы бастама көтеруде жатқан тәрізді?

— Бірден айтайын, бұл шара маңызды бастаманың басы. Неге десеңіз, қазіргі таңда ғаламдық экономика өзгеруде. Осының салдарынан екі үрдіс пайда болуда; біріншісі баяғыда бір орталыққа жиналып экономиканы мемлекет қадағалайтын. Уыстан шығармайтын.   Қазір бұл үрдіс басқаша белең алды. Көп салалар да, дамыған мемлекеттер де, кез келген бағытта мамандандырылған компаниялар белсенді. Бүгінде нарық өсті, бәсеке күшейді. Бір сөзбен айтқанда: жүйеленген экономикадан жүйесіз экономикаға бет алдық. Бұл өзі қызық үрдіс.

Екінші үрдіс: ақпараттық технологиялар бүкіл салаларға кіріп жатыр. Олар кіріп қана қоймай, әлгі салалардың ішкі мазмұнын да өзгертуде. Жасанды интелкті деген шығуда. Ол өте үлкен қуатқа айналуда. Қазақстан – осындай кезеңде дәстүрлі экономикадан субсирлық экономикаға көшуді жүзеге асырмаса, бәрінен кеш қалмақ. Бір мысал келтірейін. Атақты «Адидас» деген марка бар. Спорт киім шығаратын. Сол «Адидас» Қытайдан Германияға қайтып келді. Бәрі қуанды, қайтып келді деп. Алайда қайта оралған «Адидас» бір де бір жаңа жұмыс орнын ашқан жоқ. Неге десеңіз, оның өндірісі 100 пайыз автоматтандырылған өндіріске айналды. Қазір сіз «Адидас» киімін кисеңіз, аяқ киім болсын, сыртқы киім болсын, бәріне дерлік адам қолы тимеген. Ал біздің өндірісіміз дәстүрлі өндіріс, баяғы 60-70 жылдардың стандартымен жүзеге асырылып жатқан таптаурын дүние. Бұл  ескі стандарттар оның бәсекеге қабілеттілігін мүлде жойып жатыр.

Осы жерде IT технология туралы айтпай кеткеніміз жарамас. Бізде де осы бағытқа бейміделген жоғары оқу орындары бар емес пе?

Не айтқыңыз келгенін түсініп отырмын. Иә, IT — технологиялар саласы бүгінгі таңдағы ең көп жұмыс орындарын жасауымен танымал.  Мысалы Үндістан, Қытай, Еуропа елдері осы салада ең көп жаңа мамандар дайындауымен ерекшеленеді. Біздің үлкен потенциалымыз бар. Яғни, дарынды балаларымыз көп. Математика, физика саласында ескіден қалған фундамент, негіз бар. Бірнеше мықты Қазақстан – Британдық университеті, Сүлеймен Демирел университеті, халықаралық ақпараттық технология универсиетті, Назарбаев универсиеті де сапалы білім беруде көш басында. Ендігі мақсат осындай университеттерде мықты-мықты мамандарды дайындау. Ол үшін халықаралық стандарттарға сай болу керек.

Бүгінгі Астана хабтың ашылуы – еркін ойдың алаңы. Бұл жерге жас, дарынды, ақпараттық салада жұмыс істеген мамандарды жинап, оларға бизнесті үйрету уақыт талабынан туындап отыр. Себебі дәстүрлі өндіріс ауысып кетті ғаламда,  өндірістер автоматтандырылып жатыр.

Астана хаб алаңының маңыздылы – жастарды жаңа халықаралық стандарттарға үйрету. Сол төңіректегі бизнеске баулу.  Әрине университеттер білім беріп жатыр. Енді сол білімді өндіріске айналдыру үшін, осындай алаңдар қажеттігі туындауда. Астана хаб дегеніміз – дарынды жас студенттерді бизнеске, өндірістік қабілеттерге, әлемдік нарыққа иделарын сатуға қалыптастыру болып табылады.

Осы жерде заңды бір сұрақ туындайды? Біздің жастар бәсекелестікке қаншалықты дайын?

— Дарындылар жетерлік. Білім беру сапасы да жоғары. Тіпті халықаралық деңгеймен салыстыруға болады. Мәселе сол білімді дұрыс пайдалана білуде. Бір мысал келтірейін, тағы да. Үндістан мемлекеті программистерді жылына миллиондап даярлайды. Ең бастысы мамандар ағылшын тілін жетік біледі. Бізде де ағылшын тілін үйрету жаңа қылыптасып келеді.  Өкінішке орай бізде өндірісте жүрген компаниялар өте аз. Енді — енді қалыптасып келеді. Солар өзімізде өскен студенттерді өз жолына тартуы керек. Егер олар тартпаса,  өндіріске баулымаса қайда кетеді? Әрине, шетелге. Осыдан екі-үш күн бұрын Калифорнияда болдым. Сан-Франциско қаласының өзінде екі мыңнан астам қазақ жастары жүр. Әртүрлі салада. Ең мықтыларын (олимпияда жеңімпаздары, бұрынғы КТЛ, физика – математика мектебі  түлектері секілді) мен атаған мемлекет сорғыш құсап сорып жатыр.Неге? Өйткені оларда айлық жоғары, тәжірибе күшті. Компаниялар өте көп.

Шетелде білімді жастардың көп екенін айтып қалдыңыз? Олардың елде тұрақтап қалмауына не себеп? Маман ретінде жауап беріңізші?

— Жастардың елден кетуінің басты себебі – бізде нарық қалыптаспаған. Сосын жастар елде қалған күннің өзінде – олардың біліміне, дарынына ешбір талап қойылмайды. Қызығушылық атымен жоқ. Сондықтан білімді жастар, амалдың жоқтығынан сыртқа қарай ағылуда. Осыған қосарым: екі-үшеуі кетті ме жоғары жалақы алып, олар елдегі  қалғандарды қызықтырып шақырады. Шетелдік компаниялардың кадрлық процестері керемет жолға қойылған.

Шетелге ағылған жастар легін қайтіп тоқтатуға болады сонда?

Мұны біз тоқтата алмаймыз. Шек қою, шектеу, жазалау еш нәрсені өзгертпейді. Қалай болса да, бағаланбай жүрген жас дарын қашып кетеді. Бұл үрдісті тоқтату үшін, біз нарық қалыптастыруымыз қажет. Осы нарық бәрін бірдей ұстап қалмаса да, кейбір жастардың қызығушылығын оятады деген сенімдемін. Қайталап айтамын: Астана хабтың мақсаты осы мен айтқан нарықты қалыптастыру. Басқа түк те емес.

Қызып тұрған шаруаңызға қарамай, сұрақтарға жауап бергеніңізге рахмет!

Сізге де көп рахмет! Сұхбат демеушісі еліміздегі ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші компаниялардың бірі — BUGIN GROUP компаниясы.

 

Нағашыбай Қабылбек