Жастардың жағдайы жіті бақылауда

Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу – басты міндет. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса назар аударып, өз Жолдауында қылмыстардың алдын алуға басымық берді. Жамбыл облысында да жасөспірімдер қылмысын құрықтау жіті бақылауда тұр.

Осы орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті студент жастардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, оқу кешендері мен студенттік жатақханаларындағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуді арттыру мақсатында жиын өтті.

Басқосуға Жамбыл облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының орынбасары Мұрат Байсеркенов, Жамбыл облысы полиция департаменті әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау бөлімінің инспекторы Ақмарал Жүнісова, Отандастар қоғамдық ұйымының инспекторы Әдемі Ильясова және студент жастар қатысты. Жиын барысында шара қонағы Мұрат Байсеркенов жасөспірім дамуына әсер етуші тәрбиенің екі қайнар көзі – саналы түрде әсер ететін жанашыр орта мен қоршаған «күрделі» ортаның ара жігі ашып көрсетіліп, адам үшін адаспайтын жол өмірдің мәнін тауып, жарқын өмірге құлшыну екендігі жастарға ұғынықты тілмен түсіндіріліп, нақты деректер берілді. Сонымен қатар психолог мамандарда құқық бұзушылықтың алдын алу жайында ойымен бөлісті. Жалпы айтқанда университеттің оқытушылары мен психолог мамандар, ай сайын әлеуметтік мамандармен бірлесе отырып түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады.

Шара тыңдаушылары қонақтарға сұрақтар қойып, ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ «Жастар арасында қылмыстар» атты бейнеролик көрсетіліп, «Заң және жастар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Осылайша, ортаға тасталған оймен, ұсыныстарды талқылау арқылы жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу қадамы жасалды.

Әрине мұндай жиындар қажет-ақ. Себебі жастар арасында бүгінде қылмыстың өршіп тұрғаны жасырын емес. Әсіресе жоғары және арнаулы орта оқу орындарында бопсалау, қорқыту, ұрып-соғы сынды деректер Таразда жыл он екі ай орын алатыны белгілі. Десе де құқық саласы қызметкерлерінің күшімен қылмыстардың алдын алуға кешенді шаралар қолға алынып, қылмыс деңгейін төмендетуге мол мүкіндік тууда.

Дедек Төлен