Жастарға өнеге
ҚР Ұлттық музей іргесінде еліміздің мәдени мұрасын, сондай-ақ, музейде орналасқан құнды жәдігерлерді насихаттай келе, жастардың білімін шыңдауды, студенттердің шығармашылық қабылеттерін анықтап, өзара бір-біріне танытуға ықпал жасауды мақсат тұтқан «Дана» студенттер клубы осыдан тура бір жыл бұрын құрылған еді. Осы уақыт аралығында «Дана» музейлік білім беру жобасы аясында бірқатар іс шаралар өткізіліп, оларға Елорданмыздың жоғары оқу орындарының студент қауымы қатысып келеді.
Жалпы дана сөзінің мағынасына тереңірек тоқталатын болсақ, білігі мен тәжірибесі мол, рухани әлемі бай, ой-сезімі сергек, ақылды, парасатты, рақымды адамды қазақ халқында «дана» дейді. Айтып өтсек, өнегелі өмірі, ғибратты сөздері мен тағылымды іс-әрекеттері — барша адамзаттың рухани игілігіне арналған тұлғалармен де кездесулер аталмыш студенттер клубында өткізіліп тұрады.
Сол рухани-мәдени зердені қалғытпай, еліміздің мәңгі жасауына көмектесетін ұлттық мұрамыздың қара шаңырағы — Ұлттық музейде өнері — өмір өрнегіне айналған талант иесі, белгілі архитектор, суретші Сәкен Нарыновпен кездесу өткізілді.
Әлемнің ең атақты 20 мүсіншісі тізіміне енген шебер майталманының «Қазақ халқының этникалық бағыттары» тақырыбында жан-жақты өрбіген зерделі әңгімесі мен ойлы пікірлері жүрекке жетіп жатты. Кездесу барысы мүсіншінің музей экспозициясында орналасқан «Уақыт пен кеңістікте» көрмесін тамашалаумен әсерлі өрбіді. Жиналған жастар қауымы ерекше көрмеден адамзаттың пайда болуы тұрғысында, сондай-ақ өмірдің асыл қазынасы ақтарылғандай әдемі күй кешті.
Аталмын шараға ұйтқы болған ҚР Ұлттық музей қызметкерлері мен кездесуге қатысқан студент қауымы Сәкен Нарыновқа шексіз алғысын білдірді.
ҚР Ұлттық музейі
эстетикалық тәрбие беру
секторының жетекшісі А.Кеменгерова