Жастарға серпін беретін бастама

Жуырда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел жаңғыруының жолында «Бес әлеуметтік бастама» көтерді. Жаңа жоба дамудың даңғыл жолына түскен мемлекет үшін таптырмас мүмкіндік. Тың бастамада баспана, кәсіпкерлік, жалақы, газ тарту мәселесі мен білім саласы көтерілген. Аталған бес тақырыпта ел үшін өте өзекті.

«Бес әлеуметтік бастамада» әсіресе жастар үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, «Бес әлеуметтік бастаманың» үшінші тармағында жастардың білімі мен жатақхана мәселесі қозғалған. Мұнда Президент жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керектігін айтты. Бұл дегеніңіз тағы 20 мың жас тегін оқиды деген сөз. Бұл 20 мың балаға жаңа мүмкіндік бермек. Өскелең ұрпақта сол грантты жеңіп алу үшін стимул пайда болады. Ол гранттың 11 мыңы техникалық мамандықтарға тиесілі екен. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы заман талабына сай жаңа маманды даярлауға мүмкіндік бермек. Бұл дегеніміз біздің мықты инженерлеміз, озық нанотехнологтарымыз, робот құрастырушыларымыз тегін оқып, елдің дамуына тамшыдай болса үлес қосады деген сөз. Студенттердің тұратын жері яғни, жатақхана мәселесі де ұмыт қалмаған. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арналған 75 мың орындық жаңа жатақхана салынса, қаншама студенттің баспана мәселесі шешіледі.

Ал, бастаманың төртінші тармағында несие беру мәселесі қарастырылған. Бұл бастамада Президент 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұл жеке кәсібін ашып, өзін-өзі еңбекпен қамтимын деген жасқа таптырмас мүмкіндік. ЖОО бітірген студент бизнеске икемі болса, кәсіпкерлік саласына арналған мүмкіндікті пайдаланып, кәсібін дөңгелетуіне әбден болады. Мені қуантатыны да осы. Жыл сайын кәсіпкерлік саласына жіті көңіл бөлініп, көптеген жаңа бағдарламалар жасақталады. Бұл біздің жастарға арналған тамаша ұсыныс дер едім.

Мемлекет басшысы жас отбасылардың баспана мәселесін де ұмыт қалдырмаған. Бірінші бастамада әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынған. «7 – 20 – 25» бағдарламасын пайдаланып жұмыс істейтін әрбір қазақстандық арнайы шарттар бойынша теңгемен несие ала алады. Бұл бағдарламаның құрылымы қарапайым. Мәселен, жылына несиені 7 проценттен астырмай, баспана құнының 20 пайызын салып, ай сайынғы төлемді 25 жылға создырып үй алуға болады. Осылайша еліміздегі қаншама жас отбасының баспана мәселесі шешіледі.

Елбасы ұсынған осы мүмкіндіктерді әрбір жас қалт жібермей, кәдесіне жаратса, әлеуметтің әлеуеті артары сөзсіз.

Шолпан КӨЛБАЕВА

Жамбыл облысы, Жуалы ауданы,

№5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің

орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі