ЖАСТАРҒА ЖЕР МЕН ҚАРЖЫ БӨЛІП БЕРУ КЕРЕК
Мен алдыңғы посттарда Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайында тез арада біз ұсынған жаңа стратегияны қабылдап, ашықтықты қамтамасыз етпесек, жақын болашақта экономикалық жағдай төмендейді деп жаздық, айттық.
Жаңа экономикалық стратегияны іске асыру үшін Қазақстандағы барлық қымбат әрі экономикалық тиімсіз жобаларды тоқтату (мораторий жасау) керек. Сонымен қатар мына ұсыныстарды іске асыру керек:
1. Кәсіпкерлікте еркіндікті қамтамасыз ету керек. Сот жүйесінің тәуелсіз болуы арқылы әр істе әділ шешім қабылдауды жүзеге асыру қажет. Елдегі қылмыстық жағдайды, яғни, ұрлық-зомбылықты тоқтату керек. Халықты мемлекеттік шенеуніктердің қысымынан қорғау үшін бақылап-тексеру жұмыстарын қоғамдық ұйымдарға тапсыру тиіспіз.
2. Ашық түрде қоғамдық ұйымдардың қатысуымен пайызсыз шағын-орта кәсіпкерлікті қаржыландыру жүйесін қалыптастыру. Кәмілетке толған жастарды кәсіпкерлік жолға бағытау үшін жер мен қаржы бөліп беру керек;
3. Отандық өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсетіп, шетелден келетін ұқсас тауарларға мемлекеттік төлемді көтеру. Арнайы ішкі өнімді қолдаудағы датациялық бағдарламаларды ашық түрде іске асыру;
4. Білім беру жүйесін нарықтық заманға сай өзгерту. Мектеп қабырғасынан жастарды іскерлікке, көшбасшылыққа оқыту, тәрбиелеу жұмысын қолға алу.
Мен қазақтілді сарапшылардың пікірін оқыған кезде олардың зерттеулерінің көпшілігі орыс тілінен тікелей аударылғанын байқаймын. Ал орыс тіліне сәйкесінше ағылшын тілінен аударылады. Бәрі де — бір-бірінен көшірілген, өзіндік ерекшелігі жоқ бірсарынды түсініктемелер. Өзіндік ойды қалыптастыру үшін нақты экономикалық білім мен тәжірибе керек. Әсіресе, басқа елдегі емес, өз еліңдегі тәжірибе аса қажет. Экономикалық даму үрдісін қалыптастыруда басқа елден келген сарапшылардың көмегі де аздық етеді. «Әр елдің салты басқа» демекші, менталитет айырмашылығы мен xалық өзгешілігі де бұл тұста басты орынға шығады.
Кезінде Қытайда барлық кәсіпкерлікті шетелдіктерге басқартады, бірақ одан пайда болмаған соң, өздерінің тәжірибелі мамандарын шетелге оқытып алып, сол кәсіпкерліктерді басқартқызады, сол кезде ғана үлкен жетістікке жетіп, жұмыс нәтижелі болады екен. Ол кезде мамандарды таңдау ашық түрде жүріп, еш «туысқандық» әдістерді пайдаланбаған.
Қазақстан экономикасын дұрыстай алатын азаматтар бар, оларды елеусіз қалдыруға болмайды, бірақ оларға мүмкіндік беру қажет. Сол кезде ғана нақты нәтиже күтуге болады. Біз туысқандық, таныстық секілді түсініктерден аулақ болмайынша экономиканың дамуы туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін деген түсініктен ажыраумыз керек.
Еліміздің байлығы дарынды адамдар. Жастарға уақытылы мүмкіндік беру арқылы дарынды тұлғаларды өсіре аламыз, ағайын.
Азаматхан Амиртай
Экологический альянс «Байтақ болашақ»
TazaEl.KZ