Жастарымыз тер төкпестен баюға неге құмар?
Облыстық кеңесте көтерілген мәселелер кімді де болсын селт еткізері анық
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларында жүктелген міндеттерге сәйкес, өңірде «Жасыл ел», «Жастар — ауылға!», «Дипломмен — ауылға!» атты бағдарламалар өз нәтижесін берді. Бұған 4,5 мыңнан аса жас өз үлестерін қосып келеді. Жастарды баспанамен қамту мәселесі де облыс басшылығының үнемі назарында. Өткен үш жылда 579 жас отбасы пәтерлі болды. Білім гранттарының саны жылма-жыл артып, жастардың елімізде, оның сыртында да білім алуына кең жол ашылды. БІРАҚ…
Алайда үнемі жаңаруды қажет ететін жастар мәселесінде ойға түйіп, шара қолданатын проблемалық жәйлар да аз емес. Жуырда облыстық қоғамдық кеңес отырыстарының бірінде кеңес төрағасы Мұрат Өтешов облыстағы жастар мәселесі бойынша құрылған зерделеу тобының жұмыс қорытындысын келтірген еді. Одан аяққа тұсау, қолға кісен болар біраз кедергілер мен кемшіліктерді аңғаруға болады.
Дипломы бар 127 маманның жартысы неге кетті?
Аталған топпен жүргізілген талдау нәтижесі көрсеткендей, аймақта жүргізіліп жатқан идеологиялық жұмыстар жастардың барлық категориясын қамтымайды. Ауыл мен қала жастары арасындағы берік байланыс жойылып барады. Міне, ауылға тұрақтай алмаудың да бір себебі — осы. Қағазды бәрі «қатып» тұр, яки айтылатын сөз көп, нақты іс жоқ. Оны былай қойып, қарапайым мысал келтірсек, жергілікті әкімдер, мекеме, қожалық басшылары жас маманға жағдай жасаудың орнына «сені кім шақырды?» деп қысым көрсететінін қайтерсіз?
— Соңғы жылдары дипломмен ауылға келген 127 маманның 63-і үйі мен күйі келіспеген соң, келген ізімен кері кеткен. Бүгінде ауылдарда газ бен су құбырлары тартылып, жол салынған, басқа да инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Мәдениет үйлері мен спорт ғимараттары, дәрігерлік бекеттер бой көтерген. Әйтсе де, ондағы жастар жағын мәдени-көпшілік және спорттық шаралар аса қызықтырмайды. Ал кітапқұмарлар клубы мен спорттық үйірмелер негізінен мектеп оқушыларынан құралады, — дейді М.Сақтайұлы.
Қазіргі таңдағы ең күрделі мәселе, жоғары оқу орындарын, колледждер мен дайындық курстарын бітірген жастар жұмысқа орналаса алмайды. Алға бір қадам басқан сайын, етектен тартып, жағадан алған кедергілер күтіп тұрады. Кей жағдайда олардың өзі де «қолдан» жасалады. Мәселен, жұмыс берушілер қоятын талаптар — ересек өмірге енді қадам басқандар үшін алынбайтын қамалдай. Еңбек өтілі, тәжірибесі, тіл білуі және басқалары сұралған кезде көбінің сағы сынып, амалдың жоқтығынан сатушылық, күзетшілік, даяшылық қызметке тұра салады. Сөйтіп, қызыл-көк дипломдар қалтаны да, қарынды да қампита алмай, шаң басқан сөрелерге жайғасады…
Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен…
Статистика көмегіне жүгінсек, өткен жылы әлеуметтік сала бағытында 1551 жас даярлықтан өткен екен. Бұған бюджеттен қыруар қаржы жұмсалды. Бірақ көбісі мамандықтары бойынша жұмысқа барудан бас тартыпты. Арасында оқшаулау мекемелерінен босап шыққандары да бар. Жасыратын несі бар, мәселенің екінші ұшы жастардың өзіне де тиеді. Олар еш тер төкпестен мол табыс табуға, шетелдік кәсіпорындарда еңбек етуге құмар келеді.
Бұл сөзімізді санақ көрсеткіштері де дәлелдейді. Елімізде 2 миллионға жуық жастың өз мамандығымен жұмыс істемейтіндігі тіркелген. Себебі, кейбір ата-аналар баласын нарықтағы сұранысы төмен экономист, заңгер мамандықтарына оқуға беруге әуес. Олардың төлемі қымбат болғандықтан, бұл жоғары оқу орындары үшін өте тиімді. Ал ең қажетті ауылшаруашылық, мұғалімдік, дәрігерлік мамандықтарға ешкім қызығар емес.
— Өкінішке орай, мектеп түлектерімен кәсіби бағыт-бағдар жұмыстары жөнді жолға қойылмаған. Соңғы жылдары пайда болған жаңа мамандықтар назардан тыс қалып келеді. Құрылысшы, сантехник, кафель жапсырушы, дизайнер, көлік жөндеушілерге сұраныс жоғары, бірақ, талпыныс төмен. Өңірде құрылыс, жол, коммуналдық, тазалық жұмыстарынан басқасын өзбек пен қарақалпақ ағайын тындырып жатыр. Тіпті, тірімізге үй-жай, өлгенімізге мола тұрғызатын да — солар.
Жастардың шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы үлесі де төмен. Оларды жаңа жұмыс орнын құру мен қолжетімді несие бөлу арқылы қолдау шаралары да мардымсыз. Ал шындығына келгенде, жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, оларды өңірдің әлеуметтік-экономикалық және саяси-қоғамдық өміріне тарту — облыстық жастар саясаты басқармасының басты міндеті болуға тиіс, — дейді М.Сақтайұлы.
Енжарлық, жауапсыздық, қатыгездік қайдан келді?
Бүгін де жұмыссыздық жастарды қылмыс жасауға итермелеп отыр. Осындай пікірді келтірген облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов жастар мәселесінде әлі де зерделі зерттеуді талап ететін тұстар бар екенін айтады. Тағы да статистика тілімен сөйлер болсақ, 2016-2017 жылдары және ағымдағы жылдың екі айында 18-29 жастағылар тарапынан 2981 қылмыс тіркелген. Соның 2051-сі орташа, ауыр және аса ауыр. Әсіресе, Атырау қаласында, Жылыой мен Индер аудандарында ауыр қылмыстар қатары өскен. Соның ішінде, кәмелет жасқа толмағандар 286 қылмысқа жол берген. Жаға ұстатар көрсеткіш өткен жылы 2016 жылмен салыстырғанда облыс орталығында 23-ке, Жылыойда бесеуге артқан.
«Ауыр» деп отырған қыз зорлау, тонау, ұрлық, бұзақылық, бопсалау деректері негізінен жасөспірімдерге тиесілі екен. Демек, алда олардың құқықтық мәдениетін арттыру міндеті тұр. Жасыратын несі бар, күнделікті көше бойына зер салсаңыз, телефонға телмірген күйі қоғамда болып жатқан құбылыстарға пысқырып та қарамайтын жастарды көресіз. Ғаламтор «ғажайыбы» бүгінгі күннің естен тандырар есірткісіне айналды. Жастарды былай қойғанда, оларға басу айтуы тиіс ата-ананың өзі әлеуметтік желіден шықпайды. Ақыры, көз жанарын тауысып, омыртқасы мен қан айналымына зақым келтіреді. Соңғы кезде семіздік ауруына шалдығушылар қатарының күрт өсуі де, міне, сондықтан.
Дәрігерлердің айтуынша, балғын бүлдіршіндердің өзінде енжарлық, жауапсыздық, қатыгездік фактілері белең алуда. Сөзімізге дәлел, Талдықорған қаласындағы 11 сынып оқушысы өзінің туған анасын асқан қатыгездікпен өлтіргенін қалай түсінуге болады? Ал қылмыскер бұл сұмдық харекетін тергеушіге адамның өлер алдындағы кейпін көргісі келетіндігімен түсіндірген деседі. Олай болса, келешек кілтін ұстаған жастарымызды ғаламтор зардабынан қазір қорғамасақ, ертең кеш болады.
Суицид дертінің күшеюі неліктен?
Жастар арасындағы келесі кезектегі өзекті мәселе — суицид дерті. Мамандардың айтуынша, облыста соңғы үш жылда 62 жас көпірден секіру, буыну және улану әрекеттеріне барып, оның 19-ы жарық дүниемен қош айтысқан. Неліктен? Жан түршігерлік жайттардың орын алу себебін мұғалім де, дәрігер де, психолог та, құқық қорғаушылар да біле алмай отыр. Терең талдау жұмыстарын жүргізбей, қандай сұраққа да қанықты жауап алу мүмкін емес.
Осы ретте, тағы бір проблеманың басы қылтиып шыға келеді, ол — оқушы қыздардың ерте жүктілігі. Соңғы үш жылда осындай жағдаймен 15-17 жас аралығында 600-ден аса қыз тіркелген. Бұл бағытта Атырау қаласы — 353, Жылыой ауданы — 99, Құрманғазы — 49 және Мақат — 44 жағдаймен көш бастап тұр. Мұның бәрі де, соңғы кездегі тәрбие ісінің тоқырауға ұшырап отырғанын білдірсе керек-ті.
Қағазда бәрі қатып тұр, бірақ…
Елбасы әркез «Дені сау ұрпақ — тірегіміз» деп жастарға сенім артып, олардың білімін көтеруді, әл-ауқатын арттыруды қатаң тапсырып келеді. Бұл міндет бүгінде өз деңгейінде атқарылып жатыр ма? Әлде, әлі де сол баяғы «қағазда бәрі қатып тұр» дегеннің кебін киіп жүрміз бе? Өкінішке орай, кешегі кеңес үкіметі кезінде сәнге айналған шылым шегу мен шарап өнімін қолдану бүгінгі қоғамда да маңызын жоймай келеді. Теріс әдеттің тамырына балта шабудың тың тәсілі бар ма?
— Ресми мәліметтерге сүйенсек, өңірдегі наркология мекемесінде 7000-ға жуық науқас маскүнемдік пен нашақорлық дерті бойынша тіркелген. Оның алтыдан бірі — өрімдей жастар. Сондай-ақ жүйке ауруына шалдыққан 6 мың адамның 2000-ға жуығын жасөспірімдер құрайды. Жұқпалы аурулар, оның ішінде жыныстық жолмен берілетін инфекция түрін жұқтыру былтыр 423 дерекпен толықса, биылдың бірінші тоқсанында 71-і тіркеліпті. Ал әлі анықталмағаны қанша? — дейді еңбек ардагері Мұрат Сақтайұлы.
Осыдан 15 жыл бұрын облыста ЖИТС дертінің 94 фактісі орын алса, қазір 260 адам есепте тұр. Соның 25 пайызы — шетелдіктер, 16 пайызы еліміздің басқа өңірлерінен келген екен. Айтпақшы, жуырда облыс әкімі жанындағы үйлестіру кеңесінде туберкулезбен күрестің ахуалы талқыланды. Рас, соңғы жылдары «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталықтары бірқатар шаралар легін өткізіп, қыруар қаржы жұмсауда. Бірақ нәтижесі — төмен. Өйткені ішімдік, темекі мен есірткіге әуес жандар қатары азаймай тұр…
Елімізде жастар жұмыспен қаншалықты қамтылған?
Үкімет отырысында жастарды жұмыспен қамту мәселесі бойынша есеп берген ҚР Еңбек және халықты əлеуметтік қорғау министрі Мəдина Әбілқасымова: «2018 жылғы ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайызды немесе 82,4 мың адамды құрайды. Бұл республикадағы жұмыссыздықтың деңгейінен төмен. Жұмыспен қамтылған жастардың жалпы саны — 2 миллион 100 мың адам. Жұмыспен қамтылған жастардың 1,5 миллионы жалдамалы жұмыскерлер, ал 456 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жатады. Жыл сайын 120 мыңнан астам мектеп түлегі еңбек нарығына қосылады. Олардың 18 пайызы колледжге, 60 пайызы жоғары оқу орындарына түседі, ал қалған 19 пайызы мамандық алмай қалады, қалған 4 пайызы шетелге кетеді, әскерге шақырылады. Жастардың 36 пайызында жоғары білімі, 39 пайызында арнайы орта білімі бар. Ал жастардың 25 пайызының білімі негізгі, бастауыш, жалпы білім деңгейінде. Осыған байланысты білімі жоқ жастарды алғашқы мамандығымен қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап Тегін кəсіптік-техникалық білім жобасы іске асырылуда. Жыл сайын 21 мыңнан астам адам техникалық және жұмысшы кәсіптеріне оқытылады. Осы жоба бойынша жастар қатарынан 38 мың адам оқытылып жатыр»,— деген деректерді алға тартты.
Мектепке жетіспейді ер мінезі…
Облыстық қоғамдық кеңес мамандарының жан-жақты талдау жұмыстары ұлт пен ұрпақ тәрбиесіндегі көптеген олқылықтардың бетін ашты. Шетел мәдениетінің шылауына ерген жас буын ұлт құндылығын кейінгі орынға ысырып қойған. Қазіргі кей ер балалар қыз мінезді, шамадан тыс сезімтал да аңғал болып келеді. Неге? Себебі, мектепке ер мұғалімдер, олардың ер мінезі жетіспейді. Бұдан бөлек, қыз-жігіттердің кеш аяқтануы, отбасындағы әлімжеттік — бала туу көрсеткішінің төмендеп, ажырасудың үлесі артып, алимент төлеушілердің көбеюіне әкеліп соғуда.
— Бұрынырақта қалай, неке сарайларында екі жас болашақтың берік іргесін бірге қаласуға серттесетін-ді. Ол өшпес өнеге мен ақыл-кеңес беретін тәлім-тәрбие мен бағыт-бағдар мектебі болмап па еді? Ал қазір не өзгерді? Өзгерген — адам, ал, заман орнында тұра береді. Бүгінде мәңгілік махаббат белгісін білдіретін неке халыққа қызмет көрсету орталықтарында қиылады. Меніңше, бұл мүлде дұрыс емес. Адамзат өміріндегі ең маңызды шараны тым ресмилендіру — қате деп ойлаймын. Шындығына келсек, өткеннен өнеге алар нәрсе көп. Сондықтан кешегінің келісті жақтарын сақтап қала алмағанымызға өзіміз кінәліміз, — дейді Байда ауылдық округінің тұрғыны Күлмай Шамарова.
Оны қоя тұрыңыз, анау азаматтық некеде отбасын құрғандарға не дерсіз? Мұндай некенің қоғам алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ. Шаңырақ — екі жаққа да ортақ. Сәйкесінше, отбасы міндеттемелері де теңдей бөлінеді. Әйтсе де, мұны ұғынып жатқан ұрпақ байқалмайды. Соңғы екі жылда және ағымдағы жылдың төрт айында өңіріміздің өзінде 131 қаракөзіміз шетелдіктерге тұрмысқа шыққан. Шетелдік қыздарға таңдауы түскен ұлдарымыз да бар олардың саны — 178. Олардан өрбіген ұрпақтың бойынан ертең ұлтжандылық қасиеттерді таба қою қиынға соғары анық. Бұл өз кезегінде ұлт өсімінің көршілес Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан елдерімен салыстырғанда айтарлықтай төмендеуіне себеп.
Уландырған жат ағымды кім тоқтатады?
Бүгінгі бала — ертеңгі ел азаматы. Халық та, Елбасы да жастарға зор сенім артып, үлкен үміт күтеді. Мұны олар қаншалықты сезініп отыр? Діни экстремизм мен терроризм құрылымдарының шабуылдарына төтеп бере алмай, қорғансыздық танытып жатқандары қаншама?
— Өздеріңізге белгілі, Орталық Азиядағы «моджахедтер жамағаты» деп аталатын ұйымдар негізінен 15-25 арасындағы жастардан құралған. Арасында өңір тумаларының бары алаңдатады. Былтыр 17 мыңнан астам жастың қатысуымен 191 діни ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Алайда оған қысқа балақты, ұзын сақалдылар мен беттерін тұмшалағандар қатыспайды. Өрімдей жас жігіттер мен қара жамылған қыздардың кішкене ғана сауда дүңгіршектерінде намазға жығылуы да іштей қынжылтады. Сонда қалай болғаны?
Облыста 3 мыңдай салафит ағымын ұстанушы бар, оның 2 мыңы — Атырау қаласының тұрғындары (Жастар 65 пайызын құрайды. Авт.). Сондай-ақ қыздарын хиджапсыз мектепке жібермейтін, аурудың алдын талуға бағытталған екпелерден бас тартатын ата-аналар бар. Ал Заңда «нәресте 16 жасқа дейін екпенің 21 түрін алуы керек» делінген. Соған қарамастан, туғалы бірде-бір екпе алмаған балалардың бар екені анықталып отыр. Бұл — санитарлық-ағарту ісіндегі олқылықты және екпенің сапасына деген сенімсіздікті көрсетіп отыр. Кейбір діндарлар балаларын «жабық» балабақшаға беріп, өзге өңірлерде «қашықтық әдісімен» оқытып жатыр. Осының бәрін болдырмау үшін діни сауатты, білімді мамандардың уағыздары қажет. Өкінішке орай, жергілікті дәстүрлі дін өкілдері қауқарсыздыққа жол беріп отыр, — дейді Мұрат Өтешов.
Айтса айтқандай, жақында елді елең еткізген жағдай орын алды. Аудандардың бірінде «сақалдылар» қайтыс болған адамның мүрдесін белгісіз бағытқа қарай алып кетіпті. Құқық қорғау және дін өкілдері дәрменсіздік танытқан. Алла үйі болып саналатын мешіттерге келуші жамағат тарапынан намаз шартын бұзу, құбылаға бет бұрмау деректері көбейген. Жаназа мен жерлеу рәсімдерінде де бейәдеп қылықтар көрініс тауып отыр.
ҚР Қоғамдық даму министрі Д.Кәлетаев: «Ниетсіз жастардың» саны 300 мыңнан асады
Д.Кәлетаев: «Жастардың жағдайы мен көңіл-күйіне жұмыссыздық тікелей әсер етеді. Халықаралық еңбек ұйымының өткен жылғы баяндамасына сәйкес, соңғы 20 жылдың ішінде әлемде жастардың саны 139 млн. адамға өскен. Ал жұмыспен қамтудың үлесі 30 млн. адамға кеміген. Қазақстанда жастарды жұмыспен қамту мәселесі жақсарып келеді. Мәселен, 2011 жылы еңбек пен оқуға тартылмаған жастардың үлесі 18,6 процент болса, биылғы жылы аталған көрсеткіш 7,7 процентке кеміді. Алайда бұл жерде шешімін таппай жатқан бірқатар мәселелер бар. Біріншіден, «ниетсіз жастардың» саны 300 мыңнан асады. Былай қарасаң, ол бір облыс орталығында тұратын xалықтың санымен бірдей. Екіншіден, оңтүстік өңірлерде, сондай-ақ, Маңғыстау мен Қарағанды облыстарында жұмыспен қамтылмаған жастардың саны тым жоғары. Үшіншіден, жас әйел адамдардың осы топқа кіру қаупі зор болып отыр».
Әскерге барар 3553 жігіт жарамсыз
Бүгінгі жастар жөнінде мәселе көтерілгенде, ең алдымен олардың денсаулығы алаңдатады. Өйтпегенде ше? «Бірінші байлықққа» бейжай қарауға болмайды. Санақ көрсеткіштері былтыр аймақтан әскер қатарына шақырылған 3553 жігіттің денсаулығы жарамсыз деп танылған. Бұл — контингенттің 70-80 пайызы. Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақы тәлім дәстүрінің жастар жүрегінен нық орын алмағаны өкінішті. Патриоттық тәрбие іспен емес, сөзбен, сапамен емес, санмен ғана шектеліп жатыр.
— Екі жылдан соң Ұлы Жеңістің 75 жылдығы тойланып өтеді. Оған дайындықты қазірден бастай берген жөн-ақ. Ұлы Отан соғысының ардагерлер қатары да жылма-жыл сиреп барады. Жас ұрпақ кешегі Москва, Ленинград, Сталинград шайқастарында жауға тойтарыс берген қазақстандық 312, 314, 316 атқыштар дивизиялары екенін, ерен ерлік үлгісін көрсеткен Кеңес Одағы Батырлары — қазақтан шыққан генералдар Ғани Сайфуллин, Сабыр Рахымов, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетовтерді, батыр қыздарымыз Мәншүк, Әлия, Хиуаз апаларымызды, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаевты, партизан командирлері — Әди Шәрипов, Қасым Қайсеновты, жерлес батырларымыз Қайырғали Смағұлов, Боран Нысанбаев, Муса Баймұхановты және басқаларын да ұмытпауға тиіс.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бастамасынан туған «Қазақ халқына мың алғыс» акциясы тек корей, шешен, дағыстандық бауырларымыздың қазақ еліне деген шексіз сүйіспеншілігімен ғана шектелмей, заңды жалғасын табуы керек. Тарихи шындыққа сүйенген ғылыми жиындар мен кездесулер өткізу жөнінде Ассамблея хатшылығы бастама көтерсе, қоғамдық кеңестер қолдауға дайын, — дейді облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Сақтайұлы.
Қара сөздің қадір-қасиетін төмендеткен кім?
Мықты тәрбие құралдарының бірі — айтыс өнері. Суырыпсалма ақын жерлестеріміз үлкенді-кішілі додаларда топ жарып жүр. Әйтсе де, олардың есімдерін ел біле бермейді. Көпшіліктің танитындары — арқалы айтыскерлер Ринат Зайытов, Айнұр Тұрсынбаева, Аспанбек Шұғатаев, Бауыржан Халиоллалар. Соңғы кезде республикалық аламандарға қызылқоғалық Шалқарбай Ізбасаровтан басқа ешкім қатысып жүрген жоқ.
Мамандардың айтуынша, ақындар өздеріне берілген тақырып шеңберін ұмытып, жеңіл сөздермен бір-бірін мінеп алудан әрі аса алмайды. Көбісі бәйгеге тігілген бағалы жүлдеге қызығып, қара сөздің қадір-қасиетін аяқ асты етіп жатады. Ал жеңімпаздарға мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржы — қомақты. Оларға баға беретін қазылар мен көпшіліктің пікірлері қарама-қайшы келіп жатады. Сөйтіп, олар да өзара «айтысып» кететін жайттар орын алып отырады. Осыдан келіп ұлттық өнер өзінің мән-маңызын жоя бастайды.
— Жас ұрпақ жүрегінде «елім, жерім» деп жырлаған орақ тілді, от ауызды Сүйінбай, Мұрат, Махамбет образдарына неге орын жоқ? Айтыс жеңімпаздары шын мәнінде дүлдүл болуы керек қой. Айтыс алаңына шығып, мардымды өнер көрсете алмағандарды додаға қосуды қойған жөн. Ірі мекемелердің мерейлі тойларына арнап ұйымдастырылатын жалдамалы айтысты да тыйған жөн, — деп санайды айтыс сүйер қауым.
«Қызым саған айтамын…»
Облыс, қала, аудан көлемінде сұлулар сайысын өткізу қазір үзілмес үрдіске айналды. Оның артында қаржылай және психологиялық тығырыққа тірелген ата-ана тұрғанын елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Арулардың сырт келбетіне көбірек мән беретін қазылар олардың ішкі рухани жан дүниесін қаншалықты бағалай алуда? «Жылтырағанның бәрі алтын емес» деген қазақтың сөзі осыған қатысты айтылғандай.
Кезінде кеден ісінің кірпішін қалаған еңбек ардагері Мұрат Өтешов «қыз» деген қасиетті ұғым екенін, олардың қадір-қасиетін бағалау үшін ұлттық салт-дәстүрге құрылған шараларды көбейту керектігін айтады. Қазір жергілікті телекөрсетілімдегі «Дарын», «Туған жер», «Жанұялық спорт», «Баламен бетпе-бет» бағдарламаларын оқушылар сүйіп көреді. Демек, жастар тәрбиесінде атқарылып жатқан оң істер де жоқ емес. Тек солардың санын көбейтуге бірлесе атсалыссақ болғаны.
Тобықтай түйін:
Қоғамның күші — жастарда ғой. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?» — деп бекер айтылмаған. Қажетінде қоғам да қол ұшын беріп отырса құба-құп. Қалай еткенде де, жастардың санасын санда бар, сапасы жоқ арзан дүниелермен уламағанымыз дұрыс болар. Абайша айтсақ, «дүниенің кетігін тауып, кірпіш болып қалануына» жағдай жасаған жөн. Ендеше, біз де бірауыздан олардың ізгі жүректі, игі тілекті, «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» болуын тілейміз.
Мағау МАҒЗОМ,
Атырау облысы