Жастық шақ – даналықты меңгеруге арналған уақыт!
Адам жас өмірін өнер-ғылымға жұмсамай, шырылдауық шегіртке тәрізді ойран-асыр, той-думанмен өткізсе, қырқында қамал алмақ түгілі, отызында орда бұза алмайтыны анық, Қазақ «Болар бала он бесінде баспын дер, болмас бала отызында жаспын дер» — деп бекер айтпаған.
Әнас ибн Мәликтен (р.а) жеткен хадисте: Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет-қайым болып, біріңнің қолында құрма көшеті болса, қиямет орнамастан бұрын егіп үлгерсе, ексін» — деген (Бұхари). Неткен ғажап десеңізші!
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ертең еңбегіңнің жемісін өзің көрмейтін болсаң да, адамзатқа, кейінгіге пайдаңды тигіз, еңбектен дегенді меңзеп тұр ғой. Тепсе темір үзетін қажырлы жастарымызға бұл хадис — үлкен насихат. Ертеде Жахиз бен Ибн Рушд атты екі ғалым болған екен. Жахиз кітап сатып алатын ақшасы болмағандықтан кітап дүкендерін түнемеге жалға алып, сонда таңға дейін зерттеу жұмыстарын жүргізетін көрінеді. Ал жастық шағын үнемі ілім іздеумен өткізген Ибн Рушдтың кітап оқымай өткізген екі ғана түні болған деседі: бірі — үйленген түні, екіншісі — әкесі дүниеден өткен түн.