«Жасыл белдеуге» бағыт алған Жаңаталап
Аудан басшысы әуелі Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында кездесуге келген аяулы аналарды, ару қыздарды мерейлі мерекелерімен құттықтап, гүл шоқтарын табыс етті.
Жалпы, округке қарасты Жаңаталап және Ұйым ауылдарында екі мыңға жуық тұрғын бар. Түтіні түзу шыққан қос ауылға өткен жылы «Аумақты дамыту» бағдарламасы шеңберінде жалпы ұзындығы 16,7 шақырым газ құбыры тартылды. Сондай-ақ, балаларға арналған 2 ойын алаңшасы қолданысқа берілді.
Округ әкімі Темірлан Абдраевтың баяндамасынан, қос ауыл «Жасыл белдеуге» басымдық беріп, бағыт алғаны байқалады. Оның бір дәлелі, өткен жылы елді мекендерді абаттандыру бойынша тазалық жұмыстары жүргізіліп, ауыл ішінен 37 тонна қоқыс шығарылып, 800 түп тал көшеттері отырғызылған. Мұнымен қоса, Ұйым ауылына жеміс ағаштарын отырғызу үшін «Жасыл белдеу» қорғаныш алқабы салынды.
Есепті жиында аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев баяндамасын негізгі 7 тармақ бойынша мазмұндап көрсетіп, жыл ішінде атқарылған жұмыстарды кеңінен қамтыды. Ал кездесудің қорытынды кезеңінде жарыссөзге шыққан Жаңаталап ауылының тұрғыны, зейнеткер Н.Сұлтанбеков Тараз – Жаңаталап бағытындағы облыстық маңызы бар жол бойынв көлік жылдамдығын шектейтін және мал жүру белгілерін орнатуды сұрады.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі