ЖАТТА ҚАЛҒАН СҮЙЕГІ…
Ойлап қарасаң, қазақтың хан, сұлтандарының біразының бейіті Қазақ шекарасынан тыс жерде қалыпты. Бұрындық хан – Өзбекстанда. Ораз Мұхаммед хан – бүгінгі Ресейдің Рязанында, Кіші жүздің ханы Арынғазы Калугада жерленген. Бөкей ханның мәңгілік жай тапқан жері – Астрахань облысы. Бұлардың бөгде далада қалуына не себеп болды? Жалпы, жат топырақты жастаған хандарымыздың тағдыры туралы не білеміз?
Қазақтың екінші ханы Бұрындықтың сүйегі неге өзбек жерінде қалды?
Жәнібек хан дүниеден өткен соң хан тағына Керейдің ұлы Бұрындық отырды. Бұрындық ұрыста ерлігімен көзге түскен батыр болды. Алайда ел билеуге келгенде ездік танытқан секілді. Соның кесірінен айналасындағы уәзірлері мен рубасыларын жұмылдыра алмады. Тіпті Жәнібектің жас ұлдарын да уыстан шығарып алды.
Бұрындықтың бір ойы шайбани сұлтандарымен туыстасу арқылы одақтасу еді. Сол мақсатта үш қызын да шайбанилерге ұзатты. Осыдан кейін екі ел арасы аздап тынышталғандай болды. Алайда Шайбани Темір иелігіне қарайтын қалаларды өзіне қаратып, соңында қазақтарды Түркістанға жолатпауға бекінді. Бұрындық пен Шайбанидің туыстығы осы кезде жайына қалды.
Шайбанидің Қазақ даласына жасаған шапқыншылықтары да Бұрындықтың беделін түсіріп жіберді. Жәнібек ұлдарының иеліктері бүлініп, Бұрындықтың иеліктері соғыстан аман қалып отырды. Мұны ханның құдаларына жақ болғанымен байланыстырған Жәнібек ұлдары Қасым сұлтанды қолдады. Тарихшы Талас Омарбеков Бұрындық ханды «қаһарман жауынгер, бірақ өкінішке қарай, жігерсіз тұлға еді» деп жазады. «Ақырында ешкімге керексіз болып қалған ол, өзіне ілесіп Мәуереннахрға қоныс аударған өзінің төрт ұлы – Шайқымнан, Санжар-Жақаннан, Жақан-Бақтыдан, Кімсіңнен де қолдау таба алмай, көп қыздарының ішінен Самарқанда тұратын кенжесі Михр сұлтан ханымның қолына көшіп барды. Аса бай, қолында вакфтік құжаты бар бұл қызы оны өмірінің соңына дейін бағып-қақты. Елден қол үзіп елеусіз қалған ол, қайтыс болған соң, көп мұсылманның бірі болып, ешбір қошеметсіз, Үргеніш маңындағы қабірге жерленді», – дейді тарихшы.
Тарихшы Өмір Шыныбекұлы: «Бұрындықты Қасым хан секілді тұлғаны аман-сақтап, хан тағына дейін жеткізгені үшін құрметтеу керек» деген пікірде. «Қазақ халқы әйелінің қолына кіріп алған еркекті «Күшік күйеу» деп жақтырмайтыны белгілі. Сол секілді, өзін бағатын ұл тәрбиелей алмай, қызының қолына кіріптар болатын адамдарды да қазақ жақтыра бермейді. Бұрындық хан бейнесінің бізге ұнамсыз кейіпте жетуіне осы жағдайдың да әсері жоқ емес», – дейді Ө.Шыныбекұлы.
Қалай десек те, Бұрындықтың өмірінің соңында кіші қызы Михр сұлтан ханымды паналағаны анық. Михр сұлтан ханым Мұхаммед Шайбанидің ұлы Мұхаммед Темір сұлтанның жары болды. Михр ханым Самарқанда жерленді. Тарихшы Берекет Кәрібаев: «Бұрындық хан Дешті Қыпшақтан кетіп, Самарқанға келді. Сонда жүріп қайтыс болды. Үргеніш қаласы маңындағы Бақырған ата қабірінің жанына жерленді» десе, белгілі жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы: «Сүйегі Өзбекстанда, Самарқанның «Шаһи-зинда» зиратында жатыр» дейді. Үргеніш пе, Самарқан ба, оны тарихшылар бірізділей жатар, бізге белгілісі – Бұрындық хан бейітінің бүгінгі Өзбекстан жерінде қалғаны.
Қазақтың сегізінші ханы Шығай Хақназар хан шейіт болғаннан кейін билікке келді. Хақназардың ұлдарының бұғанасы бекімегендіктен, сұлтандар хан тағына Жәдік сұлтанның ұлы, Бұрындық ханның күйеу баласы Шығайды лайық деп тапты.
Шығай да атасы Бұрындық секілді шайбандық сұлтандармен достық байланыста болды. Бұған Бұрындықтың қызы Михр сұлтан ханымның да ықпалы бар еді. Хақназарды өлтірген ташкенттік билеуші Баба сұлтан Шығайдың қас жауы болатын. Шығай хан Абдолламен одақтасып, Баба сұлтанды өлтіріп, Хақназардың кегін қайтарды. Алайда Бұрындық секілді Шығай хан да шайбандықтардың ықпалынан шыға алмады. Мұның салқыны қазақ сұлтандарына да тиді. Шығайдан тіпті Хақназардың балалары да ат ізін аулақ салды. Соңында Шығай тағынан түсіп, Қазақ хандығының билігін ұлдары Тәуекел мен Есім хандарға тапсырды. Өзі Абдолла хан сыйға тартқан Ходжент аймағына көшіп кетті.
Шығайдың елден кетуіне байланысты тарихшылар түрлі уәж айтып жүр. Ханның Ходжентке кетуін бірі Бұқара хандығына өтіп, Абдолладан пана іздеді деп түсіндірсе, кейбірі Шығайды халқынан қарғыс естіп, жалғыздықта өлген Тахир ханмен салыстырады. Қойшығара Салғараұлы мұны ешбір негізсіз деп тауып: «Шығай хан Абдолла сұлтаннан Ходжентті алып, мұнда нақшбанды сопыларының қоршауында болған. Ол сырттан қаңғып өлмеген, ресми түрде қазақтың ханы атанған күйінде, өз жөнімен, өз ажалымен, өз иелігі Ходжентте жарық дүниемен қоштасқан», – дейді. Шығайдың биліктен бас тартуы, дүниені тәрк етуі – оның сопылық жолға түсуімен де тікелей байланысты болуы мүмкін. Қалай десек те, Шығайдың 1582 жылы өзбек жерінде дүние салғаны ақиқат. «Баласы Тәуекел бастаған қазақ сұлтандары оның денесін Бұқараға жақын маңдағы Құшкент елдімекеніндегі Әлиата қабіріне қойды. Алайда өзінің тағдыры осындай күрделі әрі аянышты бола тұрса да Шығай хан өзінің ұлдарын мемлекетшілдікке, ел басқаруға, қазақ мүддесін қорғау жолында әрқашан батырлық пен батылдық танытуға тәрбиелеп кетті», – деп жазады Талас Омарбеков.
Қазақтың тоғызыншы ханы, Шығайдың ұлы Тәуекел ханның да қайда жерленгені жайлы дерек жоқ. Тарихшылардың жазуынша, Тәуекел хан Тәшкен түбінде қаза тапқан. Сол жақта жерленген болуы да мүмкін. Жоғарыда айтқан Баба сұлтанға қарсы шайқаста Шығай ұлдары ерлігімен көзге түсті. Кейін Баба сұлтанның басын алып, елге зор жеңіспен оралған Тәуекелді қазақ сұлтандары ыстық ықыласпен қарсы алып, хан көтерді.
Тәуекел ноғаймен де, қалмақпен де жақсы байланыста болды. Енді Тәуекел шайбандықтардың иелігіндегі қазақ қалаларын азат етуге тырысты. Сөйтіп, Түркістан мен Тәшкенді алды. Артынша жетпіс мың қолымен Бұқараға аттанған еді. Осы кезде ауыр жараланып, Тәшкенге қайтуға мәжбүр болды. Ұзамай, осында дүниеден өтті. Тәшкен – бүгінде басқа елдің астанасы. Даңқты батыр, дара ханымыз бөгде елдің топырағын жастанып жатыр.
Шығай ханның бір ұлы – Ондан сұлтан болатын. Осы Ондан отызында шейіт болды. Одан Ораз Мұхаммед тарады. Ондан өлгенде Ораз Мұхаммед он үште екен. Ағасы Тәуекел ханның қамқорлығын молынан көрді. Тәуекел Көшім әулетінен Сібір даласын қайтаруды көздеді. Сол мақсатта Ораз Мұхаммедті башқұрттарға қарай жіберді. Осы кезде Ораз Мұхаммед сұлтанды нөкерлерімен бірге орыс жасақтары қолға түсірді. Қазақтың ханы Тәуекелдің бауыры екенін білген орыстар оны Мәскеуге жөнелтті. Патшаның қазақ сұлтанын өзіне алдыртудағы ойы түркілерді түркілерге қарсы қою болатын. Оны мұсылман жасақтарының қолбасшысы етіп тағайындап, шведтерге қарсы салды. Сұлтан патшаның сенімінен шығып, жеңіспен оралды. Осы кезде Тәуекел хан патшаға елші жіберіп, інісін қайтаруды сұрады. Алайда Ораз Мұхаммедтен айырылғысы келмеген патша ханға бауырын бермеді. Осылайша, сұлтан басқа елде аманатта қалды. Патша тағына Борис Годунов отырған кезде де сұлтанды елге жібермеді. Керісінше, жаңа патша оны орыстардың Қырым хандығына қарсы жорығына қосты. Соғыста ерлігімен көзге түскені үшін Ораз Мұхаммедке Қасым қаласын сыйға тартып, өзін осы қаланың ханы сайлады. Бұл жайлы сұлтанның серігі болған Қадырғали Жалайыр: «Жиырма жасында ұлы мәртебелі Ораз Мұхаммед хан хандыққа отырды» деп жазды. Ораз Мұхаммедті жалған ІІ Дмитрий өлтіріп, денесін Ока өзеніне ағызып жіберді. Ұзамай ноғай мырзасы, сұлтанның жолдасы Петр Урусов жалған
ІІ Дмитрийді ажал құштырды. Досының денесін Окадан тауып, арулап жерледі. Осылайша, Ораз Мұхаммедке де жат жердің топырағы бұйырып, өзі билеген Қасым қаласына жерленді.
1702 жылы Орыс патшасы І Петрдің бұйрығымен Қасым қаласының мешіті қиратылды. Сол кезде Ораз Мұхаммедтің де мазары талқандалды. 1860 жылы түрколог Хусаин Фаизханов Старопосад зиратынан Ораз Мұхаммедтің құлпытасын тауыпты. Таста «1009 жылдың Рамазан айының 16 күні Ондан сұлтанның ұлы Ораз Мұхаммед хан опат болды. Жаратушы Құдай жар болсын!» деген жазу болған екен.
Ресей империясының шенділері мен тарихшылары жоғары бағалаған Кіші жүздің ханы Арынғазы Әбілғазыұлының да жай тапқан жері – орыс топырағы. Арынғазы туралы тарихшы Радик Темірғалиев біраз дерек тапқан болатын. 1748 жылы Кіші жүздің ханы Әбілқайыр өлгеннен кейін, орыс билеушілері ұлы Нұралыны хан қойды. Алайда қай жұрт Бөкейді емес, Батыр сұлтанды хан қабылдады. Батырдың ұлы Қайып 1746-1756 жылдары Хиуаны биледі. 1786-1791 жылдары Кіші жүздің Әлімұлы руларын басқарды.
Қайыптың ұлы Әбілғазы да 1760 жылдары Хиуада хан болды. Әкесі дүниеден өткеннен кейін Кіші жүздің Әлімұлы руларын биледі. Орыс билеушілері Батыр ұрпақтарын Кіші жүздің үлкен билігіне жолатпады.
Әбілғазының кезінде хиуалықтардың Сырдарияға шабуылы үдеді, қазақтарды қырғынға ұшыратты. 1815 жылы Әбілғазы қартайып, дүние салды. Орнына ұлы Арынғазы келді.
Арынғазы келгенде Кіші жүз руларының көрген күні қиын еді. Руаралық шиеленістер үдеді. Қарақшылар қаптады. Хан осындай мәселелердің бәрінің шешімін тапты. Әсіресе, Бұқарда тәрбиеленгені билігіне оң әсерін тигізді. Далаға шариғат заңдарын әкелді. Бүлікшілер мен қарақшыларды қолға түсіріп, қатаң жазалады. Дала заңымен қатар, шариғат заңын да іске асырды. Елді тыныштандырғаны үшін жұрт оны Тыным хан деп атады.
Арынғазы қазақты қызғыштай қорығанымен, іргелес жатқан Бұқар мен Хиуаның шамына тиді. Тіпті екеуіне қарсы соғысқа да шықпақ болды. Ханның бұл қылығы орыс билеушілеріне ұнамады. Соңында Арынғазыны Петерборға алдап шақырып, қолына кісен салды. Оны Хиуамен байланысты бұзғаны үшін айыптап, 1823 жылы Калугаға жер аударды. Шынында, орыстар халқының сүйіктісіне айналған Арынғазыны орыс билігіне қауіп төндіреді деп қорықты. Одан Кіші жүздің ғана емес, бүкіл Қазақтың хандық билігін қолына алады деп қауіптенді. І Александр өліп, орнына І Николай келген кезде Орынбор губернаторы Эссен патшадан Арынғазыны еліне қайтарып, қайтадан билікке әкелуді сұраған болатын. Алайда патша бұған рұқсат бермеді. Тек Мәскеуде тұруына ғана рұқсат берді. Ол мүмкіндікті ханның өзі пайдаланған жоқ.
Калугаға жер аударылып, осы қаланы мекен еткендер қатарында Кавказдың атақты батыры, имам Шәміл, Қырымның соңғы ханы Шахин Герей де болды.
Сол жақта жүріп Арынғазы мәскеулік көпестің қызына үйленді. Одан Фатима деген қызы болды. Негізінде, Ішкі Ордада да Арынғазының бірнеше әйелі болған. Бірақ орыс билігі ханның ол әйелдерімен, балаларымен байланысуына мүмкіндік бермеді. 1833 жылы Арынғазы ауыр дертке шалдығып, ұзамай дүние салды. Денесі Калугадағы Лазаревское зиратына жерленді. Бүгінде ол зират қаланың қақ ортасында қалды. Ағаштар қаптап өсіп, саябаққа айналып кеткен деседі.
Кіші жүздің тағы бір ханы Бөкейдің бейіті – Ресей жерінде. Бөкей хан Нұралыұлы Астрахань облысы Қызылжар ауданының Кіші Арал ауылында жатыр. Өзінің аманаты бойынша денесі рухани ұстазы Сейіт бабаның жанына жерленді. Негізінде, бұл аймақ бұрын ханның өзі құрған Бөкей ордасына қарады. 1801 жылдың 11 наурызында І Павел Бөкей ордасын құру туралы жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, Бөкей хан Еділ – Жайық арасын қайтадан Қазақ жеріне қосты. 1929 жылы жаңа шекара белгіленген В.Ленин Бөкей ордасына қарасты біраз аймақты Ресейдің Астрахань облысына қалдырды. Осылайша, қазақ ханының мазары, арғы бетте қалып қойды. Бүгінде Бөкейдің басына үлкен кесене тұрғызылды. Астрахань облысының мэриясы бұл ескерткішті мемлекет қорғауына алып, зиярат орнына айналдырып отыр.
Біз сүйегі жат жерде жерленген қазақ хандарының ғана дерегін келтірдік. Жат топырақты бүркенген, іздеушісі қалмаған, қазаққа қорған болған қаймақтарымыз қаншама?! «Шығыстың Аристотелі» атанған әл-Фарабидің, даңқты Бейбарыс сұлтанның зираты Сирияда қалды.
Қалауыннан Тұманбайға дейінгі қыпшақтан шыққан Мәмлүк сұлтандарының бәрінің жай тапқан жері – Мысыр даласы. Мұхаммед Хайдар Дулати – Үндістанда, Қадырғали Жалайыри – Ресейде, Төле мен Әйтеке билер – Өзбекстанда. Әрине, олардың қайда жерленгені маңызды емес шығар. Бірақ өзге далада сүйегі қалған батыр бабалардың ерлігін білу, содан өнеге алу – біз үшін өте маңызды.