«Жау жоқ емес, жар астында»
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілік қалыптастыру керек екені» атап көрсетілген. Осыған байланысты жуырда Талдықорған қаласының баспа үйінде «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізіп, облыс аумағындағы діни ахуал туралы жасаған баяндамасын назарларыңызға ұсынамыз.
Жер әлемде 2 млрд. мұсылман бар
— Әлемде өмір сүріп жатқан сегіз мыңдай тілде сөйлейтін үш мыңдай ұлыс пен ұлттардың арасында ХХІ ғасырда мұсылмандар саны 5 есеге өсіп, 2 миллиардқа жуықтаған. Қазақстанда тұратын халықтың үштен екісі мұсылмандар, — деді өзінің баянсөзінде лауазым иесі. — Жер бетіндегі барлық адал, саналы, иманды адамдардың арман-тілегі тек біреу — әлемдегі бейбітшілік, тыныштық пен әділеттілік. Дін тірегі — имандылық. Ал имандылық әр адамды тек жақсы, ізгі қасиеттерге тәрбиелейді, әділет, парасат жолымен ғана жүруге үндейді. Халқымыздың жүрегіне имандылықты кәміл ұялата білсек, келешегіміз кемел болмақ. Қазіргі кезеңде қоғам өміріндегі өзіндік орны бар діннің рөлі ерекше. Құран араб тілінен аударғанда ең көп оқылатын кітап деген мағынаны білдіреді. Осы құранды зерттеген ғалымдар құранның 61 аяты математика, 64 аяты физика, 5 аяты ядролық физика, 6 аяты салыстырмалы теорияға арналғанын дәлелдеген.
Ал енді құранды оқыған адам парасатты, ақылды, инабатты болатынын бәріміз жақсы білеміз. Ең ауыр күнә — адамның қанын мойынға жүктеу. Терроризм — адамдарға үрей тудыру, өлтіру, қорқыту. Ал ондай жағдай қазақ елінің салт-дәстүрінде болды ма? Жоқ.
Бүгінгі күні облыста 584 діни бірлестік тіркелген. Оның ішінде 428 ислам, 48 орыс православ шіркеулері, 95 протестант, 11 католик, 2 дәстүрлі емес діни бірлестік бар. 20 миссионер жұмыс жүргізеді.
Тоқсан сайын облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырыстары өткізіліп, құқық қорғау және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен дін саласына қатысты заңнама талаптарының орындалуы туралы мәселелер қаралады.
Терроризм, сепаратизм және экстремизмнің алдын алу мақсатында аудан, қалаларда «Діннің қоғамдағы ролі», «Имандылық — инабаттылықтың айнасы», «Дін — діңгегі халқымның, діни экстремизм — жауы жалпының», «Имандылық — тәрбие бастауы», «Діни экстремизм — адамзатқа төнген қауіп» атты түрлі тақырыптарда дөңгелек үстел, семинар, кездесулер т.б. шаралар өткізілуде.
Діннің экстремизм мен терроризмге қатысы жоқ
Қазіргі таңда экстремистік, террористік, сепаратистік топтардың белсенділігі аса алаңдатушылық туғызуда. Әсіресе соңғы Ресейдің Санкт-Петербург қаласының метросында талай адамды ажал құштырып, өмірлеріне қауіп төндірген лаңкестік әрекет барлық елдерге сабақ болуға тиіс. Жалпы, бүгінгі күні экстремизм, терроризм түсініктерін дінмен байланыстыратын қате түсінік қалыптасқан. Діннің экстремизм мен терроризмге қатысы жоқ. «Экстремизм» сөзі латын тілінен аударылғанда «шекті», «көзқарасы мен әрекеті шегіне жеткен» деген мағына береді, яғни азаматтық бағынбау, террорлық акциялар, қоғам арасында іріткі салу әрекеттері осы түсінікпен дәл келеді.
Экстремистердің басты мақсаты — мемлекеттің біртұтастығын жою, ұлттық қауіпсіздігі мен саяси тыныштығына нұқсан келтіру, ұлтаралық, халықаралық, этносаралық бірлікті жою, дінді жамылып, халықтың имандылық көзқарасына өз түсінігін күштеп енгізу. «Терроризм» сөзі латын тілінен аударылғанда «қорқыныш», «үрей» деген мағына береді.
Терроризмнің негізгі мақсаты — қорқыту, үркіту, басыну. Бұл әрекеттердің көпшілігі жеке адамдарға да, қоғамға да бағытталады. Әлемдегі діндердің бірде-бірі адамға «қорқынышпен өмір сүр», «қоғам тыныштығын бұз» деген қағиданы үйретпейді, сол себепті мұндай жат ағым жетегінде жүрмеу керек.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты діни террористік бағыттағы қызметі заңсыз деп табылған «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Хизб-ут тахрир әл-Ислами», «Азия мұсылмандары комитеті», «Ислам даму орталығы», «Акромиттер», «Әділет бірлестігі», «Шығыс Түркістан қозғалысы», «Шығыс Түркістан ұлттық революциялық майданы», «Түркістан ислам халықтық партиясы», «Түрікменстанды құтқару ұйымы», «Мұсылман бауырлар» топтары, «Хамас», «Хезболлах», «Аль-Каида», «Құрдтардың халық конгресі», «Асбат-аль-Ансар», «Талибан», «Боз гурд», «Орта Азия моджехеттер жамағаты», «Лашкар-и-Тайба», «Әлеуметтік реформалар қоғамы» әлемді шулатып тұр. 1953 жылы Иерусалимде құрылған «Хизб-ут-Тахрир ұйымы» қазір әлемнің 40 елінде әрекет етеді екен.
Бұл ұйымдардың бірде-бірінің дінге ешқандай қатысы жоқ болса да, олар дінді бетперде ретінде ұстап, өздерінің қараниет пиғылдарын жүргізуде. Осыдан барып, біздің лексиконымызда «діни экстремизм, діни терроризм, діни сепаратизм» деген сөздер енді.
Бұлардың кейбірі тікелей болмаса да, жанама түрде Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер тудырмай қоймайды. Шындығын айтқанда, Орталық Азиядағы тұрақсыздыққа «Өзбекстан ислам қозғалысы» мен Қытайдың Шыңжаң өлкесінен шыққан ұйғыр сепаратистері жиі жетелейді.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, Орталық Азиядағы террорлық орталықтар тілекші отандастарынан 10 млн. долларға дейін қаржы жинап әкетіп отырған. Енді Орталық Азияда экстремизмнің қаупі айтарлықтай екенін дәлелдейтін деректерге орын берелік. 1994 жылы терроршылар Тәжікстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының жеті әскери бақылаушысы бар 23 адамды кепілдікке алған.
Ал 1999 жылы 1 генерал-майор мен 4 жапон геологын кепілге алған 500 адам Қырғызстан арқылы Өзбекстанға тау жолы арқылы өтпек болды. Олардың талабы өз сыбайластарын түрмеден босату еді. 2002 жылы Қырғызстанның «Дордай» базарында жарылыс болып, 7 адам қаза тапты және 20 адам әртүрлі жарақат алды.
2004 жылы Ташкент пен Бұхарада жарылыс болып, 47 адам көз жұмды, 30 адам жараланды. 2005 жылы Қырғызстанда «қызғалдақ төңкерісі», 2010 жылы қайта көтеріліс болып, 100—ден астам адам көз жұмды. Тәжікстанда 1992-1997 жылдары азамат соғысы болды.
Енді 2010 жылдардан бері қарасақ, Египет, Кения, Сирия, Ауғанстан, Украина т.б. елдердегі тұрақсыздықты, әртүрлі қақтығыстарды жалғастыруға болады. Сонымен қатар оған террорлық актілерді қосыңыз.
Терроризмнің жаңа сипаты
Терроризм күннен-күнге түрленіп, жаңа сипат алуда, әсер ету әдістері мен түрлерін жаңартуда. Әлеуметтік, экономикалық кикілжіңдерді ұтымды пайдалана отырып, діни фанатизм, адамдардың қорқышы мен білімсіздігін өз пайдасына жаратуда.
Таяу және Орта шығыс елдерінде жағдай қиындай түсуде.
Бұл оңтайлы сәтті халықаралық террорлық ұйымдар, соның ішінде ДАИШ (Әлемдік баспасөзде бұл ИГИЛ немесе «Ислам мемлекеті» деп аталады.
ИГИЛ атауын террористік ұйым жамылғандықтан, Ресейде «ислам», «мемлекет» ұғымдарының беделін түсірмес үшін осы жылдың наурыз айында дінаралық кеңес бұл ұйымды араб қысқармасына сәйкес ДАИШ деп атау керек деген шешім қабылдады.
Ұйым жетекшілерінің айтуынша, ДАИШ идеологиясының негізінде жиһадтық идеялар жатыр. Дегенмен бүкіл өркениетті әлем ол идеяларды лаңкестік деп санайды. ДАИШ-тың басты мақсаты — Солтүстік Африкадан Қытайға дейін созылған, құрамына Орталық Азия да кіретін кеңістікте «Ислам мемлекетін» құру. Түрлі болжамдар бойынша, ДАИШ қадағалайтын жерлердің жалпы көлемі 90 мың шаршы шақырымға жетеді. Лаңкестер бұл территорияда «өз заңдары мен билік органдары бар Халифат орнатамыз» деп жариялады.
Түрлі деректер бойынша, ұйымның 50 мыңнан 200 мыңға дейін мүшесі бар. Ұйым қатарына тарту өте жылдам жүруде және ұйымға тартылушылардың этникалық немесе діни көзқарастарына назар аударылмайды. Сондай-ақ, ДАИШ алтыннан, күмістен, қоладан жасалған, «Ислам мемлекеті», «болжамды орындайтын Халифат» жазулары бар теңгелерін соға бастады.
«Талибан» қозғалысы Ауғанстанда өз басқару жүйесін қалпына келтіру үшін қарулы күреске күштеп дайындалуда. Солтүстік аймақтарда террорлық топтардың белсенді дайындығы байқалады. Әскерилер Түркіменстан мен Тәжікстан шекаралық аймақтарына жақын орналасуда, бұл өз кезегінде Орталық Азия елдері арасындағы ішкі саяси жағдайды тұрақсыздандыру үшін қажет.
Лаңкестік ұйымдарға кірген жерлестеріміз бар
Бүгінгі күні біздің есебіміз бойынша, бұл ұйымға кіргендер саны 553 адам (232 ер адам, 321 әйел), олардың 542-сі сирия-түркиялық, ал 11-і ауған-пәкстандық аймақтарда.
Ауғанстан, Сирия мен Ирактағы халықаралық террорлық ұйымдардың қарулы қақтығысы басталғалы бері, Қазақстанға 79 азамат қайтарылған. Олардың көпшілігі бұл ұйымдарға өз еркімен қосылғандар. 34 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 35-інің сотта қылмысқа қатысы бар екені анықталды. 10 азаматтың ісі әлі қаралу үстінде.
Біздің елдің біраз азаматтары барлық халықаралық террорлық ұйымдарда тіркелген, соның ішінде «Аль-Кайда», «Джабхат Фатхаш-Шам», «Ислам джихады кеңесі» және тағы басқалар.
Салафилер мәселесі әлі өткір болып тұр. Олардың саны Қазақстан бойынша 18 мың адамды құрайды. Елімізде террорлық қауіп көрсеткішін төмендету бойынша шаралар жүргізілуде.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті террорлық және экстремистік қылмыстың алдын алу бойынша белсенді жұмыс атқаруда. Соңғы 4 жыл ішінде 29 террорлық акция болдырылмады, олардың 12-сі өткен жылы, 2-уі биылғы жылы. 2016 жылы 182 радикал сотталып, биылғы жылдың басынан — 26, қылмыстық жауапкершілікке 89-ы тартылған.
Астана қаласында радикалдық топтың 5 мүшесі ұсталды. Олар Ресей мен Астанада бірқатар террорлық әрекеттерді жүзеге асыруды жоспарлаған. Мәскеуде ресейлік әріптестердің көмегімен тағы да 4 топ мүшелері қолға түсті.
Қарағанды облысында террорлық топтардың 10 мүшесі құрықталды, олар Балқаш қаласында ресейлік әскери бөлімшені басып алмақ болған.
Шымкент қаласында «ДАИШ» ұйымының тапсырмасымен барлау жұмысын жүргізіп жүрген азамат қолға түсті.
Қауіпсіздік органдары мен әскерилердің дер кезінде анықтап, қолға түсіруі арқасында Алматы, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Алматы қаласында радикалды топ мүшелері ұсталды.
ҰҚК есебі бойынша шетелдік әріптестерімізбен (Түркия, Қырғызстан, Белорусь, Украина, Тәжікстан) мемлекеттерінде 22 қазақстандық азамат қолға түсіп, департацияланған. Олардың барлығының террористік, экстремистік қылмысқа қатысы бар екені анықталған.
Қазақстанда 5 шетелдік экстремист ұсталып, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанға жіберілді.
ҰҚК ақпараттық қолдауымен Түркия, Ресей, Қырғызстандағы әріптестер 14 халықаралық террористік ұйым мүшесін қолға түсірді.
91 қазақстандықтың осындай ұйымдарға кетуіне жол берілмеді.
Сот шешімі бойынша терроризм мен экстремизм идеясын таратқаны үшін 752 интернет-ресурс жабылып, сотқа дейінгі тергеу ісі тәртібі бойынша 110 мың ақпарат ғаламтордан өшіріліп, 3160-ы бұғатталды.
177 азаматтың теріс діни ағымдарды үгіттеу үшін шетелге баруына жол берілмеді, шетелдерден 81 студент қайтарылды.
2016 жылы елімізде орын алған бірнеше қайғылы жағдайлар жалпы мемлекет ішіндегі қауіпсіздік жүйесі мен терроризмге қарсы тұру шараларының күшейтілуі керектігін тағы бір дәлелдей түсті.
Бүгінгі күні Қазақстанның БҰҰ-ға тұрақсыз мүше болуына байланысты Елбасының Жаһандық контртеррорлық желі құру жобасы әлемдік ұйым көмегімен белсенді қарастырылуда. Киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түсуде. Осыған байланысты Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне 2017-2020 жылдарға арналған «Қазақстанның киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырылған.
Қазақтың кең-байтақ жерінде бейқамдыққа, берекесіздікке, жауапсыздыққа жол бермеу хақында «Жау жоқ деме — жар астында, бөрі жоқ деме — бөрік астында» деген ескертуін өсиет ретінде айтып кеткен ата-бабамыздың аманатын орындау әрбір азаматтың киелі міндеті екенін ұмытуға болмайды.
Нұрила Бектемірова