Жауапкершілік пен сенім-егіз ұғым

Жауапкершілік —белгілі бір жұмысты, өзіне тапсырылған міндетті  мүлтіксіз орындап, жүзеге асыру арқылы  байқалатын адам бойындағы адамгершілік қасиет. Сондай-ақ тұлғаның қоғамдағы немесе ұжымдағы рөлі, өз орны. Әр адамның қоғам алдындағы азаматтық борышын атқарып, өзіне жүктелген жауапкершілікті орындап шығуы оның  беделін қалыптастырып, іскерлігін шыңдайды. Әркім өз  ерік-жігеріне, күш-қайраты мен табандылығына қарай жауапкершілікті әртүрлі  сезінеді. Жүктелген міндетіне жауапкершілікпен қарайтын адамды  туған-туыстары, жора-жолдастары, ұжымдағы қызметтестері  жоғары бағалайды.  Және де  жауапты да қиын жұмыстарды атқаруға  сенім артады. Жалпы адамның мақсатына жетіп, бастаған ісінің сәтті болуы  оның жауапкершілікті сезінуіне  қарай болып келеді.

Ең алдымен отбасындағы ерлі-зайыптылардың бір-бірінің алдындағы жауапкершілігі болу қажет. Отбасы болған соң жастар арасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Мынадай ақыл-кеңестерді  жас отбасылар естеріне сақтап алса:

1.Бір-бірлеріңізді бағалаңыздар. Бар ықыласыңызды оның жақсы қасиеттеріне бөліңіз.

  1. Сенім. Отбасылық өмірде ең бастысы әйелі мен ері арасында үлкен  сенім болуы шарт. Сенімсіздік болса ұрыс-керіс болып, соңы ажырасуға алып келеді.
  2. Әңгімелесу. Осы арқылы бірін- бірі толғандырып, мазалап жүрген жағдайларды бүкпесіз айтып, әңгімелесу керек.
  3. Қамқорлық. Адамдар бірін бірі аялап, қамқорлық жасап отыруы тиіс.
  4. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Денсаулығыңызға көңіл бөліңіз. Бұл жұбайыңыз екеуіңізге жақсы көңіл күй сыйлайды.

Қазақ қоғамында ата-әженің, әке-шешенің орны зор. Қарттар- сарқылмас қазына,  білімнің көзі. Сол білімді  қазіргі жастар алып қалуды онша қажетсінбейді.  Ауылда ата-әжесінің қолында өсіп, тәрбие алған бала жаман болып өспейді. Бүгінгі таңда  әке-шеше баланы материалдық тұрғыдан ғана қамту етек алып барады.  «Балаңды тәрбиелегің келсе ең алдымен өзіңді тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Бала ата-ананың айнасы іспетті, ата-анасы не істесе бала соны қайталайды. Ата-ана баланың  өмірі мен қауіпсіздігіне  жауапты. Өкінішке орай қазір балаларын қараусыз қалдырып, отқа да, суға да түсіп , соңы қайғылы жағдайға әкеп жататын оқиғалар көптеп кездесуде. Жыл басынан бері  теледидар мен әлеуметтік желілерден «отқа өртеніп кетті, әжетханаға түсіп кетіп тұншығып  өлді, суға батып кетті, көшеде көлік қағып кетті немесе баланы ұрлап кетті, зорлап кетті, өлтіріп кетті»  деген жағымсыз хабарларды естіп, жағамызды ұстаумен келеміз. Осындай сұмдық  оқиғалар қашан тиылар екен? Әрине бұның бәріне баланы қараусыз бетімен жіберіп қойған ата-ана кінәлі. Бала деген жүзінен шаттық күлкісі кетпей, қуанып, бақытты болып жүруі  үшін жаралғанын  есте сақтауымыз керек.

Отбасы – қоғамның тірегі.  Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Ұлтымыздың болашағы – тәрбиелі ұрпақтың қолында екенін естен шығармайық. Сондықтан  ұрпағымызды тәрбиелеу, олардың бақытты болуы үшін жағдай жасау  ата-анаға үлкен жауапкершілікті артады.  Олар ұрпағымыздың тәрбиесіне атсалысып, ненің жақсы, ненің жаман екенін, яғни ақ-қараны ажырата білуге үйреткені жөн. Баланың бос уақытын тиімді пайдаланып, әртүрлі рухани дүниелерді үйретіп, баланың бос уақытын тиімді пайдаланып, үлкен тұлға етіп тәрбиелеуіміз керек. Әрбір ата-ана перзент алдындағы жауапкершілікті терең сезіне алса, балалар да алаңсыз бақытты ғұмыр кешер еді. Сондықтан  өскелең ұрпақ үшін  ата-анаға  зор жауапкершілік жүктеледі. Ата-ана баласының үйдегі тәртібі мен мінез-құлқына, дұрыс саналы азамат болып қалыптасуына жауап береді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді ғой.

Ал ұстаздың мектептегі рөлі зор. Мектептегі сабақ кезінде біз білмегенімізді мұғалімнен сұраймыз. Ол баланың екінші ата-анасы десе де болады. Яғни тәрбие мен білімді ұштастырып, мойнына үлкен жауапкершілік алады. Ата-ана мен ұстаз да өсіріп, оқытып отырған балаға зор сенім артады. Оның жақсы оқып, білім алып тәртіпті адам болып қалыптасуына кәміл сенеді.

Сондай-ақ Отан қорғау- әрбір Қазақстан азаматына үлкен жауапкершілік болып жүктеледі.   Өзін мықты  азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар  жан үшін ең басты парыз болып саналады. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деп қанатты сөзі кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге деп білеміз. Осы  өсиетті  әрбір  жауынгер ойына сақтап алуы тиіс.  Елімізде бейбітшілік пен тыныштық  орнап, олардың алаңсыз өмір сүруі сарбаздарға байланысты.  Олар осы ұлы жауапкершілікті сезініп, әскери міндеттерін  адал орындаса,  басқаларға үлгі-өнеге бола  алады.

Шаргүл Қасымханқызы