Жаумен жалғыз алысқан батыр ма, әлде…

Кеңестік қоғамда Қазақстанның солтүстік өңірлерінде сияқты Павлодар облысында отаршылдық саясаттың қатты қарқынмен жүргізілгені баршаға аян. Компартияның

қылышынан қан тамып тұрған өте қиын кезеңде біздің өңірде ұлттық мұрат-мүддені көксеген азаматтардың күрес жолына түскенін жақсы білеміз. Ер азаматтармен қатар қыздар мен келіншектер де нар тәуекелге бел буған еді.
Мәселен, 1969 жылы Павлодардағы №3 мектеп-интернаттың (қазіргі Ы. Алтынсарин атындағы гимназия-интернат) ұлтшыл оқушылары құрған «Жас ұлан» ұйымы құрамында жасөспірім қыздар да болды. Кейін МҚК (КГБ) басқармасы жасырын ұйымды әшкере етіп, тергеу жүргізген кезде олар өздерін ер азаматтарша ұстады және ер азаматтармен бірдей жазалау шараларына ұшырады! Сөйтіп, Айгүл Жүнісова, Гүлбаршын Әлиева «Ұлттық саясат мәселесіндегі саяси-идеялық қателіктері» үшін деген айып бойынша комсомол қатарынан шығарылды, Алтын Махметоваға «Мектеп тәртібі мен ережесін өрескел бұзды» деген айып тағылып, қатаң сөгіс берілді, бұл сөгіс комсомолдық есеп карточкасына жазылды. (Осы жазалау шаралары жөніндегі құжаттар Павлодар облыстық мұрағаттар басқармасы қорында сақтаулы тұр). Жазалаудың соңы астыртын қудалауға ұласты.
Студент кезінде Желтоқсан көтерілісіндегі белсенді іс-әрекеті үшін ер-азаматтармен бірдей бас бостандығынан айрылып, жазалау шараларын бастан өткерген, қазіргі ғалым, ұстаз, тіл жанашыры, қоғам қайраткері Зейнуллина Айман Файзуллақызының тағдыр-талайы кейінгі жастарға – өнеге.
1990 жылдары «Азат» қозғалысының облыстық филиалын ұйымдастырып, отаршылдық саясатқа ашық қарсы шыққан ұлтшыл патриот Дүрманова Бикеш Орханқызының ерлігін әріптестері әлі де әспеттейді! 1991 жылғы Орал оқиғасына керекулік азаматтарды бастап барған осы Бикеш Орханқызы еді. Атаман Ермак ескерткішінің алынуына, Ермак қаласы атауының Ақсуға өзгертілуіне Б.О. Дүрманова жетекшілік еткен азаттықтардың қосқан үлесі ерекше!
Сол жылдары Ермак (Ақсу) қаласында қазақ тілі үшін күрескен, «Азат» қозғалысының қалалық ұйымына жетекшілік еткен қоғам белсендісі Қондыкерова Светлана Қабидоллақызы мен оның құрбы-құрдастарының ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды.
Егемендік кезеңінің алдында құрылған «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының құрамында жүріп, қазақ тілінің өрісін кеңейтуге барынша атсалысып, қажыр-қайратын жұмсаған Бақыт Сүбекова, Зәру Ибраева, Зәра Қожахметова, Сара Ерденова, Қазиза Наурызбаева, Ғалия Балтабаева, Назым Шайкенова, Гүлнәр Сәдуова, Рыскүл Шакаман, Шолпан Кинжикова сияқты апаларымыз бен қарындастарымыздың еңбегін тәптіштеп жазсақ, қалың кітап шығар еді.
Кеңес үкіметі кезеңіндегі және егемендіктің алғашқы жылдарында аса қиын жағдайда жүргізілген тіл үшін күресте әрбір тіл жанашыры жанкештілікпен қатар, біліктіліктілігін де көрсете білді. Бірақ олардың ешқайсы: «Мен өйттім, мен бүйттім, мен сөйттім, анау өйткен жоқ, мынау бүйткен жоқ. Анау жаман, мынау жаман, мен жақсымын!» – деген сөздерді аузына алған емес.
Ал қазіргі егемендік кезеңінде көпшілік орындар мен көліктерде ерен тіл жанашыры кейпінде көрініп жүрген Руза Бейсембайтегін солардың ісін жалғастырушы деп тани аламыз ба?..
Рузаның бертін тіл жанашырларының ортасына келгені есімде. Қазақша жатық сөйлей алмайтыны оның орысша оқығанын аңдатып тұрды. Әйтсе де, орыстілді қандастарымыздың арасында да тіл жанашырлары бар екенін есте тұттық.
Көп уақыт өтпей-ақ соңы дау-жанжалға апарып соқтыратын өзгеше күрес тәсілін қолдануға Рузаның бейім екенін байқаған тіл жанашырлары мен желтоқсаншылар одан іргесін аулақ салды. Сөйтіп, ол жалғыз жүріп негізінен көпшілік орындар мен көліктерде қазақ тілі үшін күреске түсіп, сатушылар мен кондукторларды қазақша сөйлетуге күш салды. Әрине, олардың арасында «Қазақ тілін алдымен қазақтардың өздері үйреніп алсын!» – деп, ұрыса кететін долы мінезділері жоқ емес, бар.
Ұлтшыл әкім Ерлан Арын кезінде Руза Бейсембайтегін белгілі тіл жанашырларымен бірге кездесуге шақырып, құрмет көрсеткен болатын. Сөйте тұра, Ерлан Мұхтарұлының Мәдениет сарайында өткен есеп беру жиынында «Маған сөз бермесеңдер, балконнан секіріп өлемін!» – деп айғай салғаны есте. Іле сөз берді, бірақ айтқаны жұртшылыққа белгілі жай еді.
2013 жылы Ерлан Арынның үстінен қылмыстық іс қозғалғанда патшашыл-кеңесшіл топтар қиқулап атқа мініп, оны тәуелсіз орыстілді БАҚ арқылы ұлтшыл әрі жемқор әкім ретінде көрсетіп бақты. Сол сындарлы шақта Керекудің шынайы тіл жанашырлары мен желтоқсаншылары, ғалымдары мен жазушылары әлгілерге қарсы көтеріліп, Елбасының атына Ашық хат жазды, Қалижан Бекхожиннің ескерткіші жанына жиналып, тележурналистерге сұхбат берді, сот процесіне қатысып, эксәкімге морольдық қолдау көрсетті. Ұлтшылдар мен патшашыл-кеңесшіл топтар текетіреске түскен алмағайып шақта Руза Бейсембайтегі болса, тележурналист Александр Вервекиннің алдында Ерлан Арынды қаралап сөз сөйлеген еді.
Сол А. Вервекин патшалық дәуірді көксеушілердің бірі ретінде танымал: «Иртыш и его крепости» атты документальды кино түсірді, Омбыдан «Дорогами Бухгольца» атты экспедицияны Керекуге шақырды. Подполковник Бухгольцтың XYIII ғасырда Ертістің Кереку өңірін жаулаған патша әскерлерінің қолбасшысы екенін естеріңізге саламыз. А. Вервекиннің осыған ұқсас өзге де іс-әрекеттері аз емес.
Егер Руза Бейсембайтегі көпшілік орындар мен көліктерде Тіл туралы заңды бұзғандарға құқықтық шара қолдануды көздеп, заң орындарына шағымданса, сөйтіп, мәселені заң аясында шешуге бел байласа қос қолымызды көтеріп тұрып қолдар едік. Бірақ ол түрлі баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерге шығып, «Мен өйттім, мен бүйттім. Енді амалым таусылды!..» – деген сыңайда сөз саптап, бишара, мүсәпір күйге түскендей кейіп танытады.
Жуырда облыстың қазіргі әкімі Болат Бақауов арнайы уақыт бөліп, Руза Бейсембайтегін жеке қабылдады. Алғашқыда екеуі өзара түсініскен сияқтанған. Енді, міне, аз уақыт өтісімен Руза әкімді қайта айыптауға көшті. Рас, оның тегін бұрынғысынша «Боқауов» деп бұрмалап емес, Бақауов деп дұрыс жазды.
Оның ойынша, өзімен жанжалдасқан трамвайдағы кондукторлар мен сатушылар үшін де облыс әкімі жауап беруі керек. Тіпті жергілікті билік оны соттау үшін үстінен компромат жинапты-мыс. Телефоны «прослушкада» тұрған көрінеді. Ал әкімнің тіл саласындағы оң істерін айтқандар биліктің сойылын соққан сатқындар екен…
Сірә, ол өзін оппозиция серкелерінің қатарында жүрген көрнекті саяси қайраткер сияқты сезінсе керек. Ал біреулер Рузаны жариялық пен демократия кезеңінің еркетотайы ғой, енді қайтсын, – деп қарабайыр іс-әрекеттерін түсінуге тырысады.
…Сонымен, өзге облыстардағы сияқты Павлодар облысында да тіл проблемасы толық шешілген жоқ. Бұл проблема түрлі себептерге байланысты ондаған жылдардан кейін ғана толық шешімін табуы мүмкін. Демек, әлі айтыс-тартысқа да, жанжалға да себеп табылады.
Енді біреулердің түсінігінше, жергілікті билік біздің билік емес, қазақ тіліне қарсы жаудың билігі екен. Ал Руза Бейсембайтегі болса, сол жаумен жалғыз алысып жүрген жүрек жұтқан батыр көрінеді.
Кім қалай ойласа да ықтияры өзінде…

Арман ҚАНИ,
«Тіл жанашыры» белгісінің иегері.
Павлодар қаласы.