ЖАУЫР

Міндетсініп, мекірене сөйлеп, теңселе басып келеді де дүйім елді дүрліктіреді. Сахна төрінде тұрып елім, жерім, халқым деп «ах» ұрып күркірей күңіренетіндерін қайтерсің, ара-арасында ақыл айтып, ретін тауып көзін бір сулап алып. Мұның алдында міндетті түрде әкімдікті, сондағы жуан жұдырық, жүнді білектерді бір жағалап қайтуды да ұмытпайды. Содан соң алғысы келсін, мейлі, келмесін, ерікті зорлық-зомбылық тәсілімен бәсі удай билеттерін өткізіп алады. Бұлардың әлі келетіні баяғы қасқа болған қара халық, сорлайтын тағы да сол – мұғалім. Бәлкім тап осындай өліара кезеңде халыққа ән емес, бала-шағасының құрсағын тойдыратын нан керек шығар? Осындай бармақ баспай, көз қыспай, көтен тоспай тәсілдерді үзілді-кесілді тоқтату керек! Мықтысың ба, онда алақан жайып, тіленбе. Сен келгенде жалпақ жұрт өнер, білім, руханият жайында мәжіліс құруға өзі сұранып келетін болсын. Елді көргің келіп, емешең құрып, емшегің ісіп бара жатса, бір мезгіл тегін «жырлап» кет. Жылы жымиып тұрып дәме еттің бе, енді ешқашан мықтымын деуші болма. Жай ғана өлместің қамы, күнкөріс қой дей сал. Олай деуге күл-қоқыс толы сасық кеудең жіберсе, әрине. Қайсы бірінің атын айтып, түсін түстей бересің, ауазасынан ат үркетін үркердей топ өкілдерінің әрекет, тірлігі осы шамалас болса. Қазақ қоғамын шіріту мен ұлттық құндылық атаулыны іштей үгітуді мақсат тұтқан әсіре діншіл топтың итке тастағандай етіп беретін бес-он тиынына жалданып жүргендер жайында сөз басқа. Бұлардың қай-қайсысы да елдің жон арқасын жауыр қылып, ыңғыршағын айналдырып, өзегін талдырып, көңілін қалдырып болды.
Берік ЖҮСІПОВ