ЖАЗ-АТАНЫҢ ДА «ЖАТЫПАТАРЫ» БАР ЕДІ

«70-КЕ КЕЛГЕН МАҒАН РАҚМЕТ, ПАРТИЯҒА РАҚМЕТ!»

1967 жылғы наурыз айының 29 – жұлдызында Жазылбек Қуанышбаевтың 70 жасқа толған мерейтойы Бірлік ауылының күншығыс бетіндегі «Жиек» жазығында дүркіреп өтті. Ат бәйге шабылып, спорт түрлерінен жарыс өтті. Еңбек озаттары марапатталып, Жазекеңе ақ боз ат мінгізіліп, иығына шапан жабылды. Артынан аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары үлкен концерт берді. Той соңынан Жазекеңе сөз берілді. Осы тойды ұйымдастырған, өзіне сый-сияпат жасаған басшыларға рақметін жаудырған Жазекең сөзінің соңын «70-ке келген маған рақмет, партияға рақмет!» деп еш қулықсыз, шын пейілмен ризашылығын білдіргеніне жиналған қауым ду күліп, арты қол шапалаққа ұласты. Батыр атаның бұл сөзі ел аузында аңыз болып тараса, дастарқан басында, тойларда әзіл ретінде жиі айтылады.

ЕНДІ ОЙДА БОЛАДЫ…

Жазекеңді басшылар мен туыстары жеке бастарының ісіне пайдалана бастайды. Ешкімнің көңілін жықпайтын, ешқандай қулық-айладан хабарсыз Жазекең солардың жетегінде кетіп, біразының балаларын оқуға түсіріп, басқа да септігін тигізеді. 1983 жылдың тамыз айында Жазекең бір басшының баласын Алматы малдәрігерлік институтына түсірмек болып институт ректоры Зейнолла Қожабековке жолығады. Жазекеңнің шаруасын мұқият тыңдап алған ректор: «Сонша жерден ат арылтып келгенде, сөзіңізді жерге тастамайын. Әкелген балаңыздың оқуы жақсы, талабы болса қолдайын» деп уәде береді. Артынша ректор: «Жазеке, сізді бүкіл қазақ халқы сыйлайды, қадірлейді. Тек сізден бір ғана өтінішім бар, келешекте әр адамның жетегінде кетпеңізші. Олар сіздің атақ-беделіңізді жеке бастарына пайдаланғысы келеді», – деп ағынан жарылып, сый-сияпат жасап, көлігіне дейін шығарып салған екен. Жазекең істеген ісіне қатты ұялып, рақметін айтып, қоштасады. Бұдан соң Жазекең «уәдесінде» тұрып, «делдалдық» қызметін мүлде тоқтатады.

МЕН ДЕ ОЙНАП АЙТТЫМ…

Жазылбек Қуанышбаев зейнеткерлік демалысқа шыққан соң, 1974 жылы Жамбыл ауылындағы Үкімет тарапынан арнайы салдырған тұрғын үйге көшіп барған кезі. Үй сол кездегі сәулет жобасымен салынған, кіші қазандық пешімен жылынатын, жылу жүйесі орнатылған екен. Бүкіл саналы ғұмыры мал соңында өткен отбасы ондай пешті бұрын-соңды жағып көрмеген.

Қарашаның қатты суығында пеш түнімен үзбей жағылмай жылу жүйесі жарылып, істен шығады. Жазекең дереу аудандық партия комитетінің басшыларына телефон шалады. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы бірден аудандық коммуналдық мекемесіне (мен ол кезде мекеменің бас есепшісі болатынмын) хабарласып, мән-жайды түсіндіреді. Ол кезде мекеме басшысы Кондрат Пиникер деген ұлты неміс азамат болатын. К.Пиникер өмірдің ащы-тұщысын көрген, қазақтың барлық салт дәстүрін жақсы білетін, қазақша еркін сөйлейтін іскер, әзілқой азамат еді. Жағдайды түсінген ол: «Жазекең тоқалын еркелетіп алыпты ғой» – деп арнайы жылу жүйесін жөндеу бригадасын жіберіп, бір аптада іске қосты.

Желтоқсан айының ортасында «Жазекеңнің үйінің жылу жүйесі тағы да істен шықты» деген жайсыз хабар жетті. Тағы да аудандық партия комитетінің нұсқаушыларына телефон шалды. Бұл хабарға мекеме басшысы К.Пиникер онша мән бере қоймады. Содан бір аптадай уақыт өтіп кетті. Желтоқсан айы. Қыс қаһарына мініп, арты қарлы-боранға ұласқан болатын. Жазекеңнің отбасы әбден жаураған болуы керек, қария басшыларды мазалай бермейін деп аудандық коммуналдық қызмет мекемесіне барғанды жөн көрген. «Жазылбек Қуанышбаев келіп тұр» деген хабарды естісімен кеңсе қызметкерлері алдынан шығып, ата салтымен қос қолдап амандасып жатырмыз. Қазақша қос қолдап амандасқан бастық аман-есендіктен кейін, ақсақалдың не үшін келгенін білсе де, білмегендей «шаруаңызды айта отырыңыз» деп қолқа салды. Іштей ашуын жасыра алмаған Жазекең бірден шабуылға көшті: «Әй, Кондрат, мені қартайғанда әуре қылмай, екінші жолы да жылу жүйесін жөндеп беруге болар еді ғой», деп өкпе-назын білдірді.

Кондрат әзілмен жеңбек болып: «Жазеке, неге тоқалыңызды сонша еркелетіп қойғансыз? Қамшымен неге сабамайсыз?» – деді. Жазекең Кондратқа қадала қарап: «Әй, Кондрат! Қазақта «жығылып жатып, сүрінгенге күлме» деген.

Естіген құлақта жазық жоқ, сені де қатынжанды деп естіп жүрмін, некесіз тоқалыңа Фрунзе көшесінен жаңа үй сатып әперді деп естідім. Рас па?» – дүрсе қоя бергені сол еді, Кондрат сасқанынан: «Жазеке, мен ойнап айттым», – деді. Жазекең де: «Мен де ойнап айттым» – деп орнынан тұрды. Шығарда: «Әй, Кондрат! Бос сөзді қойып, жылу жүйесін жөндеп бер. Үшінші рет өзім де келмеймін, тоқалымды тәртіпке шақырамын», – деп қоштасып шығып кетті. Сөзден ұтылған Кондрат арнайы бригадасын жіберіп, бір күнде жылу жүйесін іске қостырып берді.

Қабылан КӨРПЕБАЕВ,
еңбек ардагері, Мойынқұм ауданының
Құрметті азаматы.