ЖАЗАТА ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ

Өткен аптада аудан орталығы Мойынқұм ауылындағы Жазата саябағында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 129 жылдық мерейтойына орай еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды. Бұл шара аудан тұрғындары мен ел ардагерлерінің Жазатаға деген құрметін білдіріп, оның бар ғұмырын арнаған қызметіне алғыс ретінде өтті.
Жайдарлы мінезді, жарқын жүзді Жазата атанған Жазылбек Қуанышбаев «Дала академигі», «Малшылардың маршалы» деген атақтарға ие болған әйгілі еңбек адамы. Бар ғұмырын қой шаруашылығын дамытуға арнап, еліміздің ауыл шаруашылығына зор үлес қосқан қайраткердің есімі тарих беттерінде алтын әріппен жазылған. Оның еңбегі мен ерлігі бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге және ауданның гүлденіп, көркеюіне қосқан ерекше үлесі үшін халық оны ұрпақтан-ұрпаққа үлгі етіп айтып келеді.
Салтанатты шара барысында жиналғандар Жазатаны және арамыздан кеткен еңбек ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев сөз алып, Жазылбек Қуанышбаевтың ел дамуына қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.
– Жазылбек Қуанышбаев – тек ауданымыздың ғана емес, тұтас қазақ даласының мақтанышы. Оның есімімен байланысты еңбек даңқы мен адалдық бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Бүгінгі шараның мақсаты – Жазатаның рухына тағзым, оның еңбегін ұлықтау,- деді аудан әкімінің орынбасары.
Шараға қатысушылар Жазатаның еңбек жолына, адамгершілік қасиеттеріне тоқталып, оның өнегелі өмірі туралы естеліктерімен бөлісті. Жас ұрпақтың ата жолын жалғастыруы қажеттілігі айтылды.
Салтанатты рәсімнің соңында аудандық орталық мешіттің имамы Рысбай Еспенбетов Жазатаға және арамыздан өткен еңбек ардагерлерінің рухына құран бағыштады.
Содан соң аудандық Ж.Қуанышбаев атындағы музейде ардагерлердің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті. Бұл шараның мақсаты – Ж.Қуанышбаевтың және еңбек ардагерлерінің өмірлік тәжірибесін жастарға үлгі ету, олардың ерен еңбегі мен ерлігін насихаттау болды.
Іс-шараға өңірдің құрметті ардагерлері, жергілікті билік өкілдері, жастар мен мұғалімдер қатысты. Жиын барысында ардагерлер өз өмір жолдары мен еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісіп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің маңыздылығын атап өтті.
Музей қызметкерлері қатысушыларға арнайы ұйымдастырылған көрмені таныстырды. Онда Ж.Қуанышбаевтың және еңбек ардагерлерінің жеке заттары, фотосуреттері мен құнды құжаттары қойылған.
Шара соңында аудан басшылығы ардагерлерге алғыс айтып, олардың қоғамдағы маңызын ерекше атап өтті. Осындай кездесулер жастардың тарихи санасын қалыптастырып, үлкен буын өкілдерінің еңбегін бағалауға үйрететінін жеткізді.
Қуаныш ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,
«Мойынқұм таңы».
Мойынқұм ауданы