ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫ -2016:МИЛЛИАРДТАР КӨЗ ТІККЕН ОЛИМПИАДА ЕРТЕҢ БАСТАЛАДЫ

    Сонымен, миллиардтар көкжәшіктен тамашалап, миллиондар көзбе-көз куә болатын ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарының басталуына бір күн қалды. Сынаптай сырғыған уақыт Лондон төрінде өткен дүбірлі доданы тарихта қалдырып, жаңа спорттық жетістіктердің, түрлі рекордтар мен сенсациялардың тұсауын кеспек.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

riotal1
Рио Олимпиадасының талисмандары — Винисиус пен Том

ОҢТҮСТІК АМЕРИКАДА АЛҒАШ РЕТ ӨТКЕЛІ ОТЫРҒАН ОЛИМПИАДА

    Басқа Олимпиадаларды былай қойғанда Рио де Жанейрода өтетін дүниежүзілік жазғы сайыстың «Лондон-2012» бәсекесінен ерекшелігі неде?,- деген сұраққа тоқталып өтелік. 2012 жылы әлемнің 204 елінен жиналған 10 мың 500-ге жуық жазғы атлет 26 спорт түрінен 302 медальді сарапқа салса, биыл қатысушы мемлекеттер саны 207-ге жетіп, рекорд жаңарып отыр. Оның үстіне сайыскерлердің 28 спорт түрінен 306 медаль үшін жан алысып, жан берісетіні тағы бар. Косово және Оңтүстік Судан мемлекеттері өз тарихында алғаш рет Олимпиада ойындарына қатысатыны белгілі. Сондай-ақ, бұған дейінгі отыз Олимпиаданың Латын Америка елдері арасында Мексикада (Мехико-1968) өткені болмаса Оңтүстік Америка елдері ішінен Бразилия Республикасы алғаш болып байрақты бәсекені қабылдап отыр. 2009 жылдың 2-қазанында өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің 121-ші жиынында әлемнің спорт державалары Испания, Жапония және азулы Америка Құрама Штаттарымен сынға түскен бразилиялықтардың бағы жанып, Рио төрінде 2016 жылдың 5-тамызында Олимпиаданың ашылуы өтетін болып бекітілді. 2014 жылы футболдан әлем чемпионатын қабылдаған теңбіл доп патшасы Пеленің Отаны өмірлік қарсыластары Германиядан қалай жеңілгені әлі есімізде. Сол олқылықтың орнын Рио де Жанейрода алаң иелері толтыра алады деуге сену қиын. Өйткені, ауызын айға білеген АҚШ, Қытай және жеңіл атлеттері түгелдей жарыстан шеттетілген Ресейдің алдыңғы орындарды бермесі анық. Біздің де отандастарымыздың командалық есепте алдыңғы қатардан көрініп қалуынан үміт етеміз.

Жасұлан Қыдырбаев, Илья Ильин, Алмас Өтешов
Жасұлан Қыдырбаев, Илья Ильин, Алмас Өтешов

ҮШ ДҮРКІН ЧЕМПИОН ШЫҒАР ДЕП ЕДІК…

     Кезінде Сиднейде тәуелсіз елімізді алтынмен қуантқан тұңғыш қазақ болып тарихта аты қалған Бекзат Саттархановтың бір арманы — үш дүркін Олимпиада чемпионы болу еді. Қыршын кеткен бокс серісінен кейін алдына дәл сондай мақсат қойған спортшының бірі әрі бірегейі Илья Ильин болатын. Дүниежүзілік допинке қарсы ұйым (WADA) өзіне аса сенімді зілтеміршінің толайым табыстарын көп көрді ме, әлде, Қазақстанның ауыр атлетикасынан шынымен күдіктенді ме, тексеруді күшейтіп, ақыры Ильямен қоса Жасұлан Қыдырбаев, Алмас Өтешеов, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло сынды ауыр атлеттерімізді спорттық жарыстардан шеттеткені баршамызға мәлім. 2012 жылы Лондонда өткен отызыншы Жазғы Олимпиада ойындарында отыз рекорд жаңарыпты. Соның екеуі Қазақстан атлеттеріне тиесілі. Естеріңізде болса, алтыннан сарай соққан ауыр атлеттеріміздің ішінде Зүлфия Чиншанло өз салмағында жұлқа көтеруде 131 келілік зілтемірді еркіне бағындырып, әлем рекордын жаңартқан болатын. Ал Елбасының өзіне «еркелейтін» Илья Ильин Тұманды Альбионда жұлқа көтеруде 233 келіні, жалпы есеп бойынша 418 келіні басынан асыра көтеріп, рекорд орнатып, оның үстіне Олимпиададағы екінші алтынына қол жеткізіп, ел мерейін үстем еткен. Оның үшінші алтынына ел куә болып, Риода риясыз қуанышқа бөленер деп күткен сәтте саңлақтың салы суға кетіп, мақсаты аяқасты болды. Олимпиадаға алты ай уақыт қалғанда WADA-ның құрығына ілінген Зүлфияның да, Ильяның да тақым қысып, әріптестерінің тілеуін тілегеннен басқа шарасы болмай тұр. Сегіз мықтыны (бесеуі ер, үшеуі әйел) сайысқа қосса да, көшбасшыдан айырылу Алекси Ниға да оңай тимеді.

Ал Лондонда 7 алтын, 1 күміс және 5 қолаға қол жеткізіп, жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасын он екінші орыннан бір-ақ шығарған 13 спортшының тек төртеуі биылғы додада бақ сынамақ. Олардың қатарында Гауһар Лигасының «гүлі», Лондонда алтын олжалаған жеңіл атлет Ольга Рыпакова, күміс иеленген боксшы Әділбек Ниязымбетовті ерекше атауға болады. Аса ауыр салмақта шаршы алаңда жұдырықтасқан Иван Дычко сол жылы қоланы қанағат тұтты. Биыл Мырзағали Айтжанның және күллі Қазақстан халқының сенімін арқалап Риоға аттанған жуан жұдырықтының бірі – осы мақтаулы Дычко. Төртіншісі – «Қарсыластарымның осал тұсын жақсы білемін» деп шіреніп отырған еркін күрес шебері Гүзел Манюрова. Отыз сегіз жастағы нәзік жанды балуан қарсыластарының көбісі Афины, Лондон Олимпиадаларының боз кілемінде белдескендер болғандықтан өзіне сенімді болуы керек. Бір айта кететіні, Рыпакова секілді өзінің үшінші Олимпиадасына қатысқалы отырған боксшымыз бар. Ол – ең жеңіл салмақта (48 келі) ел намысын қорғайтын Біржан Жақып. Қытайлық Цзоу Шиминге соңғы екі Олимпиаданың ширек финалында жол берген Біржанға барын салу керек. Өйткені, жасы егде тартқан боксшының бұл соңғы үлкен бәсекесі десек қателеспейміз. Сондай-ақ, бұған дейінгі төрт Олимпиадада командалық спорттың  ең кемі бір түрінен төбе көрсететін Қазақстан Рио төрінде сынға түспейді. Айта кетейік, волейбол мен регбиден әйелдер құрамасы, су добынан ерлер мен әйелдер құрамаларының іріктеуге қатысқанымен, Бразилияға жолдама жеңе алмаған жайы бар.

БАБЫ КЕЛІСКЕН СПОРТШЫЛАРДЫҢ БАҒЫ ЖАНСА ЕКЕН

     Жазғы Олимпиада ойындары ішінен еліміздің оң жамбасына келетін әрі ең табысты спорт түрі бокс екенін бес жасар балаға дейін жақсы біледі. Бір ғана боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогін үш рет олжалаған қазақтың жуан жұдырықты жігіттеріне артылған жүк ауыр. Оның үстіне барлық салмақ дәрежесі бойынша он сайыпқыранды сайысқа алып шығуға ниеттенген Мырзағали Айтжан шәкірттерінен кемінде екі алтын күтіп отыр. Біржанның жағдайын жоғарыда айттық, ал, 52 келіде Қазақстан атынан Риоға жолдамасына Ілияс Сүлейменов пен Олжас Сәттібаев таласқан болатын. Алайда, Қытайда  Азия және Мұхит аймағы елдері бойынша өткен турнирдің финалында қырғыз боксшысы Азат Усеналиевті тізе бүктірген Олжастың бағы жанып, Оңтүстік Америкаға жолдама алды. Негізінен, арқасынан қағып, бәйгеге қосқалы отырған он жүйріктің осалы жоқ. Бабы келіскен, «батыр майданда шынығады» демекші, халықаралық ареналарда әбден ысылған, шыңдалған. Боксшыларымыздың бабы мен бағы қатар шапса екен деп тілейміз. Күрес түрлерінен де күтеріміз көп. Өйткені, Олимп тойының басталуына он бір күн қалғанда қатысатыны белгілі болған 19 жастағы дзюдошы Дидар Хамзаның (73 кг) сүйінші жаңалығын жақсылыққа балап отырғанымыз жасырын емес. Бабалары шетінен балуан болған қазақтың бүгінгі жас баһадүрлері Риода батылдық танытып жатса артық етпес. 60 келіде белдесетін Елдос Сметовтің алтын алуын тілемейтін қазақ жоқ шығар. Сондай-ақ, Жансай Смағұлов (66 кг) пен Максим Раков (100 кг),  әйелдер арасында Галбадрах Отгонцецег (48 кг) пенМариан Ордабаева (63 кг) жүлделі орындардан көрініп жатса мұндай жетістіктің ел құрамасының тақиясына тар келмейтіні белгілі.

Артем Захаров
Артем Захаров

ЖИЫРМА ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ЖЕТІСТІК

      Барлығы 108 жолдамаға ие болған Қазақстан құрамасы жоғарыда аты аталған қос мықты З.Чиншанло мен И.Ильинді және жарақатына байланысты теннисшілер Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцеваны Риоға апара алмады. Бұған дейін басын ашып айтқан спорттардан бөлек сайыстарға қатысатын атлеттеріміз жөнінде ресми дерек келтіре кетейік: ел құрамасы сапында еркін күрестен 5, грек-рим күресінен 3 және әйелдер күресінен 4 бірдей балуанымыз бар болса, көркем гимнастика мен акробатикадан бір-бірден, , қайықта ескек есуден 2, байдарка және каноэдан  11, кедергілер арқылы ескек есуден 1, дзюдодан 6 және жеңіл атлетикадан 26 атлет бар. Екі теннисші үлкен кордта ел намысын қорғаса, үстел теннисінен Кирилл Герасименко сынға түспек. Ал, Бессайыстан 2, тас жолдағы веложарыстан 2, велотрек және суға жүзуден  3, мәнерлеп жүзуден 2, садақ атудан 2, нысана көздеуден 5 жазғы атлетіміз Бразилияда барын салуды мақсат етіп отыр. Бір қызығы, велотректен соңғы рет Атланта Олимпиадасында өнер көрсеткен Қазақстан араға жиырма жыл салып қатыспақ. Кім біледі, бәлкім, әлем кубогі кезеңдерінің жүлдегері, Риоға жолдама алған Артем Захаров Лондонда бағы шауып кеткен Александр Виконуров секілді алтынға қол жеткізіп қалар. Сондай-ақ, Илья Мокрецов семсерлесуден жалғыз өзі құрама атынан сайысқа түссе, таэквондадан Руслан Жапаров (80 келіден жоғары), Жансел Дениз (67 келі) және Айнұр Есбергенова (49 келі) ел қоржынына Олимпиаданың қоласын салған Арман Шылмановтың жетістігін артығымен орындауға тырысып көреді. Өйткені, Арманның ізін басқан Русланға Елбасының өзі Мемлекеттік Туды сеніп тапсырғаны бәрімізге мәлім. Ендеше, көк байрақты 31-ші Олимпиаданың ашылуында ұстап шығатын жас таэквондошыға алғашқы үлкен бәсекесі аса ауыр жауапкершілік артып отыр.

ТҮЙІН: Төртжылдықтың басты бәсекесі спортты серік етіп қана қоймай, кәсіп қылған жазғы атлеттердің мәртебелі додасы. Рио Олимпиадасы рекордқа толы болар деп күтсек, солардың қатарынан және жеңіс тұғырынан Қазақстан құрамасының табылуына тілекшіміз. Әлем назары Риоға ауған шақта оқырмандарымызға жақсы жаңалықтарды, жарқын жеңістер мен әсерлі сұхбаттарды ұсынатын боламыз деген үмітіміз де жоқ емес.