Жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев): ҚЫЗЫЛ АРМИЯНЫҢ «ҚЫЗЫҚТАРЫ»
Бүгін Кеңес армиясының құрылған күні дейді ғой. Иә, кеңестік кезеңде өмір сүрген буынға, әсіресе, кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтегендерге 23 ақпан өзінше ыстық. Қазір бұл датаны Ресей армиясы «Отан қорғаушылар күні» ретінде атап өтеді. Ал қазақстандық Отан қорғаушылар күні 7 мамырға белгіленілген. Соған қарамастан 23 ақпанды атап өтушілер аз емес. Оларға қымбаты – естеліктері мен 100 грамм.
Артта қалған сонау сталиндік заманда мынадай бір аңыз туған: 1918 жылы 23 ақпанда Қызыл Армияның бөлімшелері Псков пен Нарва түбінде неміс әскерлерін талқандапты-мыс. Ал іс жүзінде тарихқа үңіліп қарасаңыз бұл күні матрос Павел Дыбенко бастаған қызылгвардияшылар Псков пен Нарва түбінде неміс армиясымен ұшырасып, тырқырай қашқанынын көресіз. Осыған байланысты 25 ақпанда «Правда» газетінде В.Ленин орын алған оқиғаны «масқара» деп атаған. Ақиқатында қызылгвардияшылар Псков пен Нарва түбінде 23 ақпанда ешқандай жеңіске жетпеген! В.И.Ленин Жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясын құру туралы Декретке 1918 жылы 15 қаңтарда қол қойған. Шын мәнінде мерекеленетін күн осы еді.
Оны былай қойғанда 23 ақпанның тағы бір қызығы бар. 1918 жылғы тура сол 23 ақпанда генерал Корнилов бастаған еріктілер (ақтар) армиясының әйгілі «мұзды жорығы» басталған. Әлгі датаны ақгвардияшыл генералдар мен офицерлер шетелдерде кәдімгідей атап өтіп жүрген. Бұл іс жүзінде Ақтар армиясының құрылған күні! Осы масқараны ел жадынан өшіру үшін 1922 жылы 23 ақпанды Қызыләскер күні ретінде мерекелеу тәртіпке енгізілген.
Қызыл армияны Қызыл Армия қылған революция көсемдерінің бірі – Лев Давидович Троцкий. Армия құрылысы сияқты күрделі салаға оқыстан келген ол өзінің поезымен түрлі әскери бөлімшелерге күтпеген жерден келіп қатал мінезімен қатаң тәртіп орнатып жүрді. Әскерден қашқандарға арнап концлагерьлер ашты және әскер ісіне патша армиясының білікті генералдары мен офицерлерін тартты. Осыларымен ұтты. Патша армиясында 270 мың офицер болған екен. Соның 70 мыңы большевиктер жағында, 90 мыңы ақгвардияшылар жағында, қалғандары екі ортада сандалып, бірқатары шетел асқан.
Троцкий қызыл әскерлердің формасына бесжұлдыз қадап жаңа әскери символ туғызды. Осы кезеңде Қызыл армияға бұрын ешбір елде болмаған әскери комиссарлар институты енгізілді. Совет өкіметі толықтай орнаған соң дүниежүзілік коммунистік революция жасау идеясымен Қызыл Армия іс жүзінде басқыншылық доктринаға көшті. Кеңестік тарихта Қызыл Армияның бес жыл қатарынан бейбітшілікте, тыныштықта болған кезі жоқ.
Қызыл Армия елдегі көтерілістерді, оның ішінде Қазақстандағы 1918-1922 жылдардағы толқуларды, 1928-1932 жылдардағы наразылықтарды қарумен жаншыды. 1929 жылы Қытаймен қақтығысты. 1936 жылы испан соғысының ортасында жүрді. 1939 жылы Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны, Балтық жағалауы елдерін басып алды. 1939 жылы гитлершіл Германиямен (1 қыркүйекте) бірге Польшаға шабуыл жасап (17 қыркүйекте) Екінші жаһан соғысын бастады. 1939-1940 жылдары Финляндияға шабуыл жасап жеңілді.
Ұлы Отан соғысы өз алдына бөлек тақырып. Соғыстың алғашқы екі айында 4 млн қызыл әскер тұтқынға түсті. Бүкіл соғыс барысында 47 млн адамынан айырылды. Совет армиясы бұдан соң Жапон, Қытай, Корея, Вьетнам, Алжир, Мысыр, Сомали, Венгрия, Чехословакия, Ауғанстан, Мозамбик, Сирия, Йемен, Лаос, Камбоджа, Бангадеш, Пәкістан-Үнді, Чад-Либия, Югославия елдеріндегі соғыс қимылдарына қатысты. Совет әскері 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісін де аяусыз басып жаншыды. Кеңес әскерінің мұрагері – Ресей армиясы қазір Сирияда соғыс жүргізіп жатыр.
Кейбір замандастарымыз «біз ант беріп едік» деп ақталады. СССР келмеске кеткенде оған берілген ант та күшін жойды! Совет Одағы өзінің халқын аямаған мемлекет. Оның тұлыбына қарап мөңіреудің қажеті жоқ.
Осындай басқыншы, қанқұмар кеңес армиясының, қазір бізге бөтен Ресей қарулы күштерінің мерекесін тәуелсіз Қазақ жерінде тойлау бізге соншалықты керек пе?
Жазушы, публицист
Марат Байділдаұлы Тоқашбаевтың
фейсбук арақшасынан