Жазықсыз сотталған аналарға амнистия берілсе, тірі жетімдер азаяр еді

Ресми мәліметтер бойынша Қазақстанда 2 336 әйел темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатыр екен. Кезінде ойланбай от басып алып тағдыр тәлкегіне түскен  нәзік жандылардың түрмеге түсу себептері де әртүрлі. Олар, әрине, ар жақтағы өмірлерінің өте қиын жағдайда өтіп жатқанына қиналады, өкініштен өзектері өртенеді. Отбасын, әсіресе балаларын сағынады. Бірақ амал нешік?!.  Көбі «Адам өлтіру» бабы бойынша сотталған. Әйелдер жасаған қылмыстар арасында алдыңғы  орында «Есірткіні заңсыз сату, тасымалдау және сақтау» бабы мен  «Адам саудасы» және «Алаяқтық» бабымен сотталғандар  көп екен.

Көбінесе қылмыстың біразы  отбасында ұрыс-керіс,  қызғаныш пен ішімдіктің кесірінен туындайды екен.    Мәнсия  10 жылдан астам бірге тұрған күйеуін өлтіріп алған. Сол үшін оны сегіз жылға соттады. Оның айтуынша, ері жиі ішімдік ішкен, күнде ұрыс-керіс шығарған. Соңғы ұрыс күйеуінің ажалымен аяқталды. «Сол күні ол тағы да мас болып келді, мені ұра бастады. Төбелес кезінде   терезенің сынған әйнегін қолына алып бетімді осып алмақшы болды. Мен «бәрі бітті» деп ойладым. Не болғанын түсінбеймін, әйтеуір шыныны қолынан жұлып алып,  оның көзіне қадаппын. Үйдің іші қан-жоса. Қыздарым қасымда еді, қорыққандарынан шыңғырып жатты. Өзім «Жедел жәрдем» шақырдым, полиция келіп мені тұтқындап алып кетті. Сөйтіп  қорғанамын деп өзім қылмыскер атандым» дейді ол көз жасын сығып. Мәнсияның ата-анасы мен жақын туыстары жоқ. Сондықтан кәмелеттік жасқа толмаған екі қызын сауықтыру орталығына жіберген.

Сондай құрбандықтың бірі – Айнұр.

– Ол қызғаныштан мені қатты ұратын, шашымнан сүйрейтін. Ылғи денем көгеріп жүретін. Екі рет қолымды пышақпен кесті, тыртығы қалып қойды. Бір айға жуық қолымды көтере алмай, үйде жаттым. Ауруханаға баруым керек еді, бірақ ол «жоқ, үйден емделесің» деді. Сол кезде түрмеге түсуден қорқып, мені әдейі дәрігерлерге жібермесе керек. Оны тыңдамай баруым керек еді, оны түрмеге қамағанда бәрін түсінер ме еді, – дейді ол. – Мен кезекті ұрыс үстінде шыдамай  оны баспалдақтан итеріп жібердім. Сөйтіп ол қарақұсымен құлап, өлім құшты. Ұзақ мерзімге сотталып кете бардым. Үш балам тірі жетім қалды. Туыстарым қолына алды. Балапандарымды аяймын, оларға ана керек қой… Күнде мені іздеп сағынып, жылап жүр. Әркез «анашым, қашан келесіз?» деп сұрайды.

Әйел қатыгез немесе маскүнем ерін өлтіріп алған кезде, заң бойынша көбіне «Қажетті қорғану» бабын қолданылу қажет тәрізді. Алайда  тергеу немесе сот ісін қарау кезінде бұл бап ескерілмей қалады. Алматы облысының  Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 әйелдер түзету мекемесі қалаға жақын орналасқан. Мұнда жазасын өтеп жатқандардың ішінде күйеуін өлтіргені үшін сотты болған әйелдер көп.  Соның бірі Сәния қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен (адам өлтіру) 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Артында қалған бес баласы қазір Бағанашылдағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Әйел күйеуін пышақтап өлтіргені үшін сотталған.

– Алғаш үйленгенде күйеуім  жақсы еді. Бірақ екінші балаға аяғым ауыр кезде іше бастады. Кейін ұрып-соғуы да қосылды. Ақыры аяғы осылай болды ғой… Балаларымды көріп тұрамын. Ашық есік күндері осында әкеледі. Екі сағат бірге өткіземіз, ал былай бейнеқоңырау арқылы күнде сөйлесеміз. Әттең, осының бәрі түсім болса ғой! – дейді ол өкінішпен еске алып.

Таяуда Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден  ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің   атына тиісті депутаттық сауал жолдады. «Сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмесе, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынады. Мұндай шара әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасы құндылығының нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Көп жағдайда отбасындағы бала тәрбиесі әйелдердің мойнында», – деді депутат.

«1500-ден астам бала анасыз қалды. 100-ге жуық  сәби балалар үйіне жіберілген. Бұл жай ғана сандар емес. Бұл ойран болған отбасылар, бұзылған тағдырлар, ең сорақысы ана жылуынан айырылған сәбилер», – деп түсіндірді ол. Депутат сотталған әйелдерге амнистияны қолдану үшін бірқатар критерийлер ұсынылады: зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер; жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар әйелдер; көпбалалы әйелдер;  алғаш сотталған әйелдер;  жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.

«Ал  аса ауыр қылмыс  жасап,  зорлық-зомбылық-қа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге амнистия жасалмайды. Бұл мәселеде халықаралық тәжірибе жеткілікті. Мәселен, Қырғызстанда әйелдерге 1996 жылдан бері  3 рет амнистия жасалған. Өзбекстанда 2013 жылы амнистия жасалып, әйелдер мен кәмелетке толмағандар босатылды. Ресей Президенті 2023 жылы  әйелдерге амнистия жасау туралы идеяны қолдады. АҚШ-тың кейбір штаттарында әртүрлі қылмыс жасап сотталған әйелдерге бірнеше  рет амнистия  жасалды», – деді спикер. Оның сөзінше, әйелдерге амнистия жасалса, елдің пенитенциарлық жүйесіне жүктеме азаяды. Сонымен қатар балалар үйлеріне түсетін жүктеме төмендеп, әлеуметтік шиеленіс азаяды. Қазір тұрмыстағы зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Кез келген әйелден сұрасаңыз, «күйеуім ішеді, қол көтереді» дейді. Мүмкін, заңға өзгерісті бұрынырақ енгізгенде тұрмыстық соққы көріп, жапа шеккен  әйелдер сотталмай, балалар жетімдер үйінде өспейтін бе еді?  Неде болса қылмыс жасар алдында әр ата-ана қызулыққа салынбай, «мен не істеп жатырмын, балаларыма зиян келмей ме?» деп азырақ ойланса, арты осындай өкінішке ұрынбас па еді деген ой келеді. Аллам сабыр берсін!

 

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ