Жазылған мақалаға пікір: Қазақ тағдыры- қазақтың аталық қасиеттерінде.

Сайтымыздың  28 наурыз,2016 жыл, Неке және отбасы айдарында жарияланған  аудармашы Шынар Әбділданың   «Қазақ әйелінің баянсыз бақыты» атты мақаласына  жазылған пікірдің толық нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз:

Наурыз мейрамының қарсаңында «Қазақ әйелінің баянсыз бақыты» деген тақырыппен бір мақала жарияланды. Аударма мақала. Авторы Ботагөз Көпбаева. Шынар Әбілдә қазақшалаған екен. Бір жағынан авторын танымағандықтан, екінші жағынан Шынар осы мақаламен қоғамдық пікірді білейін деген ойы болды ма деп, мен өз мақаламды Шынарға арнап отырмын.

Менің ұстазым, қазақ этнография ғылымының негізін салушылардың бірі Халел Арғынбаев «Қазақ халқындағы отбасы мен неке» деген монография жазып еді. Бүгінгі күні ағамыз арамыздан ұзап кеткен, бұл тақырыпты айналдырып жүрген этнографтар да жоқ. Сол себепті бір жағынан- ғалым-этнограф, екінші жағынан- азамат ретінде пікірімді білдірегенді жөн көрдім. Бұл шаруаға араласпай-ақ қояйын десем, мақаланың соңына қарай автор «жақында бізідің әйелдердің түрік күйеулерімен бақыты қалай қалыптасып жатқаны туралы мақалалар жаза бастадым» дейді. Бұл қауіпті бастама, автор өзінің қателіктерінен қорытынды шығармағанға ұқсайды. Мына мақаланы, уақыттың тапшылығына, күштің аздығына, басқа жұмыстың көптігіне қарамастан қолға алғаным да сол.
Шынар, «Қазақ әйелінің баянсыз бақыты» мақаласын жазған әйелді мен ақылсыз демеймін, қазақ қоғамына қатысты бірсыпыра дүниені дұрыс баяндаған, кей жерде өзінің қойған сұрақтарына өзі жауап беріп те отырады. Бірақ біріншіден, ғалым болмағандықтан, екіншіден, әйел болғандықтан өзінің қойған сұрақтарына өзі жауап беріп отырғандығын аңғармағанға ұқсайды.

Мәселе неден туындап отыр ? Қазақ әйелінің қазақ еркегіне наразылығынан туындап отыр. Бұл пікірді БАҚ- құралдарында да кім-көрінген бұрқыратып жазып, айтып жатыр. Абсурд ! Біз қазақты этностық ағза деп қарасақ, оның жартысы еркектен, жартысы әйелден тұрады, бір жартысы екінші жартысын мойындамаса ол қандай халық ? Екіншіден, соңғы кезде «әйел бақыты» деген ұғым пайда болды және ол отбасымен байланысты қарастырылмайды. Автор осыдан он жыл бұрын Мәскеуден Алматыға келген Татьяна Погосова дегеннің «Сендердің әйелдерің өзін ойлай бермейді. Бар арманы баламның, ата-анамның, туыстарымның тыныштығы, солардың бақыты деу екен. Әйелдің жеке өз бақыты туралы мүлде ойланбайды екенсіңдер» деп «рухани өсу» туралы треннинг өткізгенін, өзі соған қатысқанын жазады. Ағайын-туыс біреуде бар, біреуде жоқ, олар туралы аса қиналудың қажеті жоқ дейік, тұрмыс құрған қазақ әйелінің бақыты байы мен балаларында емес пе ? Мұны қалай жоққа шығаруға болады ? Менің анам марқұм ұрыс дегенді білмейтін адам еді, бірақ Т.Погосова сияқтыларды «үре бер» деп үйден айдап шығатынына күмәнім жоқ.

Бар пәле аталық (патриархалды) отбасы дәстүрінің үзілгендігінен болып отырған сияқты. Автордың «біздің қоғам әйелдерге қырын қарайды» дегені бос, ешқандай дәлелсіз сөз. Күнде көріп жүрген бір мысалменен-ақ бұл сөзді жоққа шығарамын. Астананың жер үйлерден тұратын Оңтүстік -Шығыс деген ауданы бар. Сол үйлердің бірінде менің апайым тұрады, жиендердің аздаған бизнесі бар. Осы апайымның үйіне қарама-қарсы жұмыртқадай біркелкі үш коттедж тұр. Бір барғанда жездемнен мына тұрған үйлердің иелері кім десем, үш бажа дейді. Міне, мақала авторына жауап керек болса. Қайдағы «қырын қараған», ол үш бажаның өз ағайындары, аға-інілері жоқ па ? Бар, әрине, бірақ күштінің арты диірмен тартады деген, күш әйелдерде болып отыр. Этнография ғылымында мұндай құбылысты «матрилиниялық қоныс» дейді, яғни қазақтың аталық туыстық жүйесінің шаруасы бітті.
Менің түсінгенім ерлерді қанша кінәласа да «Қазақ әйелінің баянсыз бақыты» мақаласы авторының бақытсыздығына ең алдымен кінәлі өзі. Шынар, сіз аңғарсаңыз автор оны жасырмайды «Күйеуімнің қарсылығына қарамастан туыстарыма көмек қолын созатынмын. Барлық туыстарымды Түркияға көшіріп алдым. Күйеуім содан менімен ажырасып кетті…» дейді. Тек қана қазақ емес, кез келген ұлттың азаматы отбасын патриархалды негізде құрғанды дұрыс көреді. Еркек бейшара да өз туыстарымен араласқысы келетін шығар ? Бұл адамзат баласының мыңдаған жылдық тәжірибесі, оған жер бетіндегі әйел затынан қазақ әйелі ғана қарсы шығып отыр. Парадокс !
Автор ара -тұра «біз, қазақтар, туыстармен тым жиі араласамыз» дейді. Мақаланың контексіне қарағанда, бұл жерде әңгіме әйелдің өз төркіні туралы болып отыр, өзгеге жала жабудың қажеті қанша? Қазақтың ішінде әлі де барған жеріне тастай батып, судай сіңіп, сол әулеттің намысын жыртып жүрген келіншектер бар. Сонымен бірге әйелдердің өз төркінінен кете алмауы қазақи отбасының басты проблемасына айналып келе жатыр. Шешімі біреу- жылына бір рет арнайы жолымен өтетін төркіндеу деген салтты қайта жаңғырту. Менің білетінім шешесінен, апа-сіңлісінен кіндігі үзілмеген әйелдердің көбейіп келе жатқаны. Күндіз шешесімен жүзбе -жүз кездесе алмаса, кешке міндетті түрде телефон соғып, ағайын-туысын, одан қалды ауыл -аймағының өсегін, одан қалды қызыл сиыр мен қоңыр бұзау, ақ тауық пен қара балапанға дейін түгендейді. Үш қыз қосылып әкелеріне ас беріп жатқан оқиғаны көрдім. Егер ол отбасында ұл болмаса кешірімді шығар, жоқ, бір емес ұш ұл бар. Ендеше неге қыздар ас береді, себебі қыздар ажырасқан, төркіні де, қайын жұрты да өз ауылы. Тіпті қазіргі кезде шешелерінің «сен бір шіріген жұмыртқа болдың» қызының үйінде әңгіртаяқ ойнатып жатқанын да көресің. Мақала авторының өзі де төркініне көмектесемін деп Түркияда байдан айрылған, қарызға батқан, активтерін жоғалтқан, туыстарының бірі қалмай тастап кеткен. «Көмектесу түбіме жетті» деп мойындап та отыр.
Автордың жазғандарындағы бір шындық -қазақ қоғамында өтіріктің көбейіп кетуі. Бұл құбылыс тек отбасы төңірегінде емес, мемлекеттік масштабта орын ала бастаған сияқты. Қазақта «сыпайы тоңбайды, қалтырайды» деген сөз бар, бұл сөз біздің халқымыздың қазіргі жағдайына тікелей байланысты айтылғандай. Бітпейтін бір понт. Жер көлемі мен байлығымыз жағынан әлемдегі алғашқы ондықтамыз, жан басына шаққандағы қарыздан да ондықтамыз. Малдың еті мен сүтін, терісі мен жүнін өз бетімізбен іске асыра алмай отырып, соларды іс қылатын сыртқы кәсіпкер мен инвестиция іздейміз. Өз арамызда да, биліктің әр түрлі деңгейлерінде де шындықтың ашық айтылғаны дұрыс. Ауыр болса да шындық жақсы, ауруын жасырған өледі дейді. Бұл да қазақ қоғамында аталық қасиеттердің азайып кетуіне байланысты. Әрине, қоғамға позитив керек, бірақ адам болған соң кейде дұрыс, кейде теріс қадамдар жасауымыз заңды, «жаңылыспайтын жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді, біздің халық осыны түсінбейтіндей ақымақ емес.
Тағы бір шындықтың бетін мақала авторы дұрыс ашқан, ол Түркия сияқты елдерде әйелдердің ақша табуды мақсат тұтпайтыны, күйеуінің алдына шықпайтыны. Бұл тек қана Түркия емес, алдығы қатарлы әлем елдерінің бәріне де ортақ ереже. Жапон еліне барсаңыз да осы, АҚШ-та да осылай. Жапондар патриархалдық тәртіпті отбасылы еркекке екі есе жалақы берумен шешіп отыр, соның арқасында еркек отбасында Будда құдайы сияқты. Қатыны еркегін таңертең жұмысқа иығына сырт киімін жауып, басына қалпағын кигізіп, аяқ киімін тазалап шығарып салады, жұмыстан келсе сол тәртіппен иіліп-бүгіліп қарсы алады. Американдықтар әлемдегі ең діндар халық және дінге сенушілердің басым көпшілігін протестанттар құрайды, ал оның ішінде патриархалды дәстүрді қатты ұстанған пуритандық аскеттер ерекше басым. Мормондар арасындағы отбасылық құндылықтар қазақтың байырғы дәстүрлеріне келеді, еркек билігін сөзсіз мойындауға негізделген. АҚШ тарихында 50 президент болса, соның ішінде әлі әйел жоқ, Конгерстің ішінде де әйел сенаторларды шаммен іздесең әзер табасың.
Автордың «біздегі әйелдер от басын сүйрейтін алдыңғы дөңгелек болып алды, жәй бақытты болудың орнына құдіретті болуға мәжбүр» дейді. Шынар, осы жерде не түпнұсқа тексте, не аудармада қате бар. Шамасы автор қазіргі әйелдер еркектерін билеп-төстеп отыр дегенді айтқысы келген болуы керек. Оған да қазақ еркектері кінәлі болуы керек пе ? Совет заманындағы репрессиялар мен партиялық тұқырту, 90 жылдардың қиыншылығы қазақ әйелдерін алдыңғы шепке шығарды. Бірақ ала дорбаны әйелдері арқалаған от басылары бақытты болып кетті деу де шындыққа жанаспас, сол ала дорбаның кесірінен шырқы бұзылған от басылары аз емес.
Осыдан келіп автордың тағы бір шындығының құлағы қылтияды, ол ұл балалар тәрбиесі: «Шешелер ұл балаларын алға шығарады», «Ұл бала туғаннан көбірек махаббатқа ие, ол отбасының үміті, тірегі дейді», «Келешек тірегіңді басқа шығарудың қажеті не ? Мен осыны түсіне алмай-ақ қойдым. Еркетотай ұлға қалдай үміт артуға болады ?», «Шешесінің баласы болып өтеді. Отызға келгенде не жұмыс, не отбасы жоқ».
Жалпы автордың дәл осы жазғаны дұрыс, бұл құбылыс қоғамды кеулеп орын алып алды. Себебі не ? Тағы да әйелдер кінәлі. Билікті алған әйелдер қыз тәрбиесіне де, ұл тәрбиесін де жауапты өздері береді. Егер сен жаныңдағы еркегіңді қадірлемесең, қорықпасаң, сыйламасаң, ер бала қалай өсуі керек ? Қазіргі уақытта ер адам ауыз ашса, әйел бірнеше есе қылып жауабын береді, әкесі ұлына ауыз ашса арасына түседі. «Маменькин сыноктар» қазір жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келеді.
Қысқаша баяндасам мақаланың мазмұны осы. Азамат болғаннан кейін қоғамды алаңдататын сұрақтарға жауап беруде. Алдымен ескертетін мәселе, қазақтың ер-азаматын баспасөз, ТВ, радиода қорлауға жол берілмеуі керек. Менің ойымша осы жерде қоғамдық пікірді қалыптастыратын журналист қауымы ерекше қызмет атқару керек. Қоғамдық пікір қалыптасқаннан кейін билікке салмақ салуға, қажетті шешімдер қабылдатуға болады.
Қазақ батыр халық. Сонау сақ, ғұн, түркі дәуірлерін айтапаған күннің өзінде Абылай заманында қандай едік ?! «Шүберекке түйулі жан болыпты, ұйықтап жату жігітке ар болыпты» дейді. Ресейді далаға жақындатпадық, 223құмырсқадай Қытайға қарсы төтеп бердік, қара қалмақ болса да үйреншікті жауымыз. Қазақстанның қазіргі шекарасы сол заманда анықталды. Келіссөздермен емес, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен белгіленді. ХУІІІ ғасырдағы атақты Малайсары тархан не іздеп барды Жетісуға ? Қазаққа қоныс алып берейін деп барды. Жүздеген қазақ батырлары Алтын Емел маңында қырылды. Соның арқасында, атақты шығыстанушы В.Бартольд жазғандай, Абылай Орталық Азияның ең мықты билеушісіне, қазақ ең үстем ұлтқа айналдық, қайырусыз жылқы бақтық, қалыңсыз қатын алдық. Мың-мыңнан жылқы, қос-қостан қатын, оның әрбіреуінен он-онан бала болды. «Ақтабан шұбырындыдағы» шығынның орнын солай толтырдық. Абылайдың он екі әйелінің біреуі ғана төренің қызы, қалғаны өзге ұлттардан. Мықты ұлт өзгеге қыздарын бермейді.
Кенесары заманы қандай еді ?! Қазақты жан-жақтан Ресей, Қоқанд, Хиуа жаудай талап жатқан күн еді ғой. Орыстың күші асып бара жатса да қазақтың жігіттері сонау Челябі түбіндегі Сынтас, Арқайыңды бермейміз деп қырылды. Одан Сарыарқаға орысты кіргізбейміз деп қан-жоса болды, не бір боздақ, текті азаматтар сол жолда шәйіт кетті. Орыстың айдап салуымен бұрыңғы қазақтың құрамындағы қырғыз көтеріліп, Кенесарыға ерген қаншама қазақ Алатауда көз жұмды. Сарыарқаның қазағынан талай ел кәпірмен бірге тұрмаймын деп Қаратау асып кетті, қалғаны амал жоқ, бодандықты мойындады. Сонда да жерімізден айрылмадық, Ертіс пен Жайықтағы ескі шептерімізді ұстап тұрдық, салт-дәстүрімізді ұмытпадық, жаңа заманға бейімделдік, кешенді шаруашылыққа өттік, жастарымызды оқыттық. ХХ ғасырдың басында, Ресей империясы құлап, ел дағдарғанда «Алаш» туын көтеріп шыққандар кімдер еді ? Қазақтың ер -азаматтары болатын. Қазақ ССР-і аталатын республика солардың маңдай тері, ақылы-ойы, аққан қанымен келді өмірге.
Кешегі күні, 37 жылдың қырғынында, орыс большевиктерінің тізімдеп тұрып, көгендеп қойып атқаны кімдер еді ? Қазақтың бас көтерер, көзі ашық, текті азаматтары болатын. Елдің аштықтан селдіреп қалғанына, бас көтерерінің атылып, еті тірісінің лагерьде жүргеніне қарамастан Екінші дүние жүзілік соғыста жаппай ерлік көрсеткен, жүзден артық Совет одағының батыры атағын алған қазақтың ер-азаматтары емес пе ?! Халықтың жалпы санын одан шыққан батыр санымен салыстырып көрдіңіз бе ? Үш жүз елу мыңдай қыршындай жас қазақ жігіттері сол алапат соғыста қайтыс болды.
Енді келіп қазақтың ер-азаматы жаман болып шығады, қазақтан басқа ұлт өкілдері мықты-міс. Абсурд ! Қазақтың ХХ ғасырда көрген бейнетін көрсе кез-келген өзге халық жер бетінен жойылып кетер еді. Мен мұны тарихшы және этнограф есебінде жауаптылықты мойныма алып айтамын. Дәл осы пікірді ХУІІІ ғасырға қатысты В.Радлов «өзге халықтар болса бұл ғасырдың қиындығынан көзі жойылып кетер еді» деп жазған болатын.
Сөз жоқ қазақ ішінде тексіздік көбейді. Ол әр халықтың ішінде бар құбылыс, біреуінде аз, біреуінде көп. Бізде бұрын аз еді, себебі қазақ деген халық әуел бастан туысқандық жүйе арқылы басы біріккен еркін азаматтардың қауымы болды ХХ ғасырда тиген соққылардың ауырлығынан қазақтың бірнеше ғасыр бойы сұрыптаған текті әулеттерінің көпшілігі жойылып кетті. Жаңа әулеттер өсіп шыққанша, олар ел мұңын жоқтайтын, жауаптылықты мойнына арта алатын қауым болып қалыптасқанша екі-үш буын керек. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылы осы мәселені шешіп жатқаны сөзсіз, бірақ жас буындар өсіп жетілгенше әлі де біраз уақыт керек-ау деймін.
Дегенмен, қарап отырмай біраз ұсыныстарымызды білдірейік, мақаланы жазудағы мақсат та сынау емес. Менің ойымша тығырықтан шығар жолдың бірі -қазақтың қанында және жадында бар аталық дәстүрлерді жаңғырту. Мысалы мемлекеттің қатысуымен:
-Шаруа қожалықтары аталық туыстық негізде құрылып, оларға тегін жер, арзан субсидия берілуі керек;
-Түркістан мен Астана арасында қазір иесіз жатқан қаншама жер бар. Совет үкіметі «отгонное животноводство» деп бұл жерде жартылай көшпелі өмір салтын қолдады және малды өсіріп пайдасын көрді. Осы жүйені қайта құруға Қазақстанның қаржысы мен мүмкіндігі келмейді дегенді кім айтады ? Міне, аталық дәстүрді қайта жаңғыртуға қолайлы жол;
-Билік жалақы коэфиценттерін дұрыс белгілеуі керек. Бұл мәселені Совет заманы құлағаннан бері ешкім де қозғаған жоқ. Енді осының ішінде отбасылы еркектерге арналған қосымша үлес болу керек те, от басы жоқтарға салынатын салық мөлшері көбейуі керек;
-Біздегі банктердің бәрі өзіміздің алпауыттардың қолында, өнеркәсіп те солардың меншігі. Қазақтың ер -азаматтарының ол байлықта үлесі болуы керек.
Қазақ қоғамының өзі шешетін де мәселелер бар. Олар:
-Қазақтың атастыру салтын жаңғырту:
Біздің бәріміз отбасы шағын мемлекет дегенде таңдайымыз тақ-тақ етеді, ал енді сол мемлекетті көзсіз көбелектей сезімнің еркіне беруге болды ма ? Мемлекет ақылмен, есеппен құрылмайды ма ? Қазіргі күнгі отбасылардың ең беріктері де алдын-ала есеппен құрылағандары. Ал енді махаббат деп өліп-өшіп бара жатқандарға тақырып аз ба, сезімінді поэзияға арна, сурет сал, өз мамандығыңды құлай сүй, кім қарсы ?!
-Қалың мал мен жасау дәстүрін жаңғырту:
Қалың мал туралы бізде теріс пікір қалыптасқан. Оған да себеп бар. Қазақ отбасысы ХІХ ғасырдан ортасынан бастап бірнеше үлкен соққыны бастан кешірді. Біріншіден, әскери отарлаудың барлық қанды оқиғаларын бастан кешірді. Екіншіден, сауда капиталы мен өсімқорлық енді. Үшіншіден, осы екеуі қосылып қазақтың көп бөлігі кедейленді. Осы себепті отбасы және неке жүйесінің дағдарысы басталды, әлеуметтік проблемалар күшейді, әйел тағдыры ауырлады. Сауда капиталы қазақ әйелін тауарға айналдыра бастады. Қазақтың уақытында төленбеген қарызы үшін татар мен сарт саудагерлері қыздарын, қатындарын әкететін болды. Кедейлік қамытынан құтыламыз ба деп қазақ қыздарын «қалың мал» деген сылтаумен сатуға айналды.
Бұл мәселелердің түбіне бойламаған қазақтың алғашқы жазушылары «қалың малды» жау көрді. Қазақ газеттерінде жас қыздардың егде тартқан адамдарға тұрмысқа шығуы, кедей қыздарының тоқал болып басқа үйдің табалдырығынан аттағанда көрген бейнеті барынша сыналды. Әрине, сұрқай көріністер бар еді. Осыны пайдалалып Совет үкіметі 1920 жылы «Қалың малды жою» туралы декретті қабылдады. Ал қалың мал қазақтың от басы мен неке қарым-қатынастарының негізгі арқауы болатын. Бұл жерде мен Ресей генштабының полкровнигі, атақты аналитик М.Красовскийдің 1868 жылғы жарияланған пікірін ұстанамын: «Этот уплачиваемый женихом капитал в вещах, деньгах, скот и прочее называется калымом. Он нужен отцу отпускаемой замуж, часто даже без ее согласия, дочери, во первых, как доказательство состоятельности жениха, другими словами-отцу невесты надобно убедиться в том, что будущий зять наделен от своего отца имуществом и следственно в состоянии содержать семейство. Во вторых, чем больше калым, тем труднее выплатить его сразу, а уплачивая по частями и притом всегда лично, жених… в период уплаты калыма, часто посещая невесту и имея достаточно времени для того, чтобы сойтись с нею, он в тоже время по обычаю должен…привозить с собою подарки для родственников невесты; таким образом, знакомство или, вернее сказать, тамырство между двумя, прежде может быть совершенно чуждыми, родами с каждым днем все более и более упрочивается. В-третьих, при помощи калыма у иных бедняков устраивается приличное приданое, которое, таким образом, нисколько и никогда не уступает калыму, а у многих даже превосходит его (отау үй де жасау құрамына кіреді-Ж.А.). Женино же приданое, по обычаю народному, священно: оно ни в каком случае не может быть отчуждено в пользу детей киргиза от другой жены, или в чью-либо пользу, но всегда составляет неотъемлемую собственность жены, за которую взято, и ее потомства, так что хотя приданое иногда делается собственно и на счет жениха, но между тем дело это в таком виде не выглядывает, и последний, при разладе с женою, никогда на ее имущество не посягает… Калым, в сущности, должно считать одною из обдуманнейших мер обеспечения семейства, одним из лучших обычаев полудикого народа».
Үшіншіден, зиялы қауым, БАҚ-өкілдері аталық қасиеттерді күшейтетін дүниелерді насихаттауы керек. Мысалы, біздің бір-бірімізге қазіргі сәлем беруіміздің өзі тым нәзік, майысып тұрып -Сәлеметсіз бе ?-дейміз. Бізбен көрші халықтар әлі де баяғысынша еркегі де, әйелі де «Асалаумағалейкүм» дейді. Осы жуан дауысты дыбыстардан тұратын «ассалаудың» өзінде қаншама аталық қасиет бар ! Біз «әйел» дейміз, олар «қатын» дейді, дәл осы сөзден қор болдық деп не өзбектің, не татардың қатыны шағымданып жатқан жоқ. Біздің эфир толып кеткен жылауық өлең, сыңсыған жіңішке дауысты әншілер, бітпейтін бір «жаным», «жаным», «өлдім-талдым». Театрға барсаң қатын ролін ойнап жүрген дардай актер жігіттер ! Олардың өздеріне де обал, көрерменге де обал. Мүмкін, билікке қазақтың қатын мінезді болғаны қолайлы да шығар, басқаруға жеңіл деген сияқты, ал халықтың болашағы үшін бұл үлкен қауіп. Қоғам болып осы мәселені шешуге болады.
Ал енді автордың «бала күннен бастап екінші сатыға түсіп қаламыз…. өзімізді толыққанды адам сезіне алмай өтеміз» деген өкпесі орынсыз. Егер қазақ әйелі күң сияқты болса атақты Бұқар жырау: «Өзі көкайыл, өзі дию-пері, Өзі долы қатын, Ер қадірін не білсін!», немесе «Жаман қатын алғаның, Төркініне бере алмай, Төсегіне жата алмай, Тең құрбыңыз келгенде, Оңды жауап қата алмай, Жалғанда қор болғаның» деп сонау ХУІІІ ғасырда таусылмас еді. Өз басында болған жағдай ғой. Тіпті алысқа бармай-ақ Абай сөзіне үңілейік. Абай «Әйел жақсы болмайды көркіменен, Мінезіне көз жетпей көңіл берме», «Ері ақылды, қатыны мінезді боп, Тату болса, райыс үстіндегі үй», «Ақыл керек, ес керек, мінез керек, Ер ұялар іс қылмас қатын зерек» дейді. Қазақ қоғамындағы әйелі теңдік іздеуі мүмкін емес, себебі ол отырықшы халықтардың әйеліндері сияқты бет -аузын бүркеп, бөлек бөлмеде отырған әйел емес, ол күң емес. Ресей түркологиясының негізісін салған атақты В.В.Радловтың ХІХ ғасырдың ортасында жазғаны: «Разумеется, у кочевого народа не может быть и речи о таком строгом разделении полов, как у оседлых мусульман. Ни девушки, ни женщины не закрывают лица. Они принимают участие в каждом народном собрании, в играх и вместе с мужчинами поют в хоре и при состязаниях певцов. В разговоре мужчины и женщины обмениваются шутками. Более того, киргизские (қазақ-Ж.А.) женщины позволяют себе общаться с мужчинами гораздо более свободно, чем, например русские женщины и девушки».
Сөз соңында айтарым бізге ешкім де келіп сырттан жол көрсете алмайды, себебі біздің тарихымыз да, мәдениетіміз де өзгеше, олардың жазып берген рецептілері ем болмайды. Бәрі өзіміздің қолымызда. Қазақ қоғамында отаршылдық дәуірде сіңген у бар, соны қайтаруды бәріміз де ойлануымыз керек.

Ж.Артықбаев