Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп тұр
Бұл жолы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы аумағындағы 28349 әскери бөлімде болған жарылыс салдарын жойып, қираған дүниені қалпына келтіру жұмыстарын ширату мақсатында құрылған облыстық штаб жұмысымен халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызымен бірге танысып шықтық.
Штаб төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен штабтың кезекті отырысынан кейін штаб төрағасынан және мүшелерінен сұхбат алудың сәті түсті. Алдымен облыс әкімі штаб жұмысының қазіргі барысын айтып өтті. Жаңа тағайындалған Қорғаныс министрі облысқа келіп, біраз шаруаны бірлесе пысықтағандарын жеткізді. Жоғалған азаматты әскерилер, еріктілер барын сала іздеп жатқандарына да тоқталды. Үйлерді қалпына келтірі жұмыстары да тұрақты бақылуда. Қысқасы сұрақтарымызға толыққанды жауап ала алдық. Облыс әкімімен болған әңгімеге газет бетінде кеңірек тоқталатын боламыз.
Одан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевті сөзге тарттық. Одан бірінші кезекте дәл қазір ауыр күйде аурухана төсегінде жатқан науқас – өрт сөндіруші Ерлан Қырғызәлиевтің жағдайын сұрадық.
– Ол науқастың тек қана денесінің сыртқы бөлігі ғана емес, тыныс алу жүйесі, яғни бронх жолдары, өкпесі де техникалық күйікке шалдыққан. Соның әсерінен өкпе пневмониясы өршіп кеткен. Өздігінен тыныс ала алмайтын халге жеткендіктен, оны өкпені қолдан тыныстандыру (ИВЛ) аппаратына қостық. Ауруханаға түскенде шок жағдайында болғандықтан, комбинациялық жарақат алғандықтан бірден жансақтау бөліміне, күйік шалғандарды жатқызатын арнайы төсекке жатқыздық, тиісті кешенді ем-шараларын дер кезінде қабылдадық. Бізге түскенде жағдайы өте ауыр болды, өздігінен қысымын ұстай алмады. Ол жігіт түскен күні-ақ, облыс әкімі Б.Сапарбаев, өңірге арнайы келген Денсаулық сақтау министрі А.Цой барлық жараланғандардың, соның ішінде осы жігіттің хал-ахуалын жеке бақылауларына алды. Елордадан санавиациямен бірнеше рет білікті мамандар келді. Қазіргі жағдайы ауыр болғанымен тұрақты. 3 қыркүйектен бастап аппараттан ажыраттық, өйткені өзі тыныс ала бастады, есіне келді. Сауығып кетуіне үміт бар. Қолданған емнің нәтижесінде жағдайы тұрақталып, көрсеткіштері біртінден оң динамикаға қарай ойысып келе жатыр, – деді Ә.Қалиев.
Басқарма басшысы жарылыс кезінде шошып қалған балалардың да болғанын жоққа шығармады. Бұл мақсатта шұғыл түрде психолог мамандардың жұмылдырылғанын жеткізді. Және кеше ғана 14 баланы Тараз қаласындағы «Бөбек» емдеу-сауықтыру орталығына жатқызылғанын айтып өтті. Десе де, әлі де психологиялық тұрғыдан өз-өзіне келе алмай жүрген, стресс алып қалған тұрғындардың жоқ екенін мәлімдеді.
Ал облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарамалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков асыраушысынан айрылған кезде мемлекет өтеп беретін төлемдер жайлы айтып берді.
– Қазіргі таңда осындай төлемдер тағайындалып жатыр. Келесі айдан бастап төлене бастайды. Орта есеппен асыраушысынан айрылғандар ай сайын алатын төлем сомасы 107 000 және 162 000 теңге аралығында болады. Бұл 18 жасқа дейінгі балалар санына қарай әркімге әртүрлі шығады. Егер балалары жоғары оқу орнында оқитын болса, оған жиырма үш жасына дейін төленеді. Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қаншалықты қатысушы болса, соншалықты көбірек төленеді. Одан бөлек, қайтыс болған марқұмдардың отбасына олардың соңғы жұмыс істеген орнынан алатын бес жылдық жалақысы көлеміндегі бір реттік өтемақы төленеді. Бұл төлем Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрлігі есебінен өтелмек. Бұған қоса асыраушысынан айрылған отбасыларға жергілікті бюджет есебінен 5 миллион теңге беру туралы шешім қабылданды және Үкімет тарапынан 10 миллион теңге беру мәселесі шешіліп жатыр.
Сонымен қатар, Бердібек Машбекұлының екінші деңгейлі банктердің басшыларымен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде жоғарыда аталған отбасылардың банк алдындағы берешектерін банктер толық кешіретін болды, – деді Ж.Баубеков.
Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов жаралыстан зардап шеккен ауылдардың оқушыларының оқуында еш проблема жоқтығын айтып өтті.
– Жалпы, жаралыстан соққы алған үш ауылда 240 оқушы бар. Қайнар ауылындағы 20 баланың 14-і «Бөбекке» жатқызылды. Олар сонда бір айдай уақыт жатып оқиды. Қалған 6 баланың ата-анасы Көкбастау ауылында бір үйді жалға алып, сол ауылда оқытып жүр. Ал Үшбұлақ ауылындағы мектепте 114 оқушы білім алуын жалғастырып жатыр. Мектептің қираған есік-терезелері тез арада қалпына келтірілді. Жібек жолы ауылындағы 114 оқушы екі автобуспен тасымалданып, Жаңатұрмыс орта мектебінде екінші ауысымда оқуын жалғастыруда, – деді ол.
Сондай-ақ штаб төрағасының орынбасары, облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев штабтың осы күнге дейін атқарған жұмысына, алдағы жоспарына тоқталды.
– Жарылыс болған күні-ақ облыс әкімінің тапсырмасымен жедел штаб құрылды. Оның құрамына әкімдік өкілдерінен бөлек, күштік құрылымдардың басшылық өкілдері де кірді.
Штаб ең алдымен, сол түні-ақ әскери бөлім маңындағы ауылдардың тұрғындарын тез арада көшіру ісін үйлестірумен айналысты. Ол үшін Тараз қаласынан бірнеше оқу орындары дайындалып, адамдарды тасымалдауға ондаған автобус жұмылдырылды. Ерікті жастар да жеделдік танытып, ас-суын, төсек орындарын дайындап берді. Бұл жұмыстардың бәрі ойдағыдай үйлестірілгенімен, көптеген отбасы түн жарымында, кейбірі ертесі күні Тараздағы туыстарының, жақын жуықтарының үйіне кетіп қалды. Осы ретте, ағайындық, ауызбіршілік танытып, кісіліктің үлгісін көрсеткен тараздықтарға алғыс айтамыз. Шошып қалған тұрғындар мектепте, уақытша орында жатпасын деп, үйлеріне сыйғызып алды.
Және де штаб шұғыл арада үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың қауіпсіздігін, яғни тоналмауын ұйымдастырыпты. Ол үшін Ұлттық Ұланның 500 сарбазы жұмылдырылып, олар аталған ауылдарды, кәсіпкерлік нысандарын күзетке алған. Соның арқасында тонау фактісі болған жоқ, дейді Талғат Шариұлы.
Сонымен қатар Т.Мамаев қалпына келтірілетін үйлердің эскиз-жобасымен таныстырды.
Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовқа жұрт аузында жүрген екі сұрағымызды қойдық. Оның бірі аудан орталығы Сарыкемер ауылындағы кафе аумағында шашылып жатқан снарядтар жайлы болса, екінші сұрақ «Сенім-Байзақ» қоғамдық қоры жайлы болды.
– Расында снаряд қалдықтары өзіме де күтпеген жаңалық болды. Ел дүрлігіп жатқанда бұл да бір жан шошытарлық ақпарат болғаны рас. Содан прокуратура, полиция сынды тиісті органдардың басшылары жиналып, бұл жайттың мән-жайын анықтадық. Ол заңды тіркелген бір кәсіпкердің кезінде Қорғаныс министрлігі өткізген аукционда түсті металл қалдықтары ретінде сатып алған жеке мүлкі екені анықталды. Құжаттарында еш шикілік жоқ. Бәрі заңды. Ең бастысы олар қауіпсіз қалдықтар екеніне көз жеткіздік. Бұл жерде енді кәсіпкердің оны сақтау ісіндегі салғырттығы, немқұрайдылығы ғана елді дүрліктіріп отыр, – дейді аудан әкімі.
– Ал әлеуметтік желідегі «Үкімет өзінің шамасы жетпей жатқандықтан жұрттан жылу жинай бастады ма?» деген сөзге қалған қайырымдылық қорына келетін болсақ, бұл қор бұрыннан бар. Мұндай қор бізде ғана емес, барлық облыста, ауданда бар. Қорға жиналған қаражат есебінен арнайы комиссияның шешімімен көмекке мұқтаж жандарға ақшалай да, материалдық жағынан да көмек беріледі. Бұған дейін де беріліп келген. Аудандағы жаны жомарт кәсіпкер азаматтар үнемі шама-шарқынша қаржы аударып, әлеуметке қарайласып келеді. Мына жағдайдан кейін де көмек қолын созып жатқандар баршылық. Ол азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Әрине, мемлекет заң аясында тиісті көмегін, төленетін өтемақыны ұйымдастырып жатыр, – дейді Бақыт Алпысбайұлы.
Қайткен күнде де жарылыс салдарынан туған түйткілдер, кедергілер ерте ме кеш пе жойылатыны анық. Тұрғындар үйлеріне қайтып оралатын күн де алыс емес. Кейбір қайнарлықтар арнайы тігілген әскери шатырда тұрып та жатыр. Бірақ қызмет бабында ерлікпен қаза тауып, шейіт болғандардың арамызға енді қайтып келмесі анық әрі өкінішті. Әсіресе, із-түссіз жоғалып кеткен, не тірі, не өлі екені жұмбақ күйінде қалған бір азаматтың тағдыры бізді де қатты алаңдатып отыр.
Біз штаб жұмысын, ауруханада ем алып жатқан азаматтардың жағдайын, табылмай жатқан жерлесімізді іздестіру, үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының барысын күнделікті бақылауға алып, алдағы уақытта да жариялап отырмақпыз.
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
Жамбыл облысы