ZHEIF-2023: Жамбыл облысының инвестициялық әлеуетін танытып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

Жамбыл облысында ағымдағы жылдың 26-27 сәуір күндері «Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы өтті.

Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен ауқымды шараөңірдің қолайлы инвестициялық имиджін одан әрі ілгерілету, инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен инвестициялық ынтымақтастықты тереңдете түсу, облыс экономикасы үшін өте маңызды инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, экономикалық өсуді ынталандыруға мүмкіндік беру мақсаттарына негізделді.

Екі күнге созылған халықаралық форум барысында Жамбыл облысының инвестициялық мүмкіндіктері инвесторларға кеңінен таныстырылып, ауыл шаруашылығы бағыты, жаңартылған энергия көздері, туризм, жер қойнауын тиімді пайдалану салалары бойынша инвесторлар тарту үшін жан-жақты жұмыстар жүргізілді.

900-ге жуық қонақ шақырылған(100-і шетелдік инвестор мен консулдық корпус өкілдірі, 400-ге жуығы еліміздің өзге облыстарынан келген кәсіпкерлер)шара өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, туризм және цифрландыру секілді төрт бағытты қамтыды.

Бірінші күні қонақтар жоғарыда аталған төрт бағыт бойынша бөлініп, Тараз қаласы мен аударды аралады.

Шу ауданындағы «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағының әлеуеті таныстырылды

Халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында өнеркәсіп бағыты бойыша қонақтар Шу ауданындағы «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағында бас қосып, мұндағы инвестициялық жобаларды дамыту бойынша кеңес өткізді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен өткен жиында экономикалық аймаққа тіркелген жобалардың аяқ алысы туралы айтылып, қызығушылық білдірген шетелдік инвесторларға аймақтағы инфрақұрылым барысы таныстырылды.

Сонымен бірге, «Тараз Химиялық паркі» АЭА басқарма төрағасы Қайрат Мұқамбетқалиев алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірқатар жобаларды атап, оларға экономикалық аймақ тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерге тоқталды.

Ал, «QazIndastry» АҚ бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арыстанбек Сағиев өз баяндамасында кәсіп ашуға ниетті инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектердің жай-жапсарын түсіндірді.

«Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағындақазіргі таңда жалпы құны 249,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру үшін 5 қатысушы тіркелген. Олардың қатарында геосинтетикалық мембраналар, натрий цианиді және ферросилиций өндіру жобалары бар. Онда 2000 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.

 

Жамбыл ауданында еуропалық үлгідегі этно-туристік демалыс аймағы ашылды

Форумы аясында Жамбыл облысы Жамбыл ауданында «Almaly resort» этно-туристік демалыс аймағы ашылды.

«Фортис Констракшн» ЖШС Гродекова ауылдық округі аумағынын ашылған демалыс орталығына бүгінге дейін 700 млн теңге инвестиция салған. Нысанға 10 шақырым электр желісі жүргізіліп, жобада көзделген ғимараттар мен құрылыстар бой көтерді.

Құрылыс жұмыстарына 60-80 азамат жұмылдырылған. Жер аумағы 9.6 гектарды құрайды.

Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы  және инвесторлар мен бизнес өкілдері қатысты.

«Фортис Констракшн» ЖШС басшысы Досан Рымтаев қонақтарға  еуропалық үлгіде салынған орталықтың мүмкіншілігін жан-жақты таныстырып өтті.

Сонымен қатар, мұнда 70 адамға арналған 7 котедж, 8 қонақ үй, еуропалық моншалар, 150 адамды тамақпен қамтамасыз етуге арналған кафе-мейрамхана, техникалық және  сервистік нысан, үлкен және орташа бассейн, футбол, тенис алаңдары, 120 адамға арналған ашық демалыс орны, ат спорты алаңшасы, балық өсіруге арналған тоған салынған.

Құрылыс жұмыстарын небәрі 10 айда жүргізген серіктестіктің басшысы алдағы уақытта да орталықты түрлендіре түсуге, бірқатар құрылысты аяқтауға 300 млн теңгедей қаражат жұмсалатынын айтып өтті.

Қонақтар орталықтағы жұмыстарды жақсы бағалады.

 

Қордайда жылына 1,2 млн тонна цемент өндіретін зауыттың құрылысы басталды

Қордай ауданында «KORCEM» ЖШС-нің цемент өндіру зауытының құрылысы басталды.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Сингапурлық ICG компаниясының өкілі Вей Пинг, «KORCEM» ЖШС-нің атқарушы директоры Станислав Щербаковтің  қатысуымен аталған зауыт құрылысының іргетасына капсула салу рәсімі өтті.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде жаңа жұмыс орындарын ашу, ірі инвестициялар тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Айталық, өткен жылдың қорытындысы бойынша облысқа жалпы сомасы 400 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Ал, ағымдағы жылдың 3 айында облыстың негізгі капиталына 70 млрд. теңгеге жуық инвестиция салынды.

Бүгінгі таңда облыста жалпы құны 1,5 трлн. теңгені құрайтын ТОП – 10 ірі инвестициялық жобалардың пулы жасақталып, онда 4500-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.

Бүгін бұл тізім «International Сement Group LTD» Сингапурлық әріптестеріміздің инвестициялық жобасымен «КОRCЕМ» серіктестігінің цемент өндірісі бойынша зауыт құрылысымен толығуда,-дей келе Нұржан Нұржігітов жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«KORCEM» ЖШС-нің атқарушы директоры Станислав Щербаков зауыт жаңа технологиялармен жабдықтыла отырып, осы бағыттағы Орта Азиядағы ең заманауи әрі қалдықсыз кәсіпорындардың бірі болатынын атап өтті.

Құны 50 млрд. теңгені құрайтын жобаның жылдық қуаттылығы 1,2 млн. тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстарына 900 адам тартылады деп көзделсе, жоба іске қосылған соң 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Негізінен жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Зауыттың цехтары 2024 жылдың аяғына қарай кезең-кезеңімен іске қосыла бастайды және 2025 жылы толық қуаттылығымен іске қосылады деп жоспарлануда. Ол үшін жақын маңдағы шикізат қоры жеткілікті десек, өніммен Жамбыл облысының ішкі нарығын және Қырғызстан мен еліміздің басқа да өңірлерін қамту көзделуде.

 

Ауыл шаруашылығы саласына басымдық берілуде

 Форумның ауыл шаруашылығы бағыты бойынша қонақтар бірқатар нысандарды аралап, арнайы семинар-кеңес өткізді.

ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі  Әбілхайыр Тамабек, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған топ Қордай ауданындағы «GreenwiII» ЖШС-нің жылыжай кешенімен, Меркі ауданындағы «Мыхан Орда» ЖШС-нің жаңбырлатып суару технологиясымен, «Жеміс-жидек» серіктестігінің құлпынай алқабы және «Ар-Ас» шаруа қожалығының «Тау қымыз» өнімін шығаратын цехтың жұмыстарымен танысты.

Аталған форум аясында «Мыхан Орда» шаруа қожалығының егіс алқабында ауыл шаруашылығы бағыты бойынша семинар-кеңес өтті.

Жиынға көрші Қырғызстанның Талас облысының губернаторы, ауыл шаруашылық министрлігінің, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінің ірі компанияларының өкілдері, шаруалар, ғылыми-зерттеу институтының мамандары қатысты.

Басқосуда облыс экономикасының негізгі салаларының бірі ауыл шаруашылығы болып табылатындығы, осы тұрғыда өңірде  бірқатар шетелдік компаниялармен бірлескен жобалардың жүзеге асып жатқандығы айтылды. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы жан-жақты атап өтілді.

Шаруалар мен инвесторлар салалық министрлік пен жергілікті билік өкілдеріне сауалдарын жолдап, ұсыныстарын білдірді.

 

Көлікті онлайн тіркеу көрсеткіші бойынша жамбылдықтар көш басында

Цифрландыру бағыты бойынша Иран, Литва, Қытай, Сауд Арабиясы және республиканың барлық аймақтарынан келген қонақтар Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының базасындағы IT академиясының жұмысымен танысты.

Форумда компания ерекше балалардың аналарына арналған мобильді қосымшаны ұсынды. Қосымшаға ата-аналар арнайы логин, пароль арқылы тіркеліп, білікті мамандардың видео дәрістерін тегін көре алады.

IT академияның басшысы Нұрғиса Шарапов цифрлық сауаттылықты арттыру, бағдарламалау тілдері, графикалық дизайн, робототехника, практикалық мастер-класс, виртуалды зертхананың негізгі қызметі саласында атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып, ондағы қол жеткен жетістіктерімен таныстырды.

Форумға қатысушылар институттың өткен жылдың жазында іске қосылған «Қысқы бақ» кешенінде болды. ХТИИ жанынан ашылған жер шарының түкпір-түкпірінде кездесетін тропикалық және шөлейтті аймақтарда өсетін өсімдіктер бағында білімгерлер мен келуші қонақтар үшін қолайлы микроклимат жасалған.

Форум аясында цифрландыру бағыты бойынша қонақтар «Қоғамдық келісім» үйінде «Ақылды» қалалардың мәселелері мен дамуы жөніндегі жиынға қатысты.

Сондай-ақ, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бірқатар жамбылдықтармен және облыста өтіп жатқан «ZHEIF-2023» форумының қатысушыларымен кездесті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықпен кездесіп отырғанын айтқан министр елімізде цифрландыру саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Министрдің айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ісі тиісті деңгейде дамып келе жатыр. Жетістіктер де аз емес. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы автоматтандырылған және электронды форматқа ауысқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісіне сәйкес, Қазақстан онлайн қызмет көрсету бойынша әлемде 8-ші орында болса, телекоммуникация саласында 28-орынды иеленген.

Жыл сайын халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің түрі де артып келеді. Бүгінде тұрғындарға осындай қызметтің 1315 түрі көрсетілуде. Өткен жылы Жамбыл облысында 1 миллион 800 мың қызмет көрсетілген болса, оның 60 пайызы онлайн түрде жүзеге асырылған. Айталық, көлікті онлайн тіркеу бойынша жамбылдықтар республика бойынша бірінші орында тұр.

 

Байзақ ауданында құрама жем шығаратын зауыт іске қосылды

Ауқымды шара аясында Байзақ ауданында «Алель Агро» АҚ-ның құрама жем шығару зауытының іске қосылу рәсімі өтті.

Өткен жылы құс фабрикасы құрылған кәсіпорынның жұмысын жаңадан бастаған зауытының жалпы құны 4,4 млрд. теңгені құрайды.

Құс фабрикасында өндірілетін өнімді көбейту және бағасының қол жетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған зауыт жылына  96,0 мың тонна жем өндіруге қауқарлы.

Кәсіпорынның ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, Қырғыз Республикасы Талас облысының губернаторы Нұрлан Дарынов, «Алель Агро» акционерлік қоғамының бас директоры  Ерік Ахметбекұлы және ауыл шаруашылығы саласының ардагері Амангелді Карентаев қатысып, өз лебіздерін білдірді.

— Құс еті өнімін артыру және бағасының қол жетімді болуын қамтамасыз ету үшін бүгінгі ашылып отырған «Алель Агро»  акционерлік қоғамының құс фабрикасында жылына 100 мың тоннаға жуық жем өндіретін зауыттың болашағы зор.

Облыста 2019-2021 жылдары 4 ірі құс фермаларымен 15,4 мың тонна құс еті өндіріліп, 2022 жылы қосымша «Алель Агро»  акционерлік қоғамының құс фабрикасы құрылды. Алдағы жылдары да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, кәсіпорындар ашу көзделген. 2026 жылға қарай құс етін өндіру көлемін 15,4 мың тоннадан 70 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Осылайша өз-өзімізді құс етімен қамту мәселелесі шешіледі деп күтілуде,-дей келе Нұржан Нұржігітов құс шаруашылығын дамыту өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге айтарлықтай серпін беретінін атап өтті.

Зауыт толық жағдайда жұмыс істегенде ішкі нарықты толығымен қамтитын болады.

Ал, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек инвестициялық форум аясында шетелдік және еліміздің әр өңірінен келген қонақтар облыста атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен танысып, өзара тәжірибе алмасып жатқанын баса айтты. Сонымен қатар, ол шикізаттан терең өңдеуге көшудің маңыздылығына тоқталып, құрама жем өндіруге мемлекет тарапынан 25 пайыз субсидия қаралғанын жеткізіп, бұл бағытта басқа да қолдаулар қарастырылатынын тілге тиек етті.

 

Байзақта картон және қаптама шығаратын бірегей зауыт іске қосылды

Жамбыл облысы Байзақ ауданында гофрленген картон және тастан жасалатын дайын қағаз қаптама өндірісі іске қосылды.

«KazStoneBox» ЖШС-нің гофрленген картон өндіру зауытыэкономикалық және инвестициялық форумы аясында ашылып отыр.

Соңғы нұсқадағы автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталған кәсіпорын жаңа үлгідегі озық технологияларды пайдаланатын инновациялық, энергия сыйымдылығы жоғары өндіріс орны болмақ.

Зауыттың ашылуында сөз алған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдің өнеркәсіп саласында және инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, кәсіпорын ұжымына сәттілік тіледі.

— Біз өз кезегінде осындай өндіріс ошақтарын ашу бойынша инвесторларды тарта отырып, тиісті жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Бұл жоба аудан және өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізетініне сенімдімін! Ал, жергілікті атқарушы органдар тарапынан өндірістің үздіксіз жұмыс істеуіне жан-жақты қолдаулар көрсетілетін болады,-деді аймақ басшысы.

Бұдан соң аймақ басшысы мен «KazStoneBox» ЖШС басшысы Берік Үмітқалиевтің қатысуымен тетік басылып, зауыт іске қосылды.

Айта кетейік, құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын жоба жылына 12 мың тоннаға жуық өнім өндіруге қауқарлы. 50-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Берік Үмітқалиевтің айтуынша, минералды шикізаттан жасалған қаптама шығаратын бұл кәсіпорын посткеңестік елдерде баламасы жоқ,  шикізат ретінде минералды  кальций карбонатын пайдаланатын бірегей өндіріс орны болып табылады.

— Кәсіпорынның өзге өндірістерден айырмашылығы – шикізатқа тәуелді болмайды. Сондай-ақ, жыл сайын шамамен 500 мың тал-дарақты кесуден құтқарып, қайталама шикізат пен макулатура жинауды қажет етпейді. Кальций карбонатын шикізат ретінде пайдалану экологиялық таза және тиімді бизнес-жоба,-деді кәсіпорын басшысы.

Кәсіпорын жұмысының тағы бір артықшылығы – өндірілетін өнімнің сапасын дер кезінде бақылауға мүмкіндік беретін толық технологиялық циклдың болуы.

 

Туристер Тараздың тарихи-мәдени орындарын аралады

Туризм бағыты бойынша облысымызға келген қонақтарға өңірдегі тарихи орындар таныстырылды. Алдымен «Тараз — шеберлер қаласы»  атты көрмеге барған келушілер жамбылдық қолөнершілердің қолынан шыққан бұйымдарды тамашалады. Түрлі түстерді үйлестірген құрақ көрпелер мен көргенді тамсандыратын әшекей бұйымдар, ұлттық тұрмыстық құрал-жабдықтарға сүйсінген кей туристер ұнатқан дүниелерін сатып алып жатты.

Еліміздің өзге де облыстарынан келген меймандар Ақыртас кешеніне барып, ондағы тарихи деректермен қанықты. Ақпараттық тур «Айша бибі»,  «Тектұрмас»,  «Қарахан»  тарихи-мәдени орындары мен «Көне Тараз»  археологиялық  паркінде жалғасты.

 

Нұржан Нұржігітов: Біз әлеуетті инвестициялық жобаларды әзірлеп, инвесторларға ұсынуға дайынбыз

Жамбыл облысында алғаш рет өткен «Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумының екінші күні пленарлық отырыстармен басталды.

Жиынның ашылуында сөз алған Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов форумның аймақ үшін маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, ауқымды шара ең алдымен, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері мен өзара тиімді ынтымақтастықты, бизнес бастамаларды іске асыруға әзірлікті көрсетуге бағытталғанын жеткізді.

Жамбыл облысы жоғары экономикалық және зияткерлік әлеует шоғырланған, қарқынды дамып келе жатқан өңір екенін айтқан аймақ басшысы өңірдің бес басты бәсекелестік артықшылығына тоқталып өтті.

— Аймақтың климаттық жағдайы қоңыржай континентальды климат, құнарлы жерлердің едәуір үлесімен қатар, «жасыл технологияларды» енгізе отырып, ауылшаруашылығын дамытуға өте ыңғайлы. Біздің облыс баламалы энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру үшін ең қолайлы өңірлердің бірі болып табылады. Келесі артықшылығымыз — жоғары көліктік-логистикалық әлеует. Яғни, облыс өңіраралық жүк тасымалдарын жүзеге асыруға, отандық және халықаралық жолаушылар ағынына қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар және сауданы дамыту әлеуеті зор.

Біз, өз өнімдерімізді әлемнің 17-ден астам еліне, атап айтқанда, Қытай мен Парсы шығанағы елдеріне экспорттаймыз. Осындай транзиттік әлеуетке ие бола отырып, өңір бүкіл Орталық Азияның негізгі логистикалық орталығына айналуда,- деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, облыс әкімі өз сөзінде жергілікті билік тарапынан қажетті инвестициялық жағдайлар жүйелі жасалып келе жатқанын жеткізді.

Жамбыл облысы Германия, Түркия, Сингапур, Қытай, Үндістан, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты ірі трансұлттық компаниялармен ұзақ мерзімді әріптестік ынтымақтастықтың бірегей тәжірибесіне ие.

— Өңірде 350-ден астам ірі және орта кәсіпорындар болса, оның негізгі бағыттары — химия, азық-түлік, металлургия, құрылыс материалдары өндірісі.

Аймақ 200-ден астам түрлі пайдалы қазбаларға бай. Облыс фосфорит және плавикошпат шикізатының бірегей базасы болып табылса, түрлі-түсті металдар, барит, көмір, қолөнер және техникалық тастар, құрылыс материалдарының қоры жеткілікті.

Біз агроөнеркәсіптік кешенде, туризм, өнеркәсіп және баламалы энергия өндірісі салаларында жалпы сомасы 3,8 млрд. АҚШ долларын құрайтын әлеуетті инвестициялық жобаларды әзірлеп, қызығушылық танытып жатқан инвесторларға ұсынуға дайынбыз,- дей келе Нұржан Нұржігітов облыс шетелдік инвесторлардың қатысуын кеңейтуге және аймаққа туристерді тартуға мүдделі екендігін баса айтты.

 

Жамбыл облысының 90 ауылында биыл 13,6 млрд. теңгеге 271 жоба іске асады

Жамбыл облысында  өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 29 пайызға өсіп, 92,6 мыңға дейін жетті. Ал жұмыспен қамтылғандардың саны 16 пайызға артып, 152 мың адамды құрады.

Бұл туралы форумның пленарлық отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

Министр өз баяндамасында еліміздің экономикасын жандандыру, оның тұрақты өсуін қамтамасыз ету бойынша Үкіметтің атқарып жатқан  жұмысына қысқаша тоқталды. Сондай-ақ, Жамбыл облысындағы негізгі көрсеткіштерді де атап өтті.

— Жалпы, өткен жылы 980 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды десек, осы ретте, Жамбыл облысында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 29 пайызға өсіп, 92,6 мыңға дейін жетті. Ал жұмыспен қамтылғандардың саны 16 пайызға артып, 152 мың адамды құрады,-деді Әлібек Қуантыров.

Бұдан бөлек, Жамбыл облысында ағымдағы жылғы  қаңтар-наурыз айларында құрылыста 31 пайыз, өнеркәсіп саласында 4,4 пайыз өсім қамтамасыз етілгендігі айтылды. Ал, инвестицияның нақты өсу қарқыны 3,1 пайызға айналып, 69 млрд. теңгені құраған.

Сондай-ақ, 2023 жылы іске асырылатын шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шаралары бойынша, Бизнестің жол картасын қаржыландыру көлемі 224 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылған десек, оның 13 млрд. теңгесі Жамбыл облысы кәсіпкелеріне жолданады деп көзделген.

— Даму әлеуеті бар ауылдарды қаржыландыру негізінен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады.

Осы жылы 900 ауылда 1800-ден астам жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оған 198 млрд. теңге бөлінді. Бұл ретте, Жамбыл облысының 90 ауылында, 13,6 млрд. теңгеге 271 жоба іске асырылатын болады,- деген Ұлттық экономика министрі облыстағы экономикалық жағдай мен негізгі көрсеткіштердің серпінді өсуі байқалатынын, ол қолайлы инвестициялық ортаны құруға жол ашатынын баса айтты.

Сонымен қатар форумның пленарлық отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар  және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов, Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі   Рәпіл Жошыбаев және өзге де баяндамашылар форумның маңыздылығын атап өтіп, атқарылып жатқан жұмыстарға, өзара ынтымақтастық-байланыс шараларына тоқталды.

 

Шетелдік компаниялармен құны 700 миллион АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылды

Шара барысында Жамбыл облысы әкімдігі мен ірі шетелдік компаниялары арасында меморандумдарға қол қойылды.

7 ірі шетелдік тауар өндіруші компаниялармен жасалған келісімге сәйкес инвестициялық жобалардың жалпы құны 700 миллион АҚШ долларынан асады.

Олардың қатарында Индия, Сингапур, Германия, Венгрия секілді бірқатар мемлекеттердің инвесторлары бар.

Шетелдік компаниялар Жамбыл облысы аумағында ферроқорытпа, цемент зауытының құрылысы, құрылыс материалдарын өндіру, күн электр станцияларын салу, тамақ өнеркәсібі және логистика индустриялық паркі секілді жобаларды жүзе асыруды жоспарлауда.

 

 «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының жеңімпаздары марапатталды

Форум шеңберінде ұйымдастырылған «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының нәтижесі шығып, жеңімпаздар марапатталды.

Атап айтсақ, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясы бойынша «Энерджи Тараз» ЖШС,   «Аgro green Technology» ЖШС,  «Tay-company» ЖШС марапатталса, «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясына «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС, «Korkem-ai cosmetic» ЖК, «Сарысу» ЖК ие болды.

Ал, «Ең үздік азық-түлік тауарлары» номинациясына «АулиеАта-Феникс» ЖШС, «Сарыбас» ЖК, «Пышка» ЖК лайық деп табылды.

Сондай-ақ, «Made in JAMBYL» номинациясы бойынша «Talas Investment Company» ЖШС,  «Ellin shoes» және «Ас көп» компаниялары жеңімпаз атанды.

Айта кетейік, биыл тоғызыншы рет Жамбыл облысы кәсіпкерлер Палатасының ұйымдастыруымен өткен байқауға Жамбыл облысының 150 тауар өндіруші компаниясы өз тауарларын ұсынды, оның ішінде 40 тауар өндіруші «Бір ауыл бір өнім» жобасы аясында қатысты.

 

Облыста интернет және байланыс сапасын жақсартуға бағытталған Жол картасына қол қойылды

Жамбыл облысында мобильді және талшықты-оптикалық байланысын қамтамасыз ету бойынша Жол картасына қол қойылды. Оған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин және байланыс операторлары қатысты.

Айта кету керек, «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы аясында 2023-2027 жылдарға арналған «Жамбыл облысының елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасы» байланыс операторларымен келісіліп әзірленген.

Аталған министрлік цифрландыру мен байланысты дамыту үшін қажетті инфрақұрылымды құру міндеттемесін алып отыр.

Жол картасы сәйкес, өңірдің 210 елді мекенінде мобильді интернет сапасын жақсарту, 155 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету, республикалық және негізгі облыстық маңызы бар жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және тағы да басқа жұмыстар жоспарлануда.

Жоспарлы жұмыстар 2027 жылдың соңына дейін жалғасады.

 

Министрлер ауылдар мен кәсіпорындарды аралап, тұрғындармен кездесті

Өңірде өткен халықаралық экономика және инвестициялық форумы аясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Байзақ ауданы Үлгілі ауылдық округінде және Дихан ауылдық округінің Аймантөбе ауылына ат басын бұрды.

Аталаған ауылдардағы интернет сапасына қатысты мәселелерді шешу мақсатында елді мекендерді аралаған министр бірқатар кәсіпкермен және ұялы байланыс операторларымен келіссөздер жүргізді. Келіссөздер нәтижесінде мәселелерді маусым айына дейін шешу жұмыстары қолға алынатын болды.

Сонымен қатар, кездесуде жол картасындағы басты бағыт – өңірдегі барлық ауылдарды жылдамдығы жоғары интернет желісімен қамтамасыз ету тілге тиек етілді. 300-ге жуық елді мекендердегі осындай мәселелердің түйінін тездетіп шешу керектігі баса айтылды.

Сондай-ақ, ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жұмыс сапарымен Талас ауданындағы бірқатар өндіріс орындарын аралап, аймақтағы нысандардың қызметімен танысты.

Министрдің аудандағы жұмыс сапары Қаратау қаласындағы «Игілік» жылу қазандығынан басталды.

Одан кейін Ә. Қуантыров «Talas Investment Company» ЖШС» натрий ционидін өңдеу зауытының жұмысын көрді. Кәсіпорынды аралап, цехтарымен, өнімдерімен танысып зауыт қызметкерлерімен жүздесті.

Жұмыс сапары соңында, министр құрылысы жүргізіліп жатқан «Karatau Chemicals» пиросульфит өңдеу зауытын көрді.

Кәсіпорынның құрлысы аяқталып пайдалануға берілсе 25,0 мың тонна пиросулфитнатрий өндіруге қуатты. Зауыт іске қосылса бірқатар жұмыс орындары ашылмақ.

 

Нұржан Нұржігітов инвесторлармен және консулдық корпус өкілдерімен кездесулер өткізді

Халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы аясында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов бірқатар отандық және шетелдік компаниялардың өкілдерімен кездесулер өткізді.

Франциялық «Total Open» компаниясы Мойынқұм ауданында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Жоба құны – 500 млрд. теңге. Ол бойынша 300 тұрақты, 1000 уақытша жұмыс орның құру жоспарлануда. «Tоtal Open Services» ЖШС Бас директоры Тьерри Плезан жер телімдерін бөлу, экологиялық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді көтерді.

Аймақ басшысы инвесторларға тиісті заңнама шеңберінде жан-жақты қолдаулар көрсетілетініне сендірді.

Ал, үндістандық «Monnet Group» компаниясы аймақта жоғары сапалы ферросилиций, ферромарганец шығаратын зауыт салу жобасын жүзеге асыруға кіріскен.

Сондай-ақ, «Bazar Fur» Түрік компаниясы өңірде тұрмыстық техника өндіретін зауыт салуға ниетті.

«KazBioSorgo» ЖШС өкілдері қант құрғағын өсіру және өңдеу жобасын таныстырса, «Monterra Qasaqstan» ЖШС компаниясының өкілдерімен Қордай ауданында тау-кен металлургия комбинатын салу мәселелері талқыланды.

Бұдан бөлек кездесуде «Taraz Gelatin» ЖШС басшылығы желатин өндірісінің  жобасын ұсынды. Сонымен қатар, «Wanlin Group Limited» қытай компаниясы кептірілген пияз өндіретін зауыт салуды жоспарлауда.

Басқосуда әрбір жоба бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Тапсырмалардың іске асырылу барысы облыс әкімінің жеке бақылауында болады.

Бұл күні Нұржан Нұржігітов 20-ға жуық іскерлік келіссөздер жүргізді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов консулдық корпус өкілдерімен бірқатар жеке кездесті.

Кездесулерге Алматыдағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Мохсен Фағани, ҚХР Бас консулы Цзян Вэй, Бельгия Корольдігінің Құрметті консулы Ван ден Вейх қатысты.

Тараптар екіжақты ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестікті дамыту мәселелерін, елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың әлеуетін талқылады.

Облыс әкімі өз кезегінде өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып өтті.

Консулдық корпус өкілдері Жамбыл облысымен әлеуметтік-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін жеткізді.

 

Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін дамытуда жоғары әлеуетке ие

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов қытайлық SPIC корпорациясының өкілдерімен кездесу өткізді.

SPIC корпорациясы «Жаңатас жел электр станциясының» құрылысын жүргізіп, іске қосты. Электр энергиясын өндірсінің жылдық қуаты – 350 млн. кВт/сағ.

Сондай-ақ, 2023 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 МВт болатын «Шоқпар жел электр станциясы» ЖШС пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Компания бұл бағыттағы тәжірибесін электр энергетикасы саласында және басқа да жобаларды жүзеге асыру үшін қолдануға, облыс аумағында ірі электр станцияларын салуға ниетті.

Инвесторлар қуаттылығы 600 МВт-қа дейінгі жел электр станциясын салуға барлық мүмкіндіктері жететінін айтты.

Корпорацияның серіктесі – «SANY Renewable Energy» компаниясы жел қондырғылары бағаналарын шығаратын зауыт салуды ұсынды. Жобалық қуаты – жылына 200 бағана жиынтығы. Инвестициялардың жалпы көлемі – 53 млн. АҚШ доллары. Жоба аясында 160 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға жобаларды егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырды.

 

В2В форматында кездесулерде құны 96,5 млн. АҚШ долларын құрайтын келесімдерге қол қойылды

Форум барысында кәсіпкерлер үшін В2В кездесулер ұйымдастырылды. Форум аясында қатысушы кәсіпорындар арасында тауарларды жеткізу және серіктестік байланыстарды дамыту туралы келісімдерге қол жеткізілді.

Оған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек және шетелдік және отандық кәсіпкерлер қатысты.

Нақтырақ айтсақ, газ плиталарын шығаратын зауыт салу,Жаңбырлатқыш машиналарды өндіру, құрастыру мен орнату бойынша кәсіпорын құру жобасын іске асыру және инфрақұрылымды жүргізу, жаңбырлатып суару машиналарын жеткізу,Қырғызстанға цемент,Өзбекстан мен Қырғызстанға кондитерлік өнімдерді экспорттау, электрод массасы мен ферросилико-марганецті жеткізу, Қырғызстанға әктас пен тақтатас экспорты,кешенді микро тыңайтқыштарды жеткізу,Жамбыл облысына шырындар мен сусындар алып келу, сауда-делдалдық қызмет көрсету, институттың білім беру процесіне цифрлық технологияларды енгізу жәніндегі келісімдерге қол қойылды.

Жалпы, В2В форматында қол қойылған келісімдер мен меморандумдардың құны 96,5 млн. АҚШ долл. құрады.

Сондай-ақ, отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар арасында 17 стратегиялық келісімдер мен меморандумдар жасасуға мүмкіндіктер береді.

  • Форум нәтижелері:
  • Екі күндік форум барысында екі зауыт іске қосылып, бір демалыс орны ашылып, ірі кәсіпорынның іргетасы қаланды.
  • Барлығы 900-дей қонақ шақырылса, оның 100-ге жуығы шетелдік инвесторлар мен елшілер, 400-ге жуығы еліміздің өзге өңірінен келген кәсіпкерлер.
  • Шара аясында Жамбыл облысы әкімдігі мен шетелдік 7 компания арасында құны 700 миллион АҚШ долларын құрайтын жобалар бойынша меморандумдарға қол қойды.Бұл жобалар табысты іске асырылғанда 5000 жаңа жұмыс орындары ашылып, 60 миллиард теңгеге салық түсімдері бюджет есебіне салынады деп күтілуде.
  • Сондай-ақ, өнімді экспорттау үшін жаңа нарықтар ашу, экономиканы әртараптандыру бойынша 6 компаниямен құны 42 млн. АҚШ долларына тең келісімдерге келді.
  • Форум барысында кәсіпкерлер үшін В2В кездесулер ұйымдастырылды.Кездесулерде құны 96,5 млн. АҚШ долларын құрайтын келесімдерге қол қойылды.
  • Отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар арасында 20 стратегиялық келісімдер мен меморандумдар жасалып, облыстың ауыл шаруашылығы саласы, туристік нысандары мен жер қойнауын пайдалану бойынша жаңа жобалар ұсынылды.
  • Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов шетелдік және отандық инвесторлармен, Бас консулдар және олардың өкілдерімен, кәсіпкерлермен 20-дан кездесу мен қабылдаулар өткізіп, әріптестік байланыстарды нығайту бойынша уағдаластық орнады.
  • Жалпы, көлемі 300 миллиард теңгеге өнім өндіру күтілуде, ол өнімнің 40 пайызға жуығын экспортқа жіберу жоспарланып отыр. Импортты алмастыру мақсатында кальцийленген сода, медициналық бұйымдар, минералды тыңайтқыштар, металл конструкциялары, азық-түлік және тағы да басқа өнімдерді өндіру жоспарлануда.
  • Сонымен қатар, ТОП-10 инвестициялық жобалар іске асырылуда. Жобалардың жалпы сомасы 1,6 трлн. теңгені құрап, 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құрылатын болады.
  • Қысқаша айтқанда, халықаралық форум барысында тек тәжірибе алмасып, атқарылған жұмыстар мен жетістіктер сараланып қана қоймай, өңірдің инвестициялық әлеуетін барынша танытып, алдағы жоспарлы жұмыстар да нақтыланып, мақсат айқындалды.