ЖЭК: Жамбыл облысында жалпы қуаты 2 ГВт болатын екі ірі жел электр станциясы салынады
Жамбыл облысында жалпы қуаты 2 ГВт болатын екі ірі жел электр станциясы салынады. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды.

Кеңес барысында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде баяндама жасады.

Бүгінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру үшін 6 бағытта жұмыс атқарылуда.

Жамбыл облысында жалпы қуаты 571,3 МВт құрайтын 22 жаңартылатын энергия көзі жұмыс істеуде. Оның ішінде 6 су электр станциясы, 10 жел электр станциясы және 6 күн электр станциясы бар.

Өткен жылы Сарысу ауданында қуаты 100 МВт құрайтын «Шоқпар ЖЭС» жел электр станциясы іске қосылды. Сондай-ақ Жамбыл ауданында орналасқан «AEC ASA» күн электр станциясын қосымша 20 МВт-қа кеңейту жұмыстары жүргізілді.

Алдағы жылдары облыста жалпы қуаты 2 ГВт құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде.
Атап айтқанда, Masdar (БАӘ) компаниясы Сарысу және Талас аудандарында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салады. Жоба құны 742,0 млрд. теңгені құрайды. Жел электр станциясы мен жобалау-іздестіру жұмыстарына 44 мың гектар жер учаскесі берілген. Компания құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастап, 2029 жылы іске қосуды көздеп отыр.
Ал «Total Eren» ЖШС Мойынқұм ауданында қуаты 1 ГВт жел электр станциясының құрылысын жүргізеді. Жобаға 1 трлн. теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қазіргі таңда серіктестікке 52 мың гектар жер учаскесі бөлінген. Жаңартылатын энергия көзі 2028 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Облыс әкімі энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту өзекті мәселе екенін алға тартып, тұрғындар мен өнеркәсіп кәсіпорындарын энергиямен үздіксіз қамтамасыз етуді, сондай-ақ энергетика саласына инвестициялар тарту шараларын және өзге де бағыттарды назардан тыс қалдырмауды ескертті.
Жамбыл облысы әкімдігі