Желаяқтар жарысы
Өткен демалыс күндері Павлодар қаласында бірқатар спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының кубогы үшін спорттың триатлон және супер спринт түрлері бойынша өткен бәсекеге Алматы, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қостанай және Павлодар облыстарынан 200-ден астам адам қатысты.
Жарыс «Punning Павлодар» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. Аталған бірлестіктің үйлестірушісі Сапаргелді Абдрашевтің сөзінше, бүгінде жеңіл атлетикамен, соның ішінде триатлон спортымен шұғылданушылардың қатары көбейіп келеді. Соның нәтижесінде біздің облыстың спортшылары ауқымды республикалық және халықаралық марафондарға қатысып, жүлдегер атануда.
Ал, осы жолға триатлон жарыстары екі күнге созылды. Қатысушылардың ең жасы 15 жаста болса, ең үлкені 57 жаста. Триатлонның ережесі бойынша, спортшылар спорттың мынадай үш түрі бойынша бақ сынайды. Бірінші жасанды бассейнде 750 метр жүзіп өтіп, 20 шақырым жолды велосипедпен бағындырады. Осыдан соң 5 шақырым қашықтыққа жаяу жүгіреді. Ал, супер спринттің ережесі бойынша спортшылар суда 350 метр жүзсе, велосипедпен 8 шақырым жолды жүріп өтуі тиіс. Сонымен қатар, 2 шақырым жаяу жүгіреді. Жарыстың бұл түріне тек әуесқой спортшылар ғана қатыса алады.
Жарыс қорытындысы бойынша кәсіби спортшылар арасында алматылық Дарын Қонысбаев, Ақмола облысынан келген Владислам Иванов, Денис Туницкий, оңтүстіктен келген Асатбек Нарметовтер өз топтарында мәреге бірінші келді. Сонымен қатар, әйелдер арасында ақмолалық Ашраф Камалова, Наталья Короткова, Анастасия Захарова сынды желаяқ қыздар жеңімпаз атанды. Ал, байрақты бәсекеде Павлодардың намысын қорғаған Димитрий Щеглов, Ольга Богомольская сынды спортшылар қола медальды қанағат тұтты. Әуесқой спортшылардан Павлодар қаласының тұрғыны Александр Хитров, Астанадан келген Мұрат Әубәкіров, Мұрат Қасымов, Вадим Шуриков, павлодарлық, Виктор Бондер, Қанат Шакуов сынды қатысушылар бірінші орындарды еншілесе, әйелдер арасында павлодарлық Татьяна Миргородская, Елена Смерновалар алтыннан алқа алқа тағынды. Осы әуесқойлар тобында жарыс жолына шыққандардың ең үлкені шарбақтылық Өміржан Ошанов өз тобында қола медальға қол жеткізді.
— Мен бұл спорт түрімен 27 жасымнан бастап шұғылданып келемін. Павлодарда қандай спорттық марафондар болса, барлығына қатысуға тырысамын. 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында велосипедпен Ресейдің Мәскеу қаласына, содан бір жылдан кейін Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына барған едім. Бүгінгі триатлон жарыстары оңай болған жоқ. Әуесқойлар тобы деп аталғанымен көптен бері спортпен шұғылданып жүрген азаматтар. Бірінші орын алған Виктор Бондер кезінде Азия чемпионы болған спортшы. Осы жарыстың өтуіне мұрындық болған азаматтарға алғысымды білдіремін, — деді Өміржан аға.
Жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне облыс әкімі Болат Бақауов қатысып, спортшыларға алғыс білдірді. Сонымен қатар, осы күні аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан спортшы балаларға велосипедтер мен спорттық киімдер сыйға берілді.
Тілеуберді САХАБА