Желтоқсан қаһармандарының ерлік істері ұмытылмайды
1986 жылы әлемдік алпауытқа айналып тұрған қаһарлы Кеңес империясынан теңдік сұрап, азаттық үшін алаңға шыққан көтеріліске биыл 36 жыл толып отыр. Жетпіс жылдық тас бұғау да жігерін жасыта алмаған, ұлттық намысын тұншықтыра алмаған қазақ жастары алаңға шыққан күн – Тәуелсіз ел үшін ең қастерлі күндердің бірі болуға тиісті.
Қазақ жастары қылышынан қан тамған Кеңес империясы кезінде алаңға ұлттың намысын қорғауға, халықтың теңдігі мен бостандығы үшін шыққаны анық.
☑️ Ерлікке тағзым – елдігіміздің белгісі. Азаттықтың алтын бесігіндей болған ару қала Алматыда осыдан 36 жыл болған осынау Желтоқсан көтерілісі халқымыздың тәуелсіздігі үшін болған шешуші оқиға болғанын тарихтың өзі дәлелдеп отыр. Ал сол алаңда ақиқат үшін, азаттық үшін ақырып теңдік сұраған, сол көтеріліс арқылы басын бәйгеге тіккен ұлтжанды, қаһарман аға-әпкелеріміздің ерлік істерін жас ұрпақ ұмытпауға тиісті. Олар Қазақстанның бүгінгі тәуелсіз, бейбіт өмірі үшін аянған жоқ.
Олардың бірталайы Желтоқсан көтерілісі кезінде және одан кейінгі болған қудалаулар кезінде құрбан болды. Желтоқсан көтерілісінің басты қаһармандары – Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова, Ләззат Асанованың тоталитарлық жүйеге деген қарсылығы ерлікпен пара-пар болды. Бүгінде қазақтың осынау қаһарман ұл-қыздарына деген халық пен жас ұрпақтың құрметі де ерекше. Бұлай болуы заңды да.
☑️ 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Желтоқсан желі ызғарлы» деп аталатын таным мен тағзымға арналған іс-шара өтіп, онда жиналған жасөспірімдер аудандағы Желтоқсан оқиғасының қатысушылары және куәгерлерімен кездесті. Кездесуге аудан әкімі Мұртаза Жалғас Әлижанұлы, ардагерлер кеңесінің төрағалары, қоғамдық кеңес мүшелері, азаматтық ұйым өкілдері, жастар қатысты.
☑️ Іс-шара барысында аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының өнерпаздары Желтоқсан оқиғасына қатысты өлеңдердің негізінде сахналық қойылым қойып, желтоқсаншылардың рухтарына арналған өлеңдер мен әндерді орындады. Атап айтқанда, олар Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан алаңы» және «Желтоқсан тағылымы» өлеңіне жазылған шығармашылықтарын тарту етті.
☑️ Сондай-ақ, тағылым мен тағзымға толы іс-шара барысында аудандағы Желтоқсан оқиғасына қатысушы азаматтардың есімдері құрметпен аталып, олардың еңбек жолы мен өмір жолдарының жас ұрпаққа үлгі-өнеге екені баса айтылды. Желтоқсаншылардың арасынан Ерғали Тілеубеков, Марат Керімбердиев және Гауһар Тәжікенова сөз сөйлеп, олар Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасының мән-маңызына тоқталып, жас ұрпақты азаттықтың қадіріне жетіп, осынау ұлы құндылықты аялап, қастерлеуге, сонымен қатар, оқуда озат, елі мен жерін сүйетін ұлтжанды азаматтар болып өсулеріне шын жүректен тілектестігін білдірді.
Тағылымға толы кезедсуде оған қатысқан оқушылар Желтоқсан қаһармандарына сұрақтарын қойып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Айта кету керек, «Желтоқсан желі ызғарлы» атты танымдық шарада жерлес ақын, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Бауыржан Үсеновтың ұлт азаттығы мен тілінің тұғырлы болуына сіңірген еңбектері де дәріптеліп, ақынның «Қарлығашым-ау» әні орындалды.
Жүрегі халқым деп соққан, ұлттың азаттығы мен тәуелсіздігі жолында қандай да қиындықтардан тайсалмаған қасиетті Жуалы ауданының ұлтжанды азаматтары бүгінде ортамызда аман-есен жүр. Бүгінде Желтоқсан оқиғасына қатысушы аудандағы 19 азамат түрлі салада еңбек етіп, өңірдің дамуына еңбектерін сіңіруде.
Жуалы ауданы әкімдігі