ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Кеңес Одағының қабырғасын шытыната сөккен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы дүниені дүр сілкіндірген айтулы оқиға болды. Қазақ жастарының ұлы ерлігі тек Қазақ елінің ғана емес, Кеңес Одағы құрамындағы он бес республиканың дербес мемлекет болып тәуелсіздік алуына жол ашты.

Биыл Желтоқсан оқиғасына 36 жыл толып отыр.

Бүгін аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен сарысулық желтоқсаншылармен кездесу өтті.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов, аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Бақыт Жұмағұлов қатысып, сөз сөйледі.

Жиналғандарды Желтоқсан оқиғасына 36 жыл толуымен және алдағы келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуына үлес қосып жүрген желтоқсаншыларға аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын табыстады.
Қанды қырғынның ортасында болып, көтерілісті көзімен көрген оқиға куәгерлерінің атынан аудандық «Желтоқсан — 86» ұйымының төрағасы Нұржан Есмаханов сөз сөйлеп, сол кезеңді еске алып, естеліктерімен бөлісті.
Әдеби-сазды кешке ұласқан кездесуде аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері желтоқсаншы аға-апайларына жырдан шашу шашса, М. Әуезов мектеп-гимназиясының оқушылары өлеңдер оқыды.
Шара соңында Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпат көрсетілді.
Желтоқсан оқиғасына қатысқан жас өрендердің аңыз болып қалған әрекеттері келер ұрпаққа патриоттық сезім сыйлап, Отансүйгіштікке тәрбиелейтіні анық.

Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі