ЖЕЛТОҚСАН АҚИҚАТЫ КӨТЕРІЛІСКЕ ШЫНАЙЫ БАҒА БЕРІЛГЕНДЕ АШЫЛАДЫ
Белгілі қаламгер Болат Шарахымбай Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қаһарман азамат. Көптеген өлеңдер жинақтары шыққан Болат бауырымыз журналистика саласында да өзіндік ізі, қаламының желі бар публицист. Ұлт мүддесі тұрғысында ірі-ірі тақырыптарға барып, ақиқаттың алдаспанын үйіріп, өткір де батыл жазады. Желтоқсан көтерілісі жөнінде үнемі талмай жазып келе жатқан Болат Шарахымбай бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласынан кейін іле-шала осы дүниесін бізге ұсынды. Мақала «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінде талқыланды. Сіздер де қадірлі оқырман, ойларыңызды, пікірлеріңізді жіберіңіздер.
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев мырзаның назарына
Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Тәуелсіз ел болуға деген ұмтылыс кез келген ұлт жүрегінің түбінде қасқалдақтың қанындай сақталатын, мәңгілік арманмен астасып жатқан ұлы аңсар. Ұлы аңсары бар ұлт қана азат, дербес ел болуға лайық екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Уақыт – күрделі категория. Бұл дүниеде барлық нәрсе уақытқа тәуелді, уақыт қана ешнәрсеге тәуелді емес. Егер ұлт өз сөзін уақытында айтпаса, уақыт талабына сай үн қата алмаса, онда оның болашағы бұлыңғыр, үмітсіз. Ал, егер ұлт басына түскен қандай да бір сынақтан сүрінбей өтетін болса, уақыт көрсеткендей, бұл құбылыс осы халықтың тағдырында тарихи оқиға ретінде мәңгілік салтанат құрады, сақталып қалады. Міне, 1986 жылы халықты ызғарлы Желтоқсанда алаңға шығарған, кеңістік қызыл билікке қарсы мінез көрсетуге мәжбүр еткен, құрығы ұзын қаһарлы империядан сескендірмеген ұлы күш осы азаттыққа деген ұлы аңсар, тәуелсіздікке деген құлшыныс болатын.
ЮНЕСКО мен АҚШ конгресінде сөз болған
Биыл еліміз Қазақстан үшін қастерлі екі тарихи күнді атап өтеді. Біріншісі – Қазақстан аспанында Тәуелсіздіктің көк туын желбіреткеніміздің 30 жылдығы болса, екіншісі – өзіңіз таяудағы мақалаңызда атап өткендей, «азаттықтың алғашқы қарлығашы» Желтоқсан – 1986 көтерілісінің 35 жылдығы. Әдетте, алғашқы тарихи күнді барлық сән-салтанатымен өз деңгейінде атап өтетінімізге біздің еш күмәніміз жоқ. Солай болуға тиіс те. Бұл жерде мәселе халқымыздың тарихында ерекше орын алатын аса көрнекті екінші тарихи күн туралы болып отыр. Турасына көшсек, біз неге екені ұлтымыздың азат ел болуға деген құлшынысы мен ерік-жігері талқыға түскен қасиетті Желтоқсан көтерілісін реті келсе елемеуге, ескерусіз қалдыруға, жүрдім-бардым қарауға дағдыланып алған сияқтымыз. Қалай болғанда да Қазақстанның дербестігі мен тәуелсіздігіне деген халықтың құлшынысын оятып, санасын сілкініске түсірген, рух пен сенім күшін алғаш рет танытқан нақ осы көтеріліс екендігіне қарамастан, оған деген көзқарас көңіл көншітпейді. Басқасы басқа, билікте отырған көптеген адамдардың Желтоқсанға көзқарасы негізінен бұрынғысынша, яғни Кеңестік замандағы күйінде қалуы, олардың өзгеріске бейімделмеуі, қазіргі уақытқа сай көзқарас қалыптаспауы біздің әлі күнге дейін Ресей номенклатурасының ықпалынан шықпағанымызды еске салып тұрғандай болады. Ал, бұл жағдай қоғамның озық ойлы белсенді адамдарын кәдімгідей алаңдатьп отырғанын айтпай кете алмаймын және елдің бірінші басшысы ретінде бұл жағдайдан Сіздің де хабардар болуға хақыңыз бар деп есептеймін.
Шын мағынасында Желтоқсан көтерілісі азаттық таңы ататын күннің жақындап қалғанын сездірген алғашқы хабаршы болды. Желтоқсан құбылысынан кейін барып КСРО-ның түкпір-түкпірінде сан түрлі оқиғалардың (Тблиси, Вильнус, Сумгайт, Баку, т.б) болғаны, ақыры араға бес жыл салып жұдырығында қан сығымдаған алып империяның күл-талқаны шығып күйрегені белгілі. Ол ол ма, осы оқиғадан соң жер шарын қорқыныш пен үрейде ұстаған капиталистік және социалистік лагерьдің арасындағы «қырғи қабақ соғысқа» сына қағылып, әлемде бейбітшілік пен ынтымақтастық туралы ұғым шындап қолданысқа енді. Сондықтан да Желтоқсан көтерілісінің мән-мағынасы жоғары мәртебелі ЮНЕСКО мен АҚШ Конгресінің биік мінберлерінде сөз болғаны тегіннен тегін емес еді. Кездейсоқтық па, әлде тарихи заңдылық па, Кеңестер Одағының ақырғы тағдыры да осы өзіміздің Алматыда шешілгені белгілі.
Зерттеушілердің көрсетуінше, мұздай темір құрсанған, қаһарынан қара жер қайысқан тоталитарлық- жандармдық билікке қарсы ашық аттандап шыққан мұндай көтеріліс тарихта көп болмаған. Соңғы 50 жылдағы КСРО сияқты қанды шеңгел алып империяға қаймықпай қыр көрсеткен әлемдегі бірінші оқиға екен. Бұл жерде ең бастысы жас қазақ деморкратиясының уақыт талабына сай әрекет жасап, үн қата білгенін атап өту керек.
Бұл – ұлт-азаттық көтерілісі
Біздің ойымызша, Желтоқсан көтерілісі халқымыздың өмірінде орын алатын қатардағы жай бір өткінші оқиғалар көрінісі болып табылмайды, ұлт тарихындағы тағдырлы кезеңдер қатарына жатады. Бүгінгі күнге дейін біз оның қаралы жағын, қасіретті тұсын сөз етіп келдік, ендігі кезеңде осы бір құбылыстың шынайы келбеті мен мән-мағынасы, тарихи орны мен рөлі, яғни осы оқиға барысында орын алған отансүйгіштік қасиет пен жаппай қаһармандық жайлы айтатын уақыт келді. Мәселеге одан да тереңірек келсек, Желтоқсанда көтеріліске шыққан халықтың жаппай патриотизмі мен батырлығына жаңа көзқарас тұрғысынан мән беріп, зерттеп, лайықты баға беретін кез жетті. Оқиғаға демократиялық және халықаралық стандарттарға негізделген жаңаша көзқараста баға беруді өмірдің өзі талап етіп отыр. Бұл не деген сөз? Яғни, көтеріліске еліміздегі саяси өзгерістерге байланысты, ғылымдағы ұлттық мүдде тұрғысынан, сондай-ақ тәуелсіз ел, азат қоғам биігінен қараған жөн болмақ. Ал, «оқиға» өз заңсыздықтары мен қылмыстарын көпе-кернеу жасыру және жас қазақтардың жаппай жанкештілік әрекеттерін елеусіз, төмендетіп көрсету үшін басқыншылардың тықпалаған термині екенін ұмытпаған ләзім. Сондықтан бұрынғы ойдан шығарылған сараптамалар мен айыптаулардың, оқиғаны бір жақты империалистік мүдде тұрғысынан жалған бағалаудың сол кездің өзінде жеткілікті дәлелі болмап еді, ал қазіргі таңда уақыттың өзі оларды толықтай теріске шығарды.
«Жан жүрегім Желтоқсан, ар-намысым Желтоқсан» демекші, шынында да ақырып теңдік сұратқан, атқа мінгізген ар-намыс, жасындай жарқыраған жігер оты Желтоқсан қаһармандарын алаңға алып шықты. «Қазақ еліне неге қазақ басшы болмайды?» «Біз кімнен кембіз?», «Неге мұндай қорлыққа жол береміз?» – ұлт намысының шырқау биігіне көтерілген жас қазақтардың талабы осы еді. Алайда, тоталитаризмнің әбден кемеліне келген социалистік қоғамның көсемдері бұл талапты «шектен шыққан қазақ ұлтшылдығына» балап, шеруге шыққандарды, анығы ұлт-азаттық көтерілісін озбырлықпен басып-жаншуға пәрмен берді. Әр нәрсені өз атымен атау керек болса, Желтоқсан құбылысын басқаша атау мүмкін емес. Мысалы, зерттеушілер көтеріліс болып өткен үш күнде алаңда 45 пен 60 мың аралығында адамдар қатысқаны туралы дерек келтіріп жүр. Одан басқа өздеріне қарсы резина шоқпарларымен, сапер күректермен қаруланған милиция отрядтары мен курсанттарды, арнаулы дайындықтан өткен солдаттарды айдап салып, оған қосымша арпылдаған иттер мен БТР-лерді, өрт сөндіргіш машиналарды пайдаланып, жаппай соққыға жығып, қақаған аязда су шашқанына қарамастан, «бейбіт жасақтар» дегенді ойлап тауып, темір кеспелдекпен, арматурамен жарақтандырып, оларды бейбіт шерушілерге қарсы қойғанына, соққының астына алғанына, жаппай тұтқындауға қарсы тұрып, бірнеше күн бойына бүкіл Қазақстан бойынша бір жерде ашық, бір жерде жасырын түрде елдің дербестігі мен тәуелсіздігі жолындағы күресті тоқтатпай жүргізе берді. Олар азаттық пен бостандық жолында денсаулығын жоғалтты, болашағын күңгірт етті, керек десеңіз өмірін де құрбандыққа шалды! Әсіресе, сондағы қыздарымыздың ерлігі мен батырлығына қайран қалмасқа лажымыз жоқ. Неткен өжеттік! Мінеки, көпшілік «Желтоқсан көтерілісінің қаһармандарын, олардың ерлігін, батырлығын, потриотизмін біз неге мақтан тұтпаймыз, өскелең ұрпаққа неге үлгі етпейміз?» деген және басқадай сұрақтарға жауап тапқысы келеді.
Қадірлі Президент!
Сіз мақалаңызда «Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деп бөле-жара айттыңыз.
Әрине, Желтоқсанды қазір батыл түрде ұлт-азаттық көтерілісі деп қолдана бастады. Алайда, бұл сөз тіркесі бейресми баға болғандықтан, кейде жұрттың түсінбей қалып жатқан сәттері аз емес. Сол себептен Желтоқсанға «ұлт-азаттық көтеріліс» деп ресми түрде мәртебе берілуі керектігі жөнінде қоғамның көзі ашық, көкірегі ояу бөлігі тарапынан ұсыныстар айтылып, тіпті талап қоятындар да бар. Біздіңше, олардың талаптары әділетті. Иә, бұл еркіндік үшін жан алысып, жан беріскен ұлт-азаттық көтеріліс еді! Өкінішке орай, Желтоқсанға жай оқиға деп қарайтындар да арамызда жоқ емес. Оған себеп – тарихи көтерілістің саяси-құқықтық дәрежесі мен Желтоқсан қаһармандарының заңдық мәртебесі берілмей отырғандығы. Бұл сонда не – дәрменсіздік пе, немқұрайлық па? Әйтпесе, көтерілістің тарихи орны, ғылыми мәні, саяси бағасы анықталатын уақыт әлдеқашан болды емес пе?! Мұндағы басты мәселе – «Тәуелсіз еліміз неліктен Желтоқсан көтерілісін тиісті деңгейде көтермейді?», «ондаған мың қазақстандықтардың жаппай патриотизмі мен батырлығы, отаншылдығы өзіміздің билік тарапынан неліктен мойындалмайды?» деген сұрақтар төңірегінде болып отырғанын бағамдап отырған шығарсыз. Рас, осы оқиғаға белсенді қатысушылардың бірі Қ.Рысқұлбековке халық қаһарманы атағы беріліп, ерлігі жоғары бағаланды. Бірақ Желтоқсан көтерілісі – жалғыз Рысқұлбеков емес қой. Ол ондаған мың адамның қиын тағдыры, трагедиясы. Ендеше, өздерінің қатыгездікпен жазаланатынын біле тұра партиялық-жандармдық режимге қазақ елінің тәуелсіздігі, мүддесі мен ұлттың ар-намысы үшін тайсалмай қарсы тұрған ондаған мың жастарымыздың ерлігіне осы 30 жыл ішінде неге тиісті бағасы берілмеген деген сұрақ көптің көкейін мазаламай тұрмайды.
Қазақпен бірге басқа этностар да қатысқан
1986 жылғы Желтоқсан халық наразылығы ешқандай да «қазақ ұлтшылдығы» емес еді, оны ойдан шығарған, кейін айналымға түсірген сол кездегі билік номенклатурасы болатын. 70 жыл бойы «интернационализмнің алтын ұясы, мызғымас ұлы достықтың лабароториясы» аталып келген Қазақстан бір-ақ күнде «әсіре ұлтшыл» халық болып шығуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Бірақ, сол сәтте басқаларға сабақ болу үшін Қазақ көтерілісін «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде көкрсету керек болды. Қазақ жастарының бұл наразылығы орыс немесе елімізде тұратын басқа ұлттарға қарсы бағытталмағаны күмәнсіз. Осы жайтты жақсы түсінген біздің көп ұлтты халқымыз ұстамдылық танытып, сол кездегі билік тарпынан бір-біріне қарсы қоймақ болған сан түрлі арандатуларға ермеді, бойын аулақ ұстады. Мысалы, Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңда ұсталған 2400 адамның 25-орыс, 18- ұйғыр, 10-татар, 7-қырғыз, 4-өзбек, 4-кәріс, башқұрт, шешен, украин, тағы басқа ұлт өкілдері туралы айғақ болатын дәлелдер көп. Алайда, билік Желтоқсанды «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде көрсету үшін Желтоқсаншылардың жағына шыққан басқа ұлт өкілдерінің тізімін жасырып қалды. Қысқасы, қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылып, партия-комсомолдық шара қолданылғандар мен оқу орындарынан, жұмыстан шығарылғандар, соққыға жығылғандар арасында басқа ұлт өкілдері аз болған жоқ. Осы фактінің өзі-ақ Желтоқсанның ұлтшылдық сипатта болғанына дәлел болады. Көтерілісшілердің алаңға шығу себебі – Мәскеу ұлықтарынан саяси және әлеуметтік әділеттілікті талап ету болды, яғни қазақ елінің намысын, еркіндігі мен дәрбестігін қорғау мәселесін басты мақсат тұтты. Осы жерде айтып кетуге тиіс бір нәрсе, алаңда немесе алаң сыртында опат болған, жарақат алған желтоқсаншылар мен милиционерлер, солдаттар барикаданың қай жағында жүргеніне қарамастан, олар да сол кездегі партиялық-жандармдық солақай саясаттың құрбаны болған еді. Көпшілігі бұйрықты орындауға мәжбүр болды. Бұл жөнінде зерттеу материалдарында жеткілікті дәлелденген.
Шыны керек, Желтоқсан көтерілісі тек қазақ ұлтының ғана емес, барлық ниеті түзу қазақстандықтардың көзін ашты, оларды іштей біріктіре түсті. Қазақ иманды, қайырымды халық, жолдасын жолда қалдырмайтын халық. Достыққа адал, төзімді, бойына басқа да асыл қасиеттер жинақтаған. Оған өз ағамыз өзбектің «Досың болса, қазақтан болсын!» деген сөзі дәлел. Мұны неге айтып отырмыз? Себебі, Желтоқсан оқиғасына шындықпен азат қоғам, тәуелсіз ел, жаңаша көзқарас тұрғысынан баға беру, бұл – Қазақстанның автохонды халқы мен осында тұратын басқа этностар арасындағы қажетсіз сынаны алып тастауды, теріс пиғылдан сақтануды қамтамасыз етеді, сонымен бірге мемлекет аясында жүргізіліп отырған ұлтаралық саясаттың заңды жалғасы әрі қоғамдық келісім тетіктерін одан әрі нығайту сияқты асыл мұраттарымызға жетудің айғағы болады деп ойлаймын. Және имандылық, қайырымдылық актісіне қадам жасалады деген сеніміміз бар. Дәлірек айтқанда, осы оқиға құрбандарымен бірге сол кездегі қызметтік және қоғамдық міндеттерін асыра пайдалану мен теріс түсіну салдарынан білместікпен жаңылыс басқандардың да ақиқат, ішкі-сенім алдында мойынсұнып, кешірім сұрау, арылу, татуласу актісіне жол ашатыны сөзсіз. Мұны істеу қанша ауыр болса да бұл қайшылықты қиын түйінді келесі ұрпақтың еншісіне қалдырмау керек деп ойлаймыз.
Халықаралық стандарт бойынша баға берілсе…
Желтоқсан көтерілісі КСРО-да өмір сүретін басқа да ұлттар мен ұлыстардың еркіндікке ұмтылысының бастамасы болды. Көтерілістен кейін көп уақыт өтпей Варшава блогына ұжымдасқан социалистік лагерь тарады. Әлемде жаңа тәуелсіз мемлекеттер өмірге келді. Ал, бұл бастама, жоғарыда айтып өткендей, әлемдегі күштердің арасалмағы демократия пайдасына өзгеруіне жол салды. Алайда, әлем осы өзгерістердің бастауында Қазақстан тұрғанын мойындай ма, мәселенің мәнісі осында. Ол үшін біз алдымен оны өз елімізде ресми мойындап, халықаралық стандарттар бойынша толық және түбегейлі баға беруді қамтамасыз етуіміз керек. Мысалы, біздің билік Желтоқсан ақиқатын айтуды сөзбұйдаға салып созып жүргенде ЮНЕСКО жанынан әр ширек ғасырда бір шығатын «Дүниежүзілік тарих» деген анықтамалықта «КСРО тоталитарлық жүйесіне тұңғыш рет қарсы шығып, мінез көрсету Тбилиси мен Вильнюстен басталған» деп жазылып кетіпті. «Империялық метрополияға қарсы тұңғыш бас көтеру акциясы 1986 жылы желтоқсанда қазақ елінде болған» деп оларды қалай сендіресің?.. Өйткені қазақтың империяға қарсы тұңғыш бас көтеріп, Қазақстанның дербестілігі мен тәуелсіздігін талап етіп көтеріліске шығуын өзімізден бастап, әлі бір де бір ел ресми мойындаған жоқ. Ал, беделді халықаралық қауымдастықтың көзге көрініп тұрған тарихи фактіні мойындауы, сөз жоқ, Қазақстанның беделі мен қадір-қасиетін одан әрі арттыра түсер еді. Олар мойындау үшін Желтоқсанның заңдық мәртебесі алдымен өзімізде айқындалып, ресми мойындалуы қажет.
Өзі қолдан ұйымдастырып, саяси-моральдық зардабына әділ бағасын бермеген күйі Кеңес өкіметі келмеске кетті. Бірақ, сол қоғамның қасіретін шеккендер, жалған айып тағылып сотталғандар, оқудан, жұмыстан шығарылғандар, моральдік қысым көргендер әлі арамызда тірі жүр, Желтоқсанда жіберілген қателіктерге әділ баға берілуін және заңның шығуын ең алдымен күтіп отырғандар – солар. Желтоқсан құрбандарының, жазықсыз қиянат көргендердің туған-туыстары.
Тарих беттерін парақтасақ, қазақ өзінің ұзақ тарихында еркіндік үшін талай мәрте қанды қырқысқа түскен халық. Соның бірі және ең аяулысы 1986 жылы Алматыда болған жастар көтерілісі. Көтерілістің себебін біржақты қарап, бір сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Өйткені бұл сонау ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан азаттық үшін күрестің – ұлы тарихымыздың бір бөлшегі. Сондықтан Желтоқсан мәселесіне бір адамның, не жеке бір ұйымның айналысатын шаруасы сияқты қарамай, бұл іске мемлекет араласуы керек деп есептеймін. Басты мақсат – қазақ халқының жаппай ерлік пен қаһармандық жасағанын танып, соған орай толық және түбегейлі баға берілуіне қол жеткізу. Сөйтіп көтерілістің рухын көтеру, ерлігін насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың жүрегіне жеткізу, олардың отансүйгіштік қасиетін көтеру, тәрбиелік мәнін ұлықтау, осы арқылы қазақстандықтарды гуманистік-адамгершілік және рухани-идеологиялық негізде бір мақсат, бір тіл, бір ту астында жұдырықтай жұмылдырып, ерлік істерге баулып, болашақ жеңістерге қарышты қадам жасау.
35 жылдыққа байланысты іс-шаралар жобасы
Сондықтан біз мыңдаған-миллиондаған қазақстандықтар мен кешегі қан кешкен желтоқсаншылардың атынан Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Желтоқсан-1986 көтерілісінің 35 жылдығына байланысты атқарылуға тиіс бірқатар іс-шаралардың жобасын ұсынамыз және оған Сіз қолдау көрсетеді деп сенеміз.
- Қазақстанда 1986 жылы болған Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арналған іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия құру. Бұл аталған тарихи күннің маңызы мен мәнін лайықты көрсету және саяси-құқықтық мәртебе беру үшін Мемлекеттік хатшыны немесе Парламент палаталары спикерлерінің бірін комиссия төрағасы етіп тағайындауды ұсынамыз. Комиссия құрамына парламент депутаттары, зерттеуші-ғалымдар мен журналистер, мемлекеттік емес ұйымдар және желтоқсаншылардың өкілдерін енгізу;
- Желтоқсанның 35 жылдығын лайықты қарсы алу, сондай-ақ қазақстандықтардың жаппай патриотизмі мен қаһармандығын тиісінше насихаттау үшін комиссияға халықаралық ауқымда ұйымдастырушылық, заңдық, тәрбиелік және мәдени іс-шаралардың кешенді іс-жоспарын әзірлеп, Үкімет қарауына енгізу;
- Желтоқсанның 35 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру үшін Үкімет комиссияға мемлекеттік қордан немесе қосымша бюджеттік түсімдерден жеткілікті дәрежеде қаражат бөлу;
- Комиссияның ұсынысы бойынша бұл іске тарихшы-зерттеушілерді, заңгерлерді тарту, сондай-ақ қажетті заңнамалық актілерді қарау және тиісті шешім қабылдау. Оның сыртында КСРО заманында қабылданған, ақырында жаппай қуғын сүргінге негіз болған (қылмыстық негізі болмаса) кез-келген актілердің күші жоқ деп тану;
- Қазақстан бойынша Желтоқсан көтерілісі барысында биліктен қуғын-сүргін көргендер мен құрбан болғандар, одан кейінгі кезеңде соның зардабынан қаза тапқандар мен жапа шеккендерді реті келгенше түгел тізімін жасап, жәбірленушілердің барлық санаттағы түрлерін жан-жақты анықтау, кейін оның нәтижесін халыққа кеңінен жариялау;
- Комиссияның ұсынысы бойынша, халықаралық деңгейде ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып, Желтоқсан көтерілісінің тарихи орны мен рөлін жан-жақты талқылап, анықтау;
- Осы жылдар ішінде айтылған халық пікірлері мен отандық және шетелдік зерттеушілердің дәлелдерін негізгі алып, оқиғаға «Қазақстан тәуелсіздігі үшін болған ұлт-азаттық көтерілісі» деген ресми баға беру, ал оған қатысушыларға Қазақстанның еркіндігі мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер деп тану және олардың құқықтық мәртебесін нақты айқындау;
- Комиссияның ұсыныс бойынша, ұлт-азаттығы жолында күрескендер халыққа кең жария болуы үшін көтеріліс барысында және одан кейінгі кезеңде ерекше батылдықпен көзге түскен азаматтарға арналған арнайы заң қабылданып, жоғары мемлекеттік марапаттармен атап өту;
- Қазақстанның дербестігі мен тәуелсіздігі жолындағы күресте саяси репрессияға ұшыраған азаматтарға жәрдемақылар төлеу, басқа да түрлі жеңілдіктер жасауды қарастыру;
- Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігін насихаттауды қолға алу. Мысалы, не жоғары оқу орындарында, не мектептерде көтерілістің тарихи орны, рөлі, мән-мағынасы жөнінде бір ауыз сөз айтылмайды. Оқулықтағы мәтіндер де мардымсыз. Сондықтан бұл орайда ең алдымен уақытқа сай, азат қоғам, тәуелсіз ел, жаңа көзқарас тұрғысынан Желтоқсанның іргелі тарихын жасау, оның ғылыми тұжырымдамасын, ұстанымы мен методологиясын айқындау, бекіту мәселесін назарда ұстау, соның негізінде оқулық жазуды қолға алу;
- Желтоқсанға қатысқан азаматтар туралы көркем, деректі фильмдер түсіру, көтерілісті бүкпесіз жыр ететін туындыларды, естеліктерді мемлекеттік тапсырыспен кітап етіп шығару;
- Болашақта мұндай саяси репрессиялар қайталанбауы үшін КСРО кезінде өз халқына қиянат жасау науқандарына қатысқандар қазіргі Қылмыс кодексіне сәйкес «ар сотына» тартылып, сот шешімдері БАҚ арқылы халыққа кеңінен жариялауды қамтамассыз ету тапсырылсын.
Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Таяуда жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалаңызда («Egemen Qazagstan», 5 қаңтар 2021 ж.) бұл мәселеге қатысты өз сөзіңізді шегелеп айтып өтіпсіз. Сіз мақалаңызда Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі туралы сөз ете келіп, «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуы тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» деп тұжырымдама жасапсыз. Біздіңше, бұл – өте өзекті және жұрттың көкейінде жүрген мәселе еді. Соны жүзеге асыру Сіздің талқыңызға түсіпті. Олай болса, биыл 35 жылдығы өткелі отырған Желтоқсан көтерілісі де заманында талай тепірішті көрген Қазақстан тарихының құрамдас бір бөлігі ретінде ұлттық мүддеге сай, азат қоғам, жаңа көзқарас тұрғысынан лайықты бағасын алады деген үмітіміз бар.
Қазақ – тәуелсіздік үшін ғасырлар бойы күрескен, мың өліп, мың тірілген жанкешті халық. Бұл күрес 1986 немесе 1991 жылмен аяқталған жоқ. Қазір де әртүрлі бейнеде, әр қилы қалыпта жалғасын тауып жатыр. Керек десеңіз, қазіргі күрестің өз ерекшеліктері бар. Қауіпті жағы да аз емес. Бұл ретте, біз ең алдымен, азаматтарымыз бен жас ұрпақтың тарихи санасын, ұлттық жадын, заманауи тәуелсіз көзқарасын нығайту жолында күрес жүргізуге тиіспіз. Көптеген қазақстандық азаматтар үмітпен күтіп отырған бұл түйінді мәселенің өз шешімін табу-таппауы бейбітшілік пен демократиялық қатынастарды ту еткен біздің Тәуелсіз еліміз үшін үлкен сын болмақ.
Сондықтан аса құрметті Президент мырза, жоғарыда тиянақты сөз болған біздің ұсыныс-тілегімізді оң қабағыңызға алып, қолдап, мәселені жүзеге асыруда жол көрсетіп, жауапты орындарға пәрмен беруіңізді сұранамыз және Сіздің араласуыңызбен мәселенің түйіні оң шешімін табады деп сенеміз. Сізден еліміздің бірінші басшысы және патриоты ретінде үлкен саяси батылдық күтеміз!