Жеңіс бізге оңай келген жоқ
Биыл Ұлы Отан соғысына 77 жыл толып отыр. Жыл өткен сайын соғыс ардагерлерінің легі азайып бара жатыр.
Ұлы Отан соғысының жеңісі бізге оңай келген жоқ. Оны жұрттың бәрі біледі. Мың сан адам өмірін жан пида қылды. Төрт жыл бойы оқ пен оттың ортасында жүру оңай деймісің?
Сол жылдары еліміздің тұрмысы қандай болды? Біз соғысты көргеніміз жоқ, көрмей-ақ та қоялық.
Бірақ ата-әжелеріміздің аузынан естідік, көркем әдебиеттен оқыдық. Тіпті теледидардан соғыс туралы кино көрсең жаның түршігеді.Жеңіс бізге оңай келген жоқ.
Міне, осындай жеңіс мерекесінде ерлік пен еңбек қатар ұлықталады. Бүгінде Қаратаудағы ең қарт тыл ардагері 102 жасқа келген Патима Айтуова апамыз.
Соғыс жылдары ер азаматтар қолына қару алып қан майданда жүрсе Патима апамыз кетпен ұстап қызылша даласында тер төккен. Озат еңбеккер ретінде үш мәрте депутаттыққа да сайланған.
Ұлы Жеңіс мерекесінде ғасырдан да ұзақ жасаған апаны Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек арнайы құттықтады. Он бір құрсақ көтеріп, кенжесінің шаңырағында бақуатты ғұмыр кешіп отырған апа алғысын білдіріп, батасын берді.
***************
Мария Бурулева Жеңістің 77-ші көктемін қарсы алып отырған Талас ауданы бойынша жалғыз соғыс ардагері. 1926 жылы дүниеге келген Мария Лаврентьевна майдан даласына 1944 жылы аттаныпты.
Ол онда медбике ретінде жау оғынан жараланған талай солдаттың қайта сапқа қосылуына үлес қосқан. Соғыстан кейінгі жылдары Қаратау қаласындағы сүт зауытында ұзақ жылдар еңбек еткен.
Соғыстың соңғы куәгерін аудан басшысы Қанатбек Мәдібек арнайы барып құттықтады. Қанатбек Қайшыбекұлы ардагерге соғыстағы ерлігі және бейбіт өмірдегі еңбегі үшін алғысын білдіріп, зор денсаулық тіледі.