Жеңіс Қасымбек: «Еңбек ұжымдарының өтініштері  назардан тыс қалмауы тиіс»

Өнеркәсіптік қауіпсіздік және ірі кәсіпорындардағы жабдықтардың тозу дәрежесінің жоғары болуы мәселесі өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің Қарағанды облысы әкімдігінің онлайн режиміндегі отырысында көтерген басты мәселелердің бірі болды.

– Өнеркәсіптік қауіпсіздік – басты мәселе, – деп атап өтті ол. – Жыл сайынғы жарақаттану, өлім жағдайлары. Индустрия Министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп, әрбір шахта, әрбір кеніш, әрбір зауыт бойынша толық талдау жүргіземіз. Бұл бүкіл өңірдің кәсіпорындарына қатысты.

Сондай-ақ, облыс әкімі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі жұмыстарының қарқынына наразы болды.

– Теміртау тұрғындары нәтижені көрмей отыр. Шығарындылар саны қашан және қанша төмендетілетіні туралы міндеттемелерді қабылдамадыңыздар. Мен мұны өте байыпты қабылдауыңызды сұраймын. Биылғы жыл бетбұрыс болуы тиіс деп есептеймін, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ ірі кәсіпорындар орналасқан қалаларда әлеуметтік нысандар салу бойынша меморандумдарға қол қойылады.

«Қазақмыс» корпорациясы басшылығына жолдауында өңір басшысы қаңтар айында жұмысшылар көтерген мәселелер бойынша оң динамиканы атап өтті. Қазірдің өзінде жалақы өсті, бірақ кеншілер мен металлургтердің басқа да бірқатар талаптары орындалмай отыр. Олардың барлығы қатаң бақылауға алынуы керек.

– Жергілікті жерлердегі әрбір әкім және әрбір кәсіпорын еңбек ұжымдарымен жұмыс жүргізуі тиіс. Ұжымдардың өтініштері назардан тыс қалмауы керек. Біз кәсіпорын қызметкерлерін естуіміз керек, – деді өңір басшысы.

 

Жомарт Шаймұрат