ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ – ЖАСТАРҒА МОЛ НЕСІБЕ
Шымкент қаласында жеке кәсібін ашып, бизнесін дамытқысы келетін жас кәсіпкерлерге арналған шағын несие қаражаты толық игеріліп бітуге таяу. Бүгінгі таңға 462 өтінім қаралып, 262 азамат комиссияның оң шешімін алды. Бұл туралы жеңілдетілген несие беру бойынша кезекті комиссия отырысында мәлім болды. Жобалары мақұлданған азаматтардың басым көпшілігі өз кәсіптерін ашып, табыс табуда.
Жастарға қолдау көрсетуге бағытталған бағдарлама 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды. Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады. Кепілге қоятын мүлік болмаса кепіл берушіні тартуға болады. Сыйақы мөлшерлемесі 2,5% құрайды.
Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген, ол микрокредиттеу мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Мүмкіндікті пайдалану үшін қажетті құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет. Ол Шымкент қаласындағы филиалы Қонаев даңғылы, 3/3 мекенжайы бойынша орналасқан.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ
КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ