ЖЕҢІМПАЗДАР ФОРУМЫ
21 наурыз күні Елбасымыз этно-ауылды аралап көріп, Жеңімпаздар форумына қатысты.Этно-ауылда концерттік бағдарлама, театрландырылған көріністер, спорт сайыстары, колөнершілер ауылы мен ұлттық салт-дәстүрді таныстыру шаралары ұйымдастырылды. Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, бақыт пен бақ-береке тіледі. Осынау ізгі мереке Парламент сайлауын өткізу шарасымен қатар келді. Қазақстандықтар бір үйдің баласындай тұтастығын көрсетті. Халқымыздың осы бірлігі мызғымайтын болсын. Біздің жасап жатқанымыздың бәрі қазақстандықтардың кейінгі ұрпағына мұра болып қалады. Біздің болашаққа апаратын жолымыз зор жетістіктер мен Тәуелсіздігіміздің игіліктері арқылы жарқырап тұратын болсын. Барша табиғат жаңарған Наурыз мерекесінде адамдар әрдайым бір-біріне деген өкпе-ренішін кешірген, мұқтаждарға көмектескен, бақыт тілеп, ағаш отырғызған және бұлақ көзін ашқан. Халық бұл күні тілеген тілектер міндетті түрде орындалатынын айтады. Мен әрбір шаңыраққа бақыт, шаттық шуағын және бар жақсылықты тілеймін, – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан Президенті форумға қатысушыларға арнаған сөзінде халықты «Нұр Отан» партиясының Парламент Мәжілісі сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
Сайлауға қатысу көрсеткіші 77 пайыздан асты, қазақстандықтардың 82 пайызы «Нұр Отан» партиясына дауыс берді. Бұл – еліміз үшін рекордтық көрсеткіш. Біз бүкіл әлемге республикамызда ашық, айқын әрі әділ сайлау өтіп жатқанын, соның нәтижесінде Парламентте көппартиялы жүйе жұмыс істейтінін паш еттік. Сайлаудың өту барысын жан-жақты жазып-жариялап, әлемдік қоғамдастыққа көрсеткен шетелдік және қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне алғыс айтамын. Бұл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында қол жеткен зор демократиялық жетістігіміз. Осыған байланысты республикалық және өңірлік штаб мүшелеріне, әрбір сайлаушыға саясатымызды түсіндірген және жұртты бірлік пен болашақ табыстарға жігерлендірген сайлау алдындағы жұмысқа қатысушылардың барлығына алғыс білдіремін. Біздің ұстанған бағытымызды қолдағаны үшін барлық қазақстандықтарға рахмет. Біз біртұтас екенімізді, кез келген қиындықты еңсеріп, Қазақстанды гүлденген елге айналдыра алатынымызды көрсеттік, – деді Мемлекет басшысы.Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жастарына да сөз арнады. Мен болашақ ұрпаққа халқымыздың бірлігі мен тұтастығын сақтауды аманаттаймын. Біз Қазақстанның өсіп-өркендеп, бүкіл әлемде беделді болуы үшін тыныштық пен келісімнің негізін қаладық. Осының бәрін біз Қазақстан жастары үшін жасап жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Ел-Ана ақпарат