ЖЕР АНАНЫҢ ЗАРЫ! (Торғай өлкесіне арналады)

«… Жанкелдин ауданы аумағынан зымыран қалдықтарын құлату үшін 76 мың гектар жер 3 жылға берілетін болып шешілді…». «Қостанай таңы» газетінен.
Осы адамдар,
Жер — Ана деп әлпештейді даланы,
Онда неге қазақ жері жаралы?!
Ұлылардың тиген небір табаны,
Мен Торғаймын,
жабырқаулы қабағы!

Кім анасын жылатады,
сол қайғы!
Бар данышпан жазып кеткен,
ол жайлы!
Семей жері,
болды мұңның ошағы,
Ендігі ойы, жылату ма,
Торғайды!

Мен жыласам,
Сай — сүйегің сырқырар!
Бойыңдағы асау қаның бұлқынар!
Жүз мыңдаған киік өлді,
шар түсіп,
Құпия ол,
бірақ сырын жұрт ұғар!

Әлі есімде,
қырқа – белде, қар үсті,
Жүйткіп еді,
машинасы орыстың.
Бұлар неге ойқастап жүр,
төсімде,
Деген оймен,
қаншама жыл алыстым.

Анамын ғой,
күдік босқа кетпеді,
Билік – балам,
мұның қалай,
кек пе еді?
Зымыранның қалдықтарын құлату,
Тек қазақтың даласына,
қап па еді?!

Бұл далада өткен небір арыстар,
Ертең күнім не болады,
таныс хәл…
Қазақ жерін – сынақ етіп,
өртеуге,
Неге құмар,
неге құмар орыстар?!

Әлімжеттік көрсете ме,
оңбайды!
Біз тәуелсіз ел емес пе ек,
маңдайлы!
Олар неге жер анасын әлпештеп,
Өзгелердің аналарын қорлайды?

Осыған мен түсінбеймін,
жылаймын,
Жердің асты,
үсті байлық, бұл айқын.
Жүз елу бір миллион теңге дегенің,
Көп ақша ма,
құрақ ұшып құлайтын.

Мен көрмеген құқай аз ба,
Қарағым!
Өкпелетпе,
көп пе,
қойған талабым?!
Азаттықты аңсап өлген Кейкінің,
Басы қайда?
Бар ма одан хабарың?!

Қайда Ахмет,
Міржақыптай арысым,
Тауық болып шақырмаған тары үшін!
Ер Жәнібек батыр балам,
қайда жүр,
Тірі жанға таптатпаған намысын!

Бұл Торғайдың,
адамдары арда өскен!
Амангелді ер еді ғой ,
наркескен!
Таңатқандай балуан ұл,
қайда жүр,
Нар түйені бұрап жыққан өркештен?

Мен зарымды айтып қалам,
біле жүр,
Жер мен анаң егіз ұғым,
тұр,
егіл!
Үш жыл бойы,
қоқыс төксе кеудеме,
Менің тірі қалары ма,
кім кепіл?!

У төгілсе,
қаңыраған бел қалар,
Бектер кетсе,
қара құрым ел қалар,
Ең қиыны,
түкке тұрмас ақша үшін,
Жерің кетсе, кегің кетсе,
нең қалар?…

Нағашыбай Қабылбек